«Қайтарымсыз қаражат сүйікті кәсібімді қарыштатты» – Фудблогер
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба шеңберінде өтеусіз грант алғандар қатарында белгілі фудблогер Диана Оспан да бар. Желінің жұлдызына айналған ол көптеген асүйдің ханшайымдарына түрлі тамақ әзірлеудің қыр-сырын үйрету арқылы танылған.
5000-нан астап шәкірт тәрбиелеп үлгерген 24 жасар аспаз мемлекет ұсынған қайтарымсыз қаражаттың кәсібін қарыштатқанын айтады. Бала тәрбиесімен үйде отырған Диана алғашында жасаған тағамдарын инстаграмға қызық үшін салса керек. «Бірді-екілі жазылушылардың оң пікірі қанат бітіргендей болды» дейді өзі. Осы ретте келіншегінің тамақ әзірлеуге машықтығын түсінген отағасы тосынсый есебінде балкүлше әзірлеуді үйрететін арнайы шеберлік класына қатысуға сертификат алып берсе керек.
«Үйренген тәттілерімді пісіріп, айналамдағы көрші-қолаңға сата бастадым. Желіге салып едім, қызық артушылар саны тіпті көбейді. Мен үй жағдайында түрлі тағамдар, сусындар, жартылай фабрикаттар әзірлеп біраз таныла бастағанда, таныстарымның бірі іскер жастарды қолдау мақсатында қайтарымсыз қаражат беретін арнайы мемлекеттік бағдарлама барын айтты. «Тілегенге сұраған» деген. Себебі осы жолда арнайы кәсіп бастауға қажетті жабдықтарды алу үшін қаражат таппай қысылып жүрген едім», – дейді Диана.
Осылайша ол business.enbek.kz порталына тіркеліп, «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту» онлайн курсына жолдама алады. Өтеусіз негізде ұсынылатын 14 күндік оқудан соң болашақ кәсіпкер арнайы электрондық сертификатқа қол жеткізген. Бұдан соң талап бойынша қалған құжаттарын жиыстырып, «Адал фуд» аталымы бойынша бизнес-жобасын қорғауға мүмкіндік алған ол 400 айлық есептік көрсеткішке тең, яғни 1 225 200 теңге грантқа қол жеткізген.
Айта кетейік, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба шеңберіндегі өтеусіз грант халықты жұмыспен қамту орталықтары үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның шешімі негізінде беріледі. Грант еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, құстарды, малдарды, жануарларды, бұталарды, көшеттерді сатып алу, сондай-ақ сауда объектілерінің, оның ішінде жалға алу, пайдалану, сенімгерлік басқару құқығындағы объектілердің аумағында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған үй-жайларды жалға алу ақысын төлеу сияқты мақсаттар үшін табысталады. Ал тұтынушылық мақсаттарға, атап айтар болсақ несиелік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға және акцизделетін өнімдерді өндіру үшін берілмейді.
Осы ретте Диана шотына түскен қаржыны мақсатты түрде жұмсағанын алға тартты. Ас дайындаудың шебері мемлекет берген грантқа сөре-тоңазытқыш, мұздатқыш, қамыр илейтін миксер, ет тартқыш сатып алыпты. Жабдықтарын түгендеу жұмыс қолын жеделтеткенін айтады. Осылайша Диана тапсырыспен манты, тұшпара, котлет, самса, қамыр, жайма, қаттама, пицца, бәліш сынды жартылай фабрикаттар даярлауға бекінген. Арасында тағамның жасалу жолдарын жиі сұрайтындарға онлайн жүйе арқылы ақылы түрде шеберлік сабақтарын өткізіп, табысын арттыра түскен. Нәтижесінде Диананың желідегі оқырмандар саны бүгінгі таңда 250 мыңнан асып жығылады.
«Тағамдардың кең ассортиментін дайындауға арналған құны 500 мың теңгелік Smeg пешін алу арманым еді. Қолыма тиген қаражат осы арманыма қол жеткізуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ қазір сөре-тоңазытқышым да бар. Мемлекеттік грант осылайша қажетті техникаларды түгендеуге септігін тигізді. Сондықтан қазір қандай тапсырыс түссе де алаңсыз қабылдай беремін», – дейді.
Бүгінгі таңда блогер үй жағдайында әзірленетін халал шұжықтар жасауды қолға алған.
«Жылқының, сиырдың етіне таза құйрық майды қоса отырып, дәмді шұжықтар жасап жатырмын. Қазір соны тұтынушыларға таныстыру үстіндемін. Сондай-ақ шетінен кесіп жей беретін ысталған қазы да жасап көрдім. Осыларды нарыққа енгізу мақсатында алда тағы мемлекеттік грант алуға өтініш тапсырсам деген ниетім бар. Себебі маған оларды көп мөлшерде ыстауға арналған пеш қажет болады. Одан кейін мұндай тағамдарды үйде әзірлеуге болмайды, ол үшін арнайы цех болу қажет. Сондай-ақ жалғыз өзіме оңайға түспейтін болғандықтан, қасыма екі-үш көмекші алсам деген ойым бар. Мұның бәрі қып-қызыл қаражатқа келіп тіреледі», – дейді фудблогер.
Диана үш қаракөздің анасы екен. Арнайы аспаздық білімі жоқ. Дегенмен, біліктілігін арттыру мақсатында түрлі шеберлік сыныптарына қатысу арқылы тәжірибесін арттырған.
«Өзім қандайда бір тағам үйренсем, оның дәмі тіл үйіретін болып шықпағанша, жасай беруді доғармаймын. Сондай-ақ жасалу жолының жеңіл жағын қарастыруға тырысамын. Әбден көңілге қонымды болған кезде ғана шәкірттеріммен бөлісемін. Нәтижесі сол менің мәзірімдегі астың түрлерін бесінші сыныптың қыздары да еш қиындықсыз әзірлей алады», – дейді.
Еске сала кетейік, Дианадай жастардың тіршілігін дөңгелетуге сеп болған 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаға жыл басынан бері 444,2 мың адам қатысқан. 300,6 мың адам жұмыспен қамтылса, оның 152,2 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан. Биылғы жылы Ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру мақсатында 9 мың грант беру жоспарланған.