26 Қазан 13:27

Қайрат Исхан: Қазақ жылқысының тұқымдық ерекшеліктері жойылып барады

Фото:

Ауыл шаруашылығын бірнеше бағытқа бөлсек, мал шаруашылығының алар орны ерекше. Оның ішінде жылқы өсіру, санын көбейту мен тұқымын асылдандыру тақырыбы БАҚ-та жиі жазыла бермейді. Nege.kz тілшісі Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, жылқытанушы ғалым Қайрат Жәлелұлымен сұхбаттасып, біраз жайтқа қанық болды. 

– Қайрат аға, ауыл шаруашылығы саласын, оның ішінде мал шаруашылығын бір кісідей білесіз. Оның дамуын ілгерілету үшін қандай ілкімді істер атқарылуы керек?

– Ауыл шаруашылығы – үлкен саланың бірі. Тіпті, мал шаруашылығының өзін бірнеше тармаққа бөлеміз. Мен соның ішінде жылқы шаруашылығын зерттеумен айналысамын. 20 жылдан астам уақытым «қайтсек  қазақ жылқысын келер ұрпаққа аман-сау жеткіземіз» деген сауалға жауап іздеумен өтті. Жылқы шаруашылығы жайлы айтсақ, оның осы күні бір күрделі мәселесі бар. Қазақ даласындағы жылқы саны – 3 миллион 148 мың бас. Статистика агенттігі таратқан мәлімет осындай.

Жылқы санының өсімі байқалса да, сапасы кереметтей емес. Осыны дамыту үшін республика көлемінде арнайы палаталар құрылған. Оның бірі – Алматы қаласында орналасқан «Заводтық жылқы тұқымдары», екіншісі – елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жергілікті жылқы тұқымдарын асылдандыру» деген палата. Одан кейін жылқы шаруашылығы туралы ассоциациялар бар. Жуырда, Павлодар облысында жылқышылар қауымдастығы құрылды. Олар қараша айының 5-і күні халықаралық конференция өткізбек. Міне, осы жұмыстың бәрі жылқы тұқымын асылдандыруға бағытталған.

– Негізгі мәселе неде?

– Мәселе неде деген сауалға келсек, жылқы өсірушілер ешқандай субсидия алмайды. Сатып алған айғырға кезінде 100 мың теңге берілді. Жылқыны өсіріп, тұқымын асылдандырған шаруаға емес аталған қаржы сатып алушыға табысталды. Мәселен, 5 айғыр батыстан шығысқа сатылса, мемлекет сатып алушыға 500 мың теңге төледі. Ол енді жем-шөбі мен жолға кеткен шығындарын жабатын.

Басқа мал шаруашылықтарын алсақ, төрт түліктен бастап, шошқа шаруашылығына дейін субсидия төленеді. Ал, қазақтың ұлттық, ата-бабадан келе жатқан жылқы шаруашылығына келгенде мемлекет қаржыны қысып қалып отыр.

Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбе облысының әкімдігі жергілікті бюджеттен Мұғалжар жылқы тұқымын асылдандыруға 40 мың теңге төлеуді бастады. Бұл – облыс деңгейінде ғана шешілген мәселе. Ал, республика деңгейінде бұл мәселе шешімін таба қойған жоқ. Жылқы өсірушілердің жиі айтатын ұсынысы осы.

– Субсидия мәселесі мінберден айтылып, жалпы тақырып көтеріліп жүр ме?

–  Жоғарыда айтып өткенімдей, қараша айында Павлодар қаласындағы Торайғыров университетінде өтетін ғылыми конференцияда осы мәселе көтеріледі. Жылқы шаруашылығы қауымдастығы мен Торайғыров университеті ұйымдастырып жатқан шарада «жылқы сапасын арттыру», «қазақ жылқысының мәртебесін қалай көтеруге болады» деген сауалға жауап іздейміз. Жылқыға субсидия беру тақырыбы бірнеше жылдан бері республикалық, облыстық, аудандық БАҚ-та айтылып, жазылып та жүр. 

Бізге жылқы жайлы сөз қозғағанда өткен шақпен сөйлеуден арылу керек. «Жылқыға неге субсидия берілмейді?» деген сауалға жауапты мекемедегілер санасында «Жылқы жыл он екі ай өз-өзін асырай алады, далада жүреді, оған көп шығын кетпейді, экономикалық жағынан иесіне тиімді» деген түсінік қалыптасып қалған. Өзге түлікке қарағанда, жылқының төзімдірек екені рас, солай екен деп оған көңіл бөлмей қоюға болмайды. Себебі, жаңа айтқанымдай, оның сапасы төмен, тұқымдық ерекшеліктері, қасиеттері жойылып бара жатыр.

Жабы типтес түрі немесе салт мініске арналған тауға да ойға да төзімді түрі жойылып барады. Өйткені қан алмастыру, қан араластыру деген жоқ.

Шаруалар айғырды шығыстан батысқа, батыстан шығысқа алып бара бермейді. Шаруашылық өзінің айғырларымен ғана қалғандықтан, инбридингтік жүйе болып кетеді де, жақын туыстар бір-бірімен шағылысады. Осыдан кейін мәстек, бойы аласа, арық әрі семірмейтін жылқылар туылады. Осыны жолға қою үшін мемлекет тарапынан жүйелі көмек қажет-ақ. «Жылқы өзін-өзі асырайды» деп бір жақты қарауға болмайды.  

– Жылқы өзін-өзі асырайды дегенге келсек. Еліміздің оңтүстігіндегі халықтың басым бөлігі егін шаруашылығымен айналысады. Жайылымдық жер жоқ. Олар сонда жылқы асырамау керек пе? 

– Дұрыс сұрақ. Басында 3 миллионнан астам жылқымыз бар деп айттық қой. Соның 95, тіпті 98 пайызы қазақтың жергілікті жылқы тұқымы деп есептеледі. Олар қысы-жазы тебіндеп жайылады. Аймаққа байланысты жылқының типтері, ерекшеліктер бар. Мысалы оңтүстіктегі басқа тұқыммен асылданып, будандасып кеткен. Сондықтан олар көбіне қолға ұсталады. Бір жағы егіншілік болғасын жайылымға жібере алмайды. Ал енді ШҚО, Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе облыстарында, түгел БҚО-да жылқылар тебіндеп жайылып жүреді.

Біздің өсіріп отырған жылқыларымыз қазақтың байырғы жылқы тұқымы санатына жатады. Себебі біз жылқы классификациясын бөлгенде таулық, далалық, ормандық, зауыттық жылқы деп өсіру бағытына қарай бөлінеді. Біздің өсіріп отырған 3 миллион жылқының көпшілігі далалық жылқыға жатады. Біз өзімізді «Ұлы дала халқы» десек, жылқымыз да – ұлы даланың жылқысы. Өйткені біздің аймақ негізінен даладан тұрады. Олар да соған бейімделген. Осының енді генефондын жоғалтпау, әрі қарай дамыту шаруашылық пен ғалымдардың бірлесіп істейтін шаруалары. Сондықтан бір жағы мемлекет басқа малға төлеген субсидиямен жылқы өсірушілерге көмектессе дейсің. Бірақ, бір қызығы, біз егемендік алған 1991 жылы Қазақстан Республикасында 1,5 миллиондай жылқы болған, 1997-1998 жылы жылқы саны 700-800 мыңға дейін түсіп кетті. Бір жағы аумалы-төкпелі заман болды. Енді содан бергі уақытты есептесең, жылқы басы 3 миллионға жетті. Өсім бар, ендігі жұмысты сапасына бағыттау керек. 

– Мені ғана емес сапаға қатысты мына сауал біраз адамды мазаласа керек: Ағылшын жылқысының, араб жылқысының, түркімен ақалтекесінің атын-затын әлем біледі. Қазақ жылқысы, жабы типі деп жатырмыз ғой. Қазақ жылқысы неге әлі брендке айналмады?

–  Ағылшын таза текті жылқысын әлем мойындайды. Бірақ, оның селекциялық жұмысын жүргізуге 300 жыл уақыт кеткен. Ал біздің ата-бабадан келе жатқан жылқымызды дамытып оны көрсету әркімнің де арманы. Ол экономикаға әсер етеді. Неге бренд бола қоймады деген өте күрделі әрі қызықты сұрақ. Қазақ жылқысының генінің өзі – бренд.

Археолог ғалымдар Ботай қорымынан табылған жылқы сүйектерінің гистоанализін жасап, жылқы әлемге Орта Азиядан, оның ішінде Қазақстаннан тарағанын дәлелдеді. Енді біздің селекционер зоотехник ғалымдар зерттеп, селекциясын асылдандыру үшін еңбек етуде.

Кеңестік кезеңде қазақ жылқысының бағытын анықтап, сол бағытта ғана дамытқан. Яғни, етті әрі сүтті бағыттағы жылқы деген көзқарас қалыптасқан. Сол кездегі ғалымдардың барлығы өнімді бағыт болғасын «жабы типі» деп типке ғана бөліп, «қазақ жылқы тұқымы» деген сөзді алғызып тастауға тырысқан. Қазақ жылқы шаруашылығының кеш дамып келе жатқанын осыдан да байқауға болады.

Егемендікті қайтып алғалы 30 жыл болса, Қазақ елі сонау Керей мен Жәнібек  ханнан бері Қазақ елі қалыптасты деп алғанның өзінде, 1920 жылы Алашорда партиясы құрылған кезде Қазақты Кеңестік өкімет «Қырғыз-Қисақ» деп атап, Қазақ дегізбеген. Сол «Қазақ Республикасы» болу үшін Әлихан Бөкейханұлы бастаған Алаш зиялылары Ленинге хат жазып жүріп «Қазақ автономиялық» республикасын құрады. Одан кейін Қазақ КСР, кейіннен егеменді Қазақ Республикасы болдық. Осының арасында қазақ жылқы тұқымы түсіп қалып тұр.

Қараңызшы, әлемдегі жылқы тұқымының регистрында 200-ден астам жылқы тұқымы болса, оның ішіне қазақ жылқы тұқымы кірмей қалған. Моңғол тұқымы, ағылшын жылқы тұқымы бар, ал қазақ жылқы тұқымы жоқ. Енді біз сол санатқа қосылу үшін үлкен жұмыс істеуіміз керек.

Бір жағы қазақ жылқысына «тек етті, сүтті бағытта» деп қарау – қате түсінік. Міністі, керек десеңіз, жорға да керемет дамыған. Оның бәрі тарих беттерінде, ауыз әдебиеттерде айтылады. Қазір ұлттық бәйгелерде жорға жарысын ұйымдастырамыз, сол жерлерде жорғалап мәреге жететін жылқылардың дені қазақтың жорғалары емес. Оларды «руский ирсак» дейді, орыстың желісті жылқыларын, орлов желісті жылқыларын біздің ұлттық бәйгеде «міне, жорға жылқы өтті» деп шатыстырады. Шын мәнінде осының өзі үлкен ғылыми жүйе. Қазақ жылқысын қалай дамытамыз осыны санаға сіңіруіміз керек. Одан кейін біздің міністі, жүрісті, ұшқыр, төзімді жылқыларымыз бар екенін айқындауымыз керек. 

 – Осы жылғы қуаңшылық жылқы шаруашылығының дамуына әсер етті ме?

– Қазақ «жұт жеті ағайынды» деп айтады ғой. Жұттан құдай сақтасын. Әйтсе де, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында қуаңшылықтың қаншалықты ауыр соққы әкелгенін БАҚ-тан көріп, естідік. Бұл, бәлкім, сол өлкелердегі мал шаруашылығына тиген жұт шығар. Қазір қайта оңалды ма ол жайлы білмедім. Бірақ, бір ескерілмеген нәрсе ауа райының тосын мінезін соңғы, заманауи технологиялар арқылы анықтауға болар еді. Жауын жаумаса, өзен сулары тартылатынын жергілікті әкімдіктер шаруаға ескерту керек еді. Бәлкім, олар ертерек мал басын азайтып, асырай алатын бөлігін қалдырар ма еді?! Шаруашылық мамандары, ғылыми өндіріс пен ауыл шаруашылығы бірлесіп жұмыс істесе, бұл тығырықтан шығады деп ойлаймын. 

(Жалғасы бар – ред.)

Тегтер: