Қайрат Балабиев: «Әкім сайлауы екі жаққа да бірдей жауапкершілік жүктейді»
2023 жылдың саяси жаңалығы әрі жаңашылдықтың көрінісі ретінде 5 қарашада өткен аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы болды.
Тұңғыш рет пилоттық режимде өткен іс-шара депутаттардың да назарында болғаны белгілі. Осы ретте біз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Балабиевтен сұхбат алған едік.
– Қайрат Рахымұлы, қарашада 42 аудан мен облыстық маңызы бар қалаларда әкім сайлауы өтті. Осы сайлаудың маңыздылығы туралы айтып бересіз бе?
– Бұл бірінші кезекте ауылдар мен қалалардың дамуы мен жергілікті тұрғындар үшін маңызды. Адамдар дұрыс әкім таңдауды үйренеді, әрі демократиялық көзқарас қалыптасады. Егер сайланған әкімдер сайлаушылардың үдесінен шықса, халықта сайлауға деген сенім пайда болады. Бір ел, бір мүдде әр санада жаңғырып тұрса, жаңа Қазақстан жаңаша көзқарастағы адамдардың араласуымен құрылады. Сайлау қоғамға тың серпін беруімен маңызды болады.
– «Сайлау туралы» Конституциялық заңның нормаларына сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау алғаш рет мәслихат бекітіп берген жерлерде пилоттық жоба ретінде жүзеге асты. Сайлау біз күткендегідей өтті ме?
– Түркістан облысы бойынша бірқатар аудан және ауыл әкімдері жаңадан сайланды. Әркім өз таңдауын жасады деген ойдамын. Сайлау деген белсенділік пен бәсекелестікпен өтуі керек. Әзірге нәтиже жаман емес, жемісін бірер жылда көреміз. Сайланған әкімдерге берілген мерзім ішінде өз жұмыстарын көрсете алса, сайлаудың нәтижелі өткенінің белгісі осы.
– «Жергілікті тұрғындардың әкімді өзі таңдап, өзі сайлауы – демократиялық қоғамға талпыну» деген пікірді естідік. Осы ретте сіздің пікіріңіз қандай?
– Кез келген реформа жаңғыру үшін жасалады. Әкім сайлауы қоғамның демократиялық жаңғыру жолындағы бір белесі. Ауыл адамдарының әкім сайлауына белсене қатысуы – демократиялық қоғамға талпынысы емес пе?
– Саяси реформалар аясында бағыт алған еліміздің сайлау жүйесін жетілдіру жұмысы қандай нәтиже берді?
– Президенттің саяси реформалары асқан байыппен жасалып жатыр. Реформаны қоғамға енгізу де, іске асыру да үлкен тәуекел әрі жауапкершілігі жоғары ауқымды жұмыс. Сайлау жүйесіндегі оңды өзгерістер демократиялық теңдікке алып келуі керек. Парламент мәжілісіне 6 партия өкілдерінің өтуі, кандидаттардың бір мандатты округтен өзін-өзі ұсынып мажоритарлы тәртіппен сайлануы саяси жаңғырудың айтулы жаңалықтары. Сайлау жүйесін жетілдіру демократия мен саяси сауаттылыққа жол ашты.
– Халық өзі сайлаған әкімге сенім артып, үміт күтеді. Егер нәтиже көрсетпесе, мерзімінен бұрын орнынан алып тастауға құқық берілген. Бұдан кейін сайланған әкім тұрғындарға өкпе арта алмайды, халық та өзі таңдаған әкіміне ренжімеуі тиіс. Осы тұрғыда не дейсіз?
– Президент айтқандай әкімдер мемлекеттің жер-жердегі өкілдері сайланса да, сайланбай тағайындалса да, әкімдер мемлекет пен халық мүддесі үшін мінсіз жұмыс істеуі тиіс. Өкінішке қарай, кей әкімдерге деген халықтың наразылығын байқаймыз.
Ал, қазір саяси реформалардың арқасында елге қызмет етуге даяр азаматтардың ең мықтылары іркіліп шығып жатыр. Әкімді халықтың өзі таңдап, өзі сайлауы керек. Сонда өз қызметін дұрыстап атқара алмай сүрініп қалған әкімдер сайлаушыларға өкпе артпайды.
Сайлаушылар да өз таңдауларына қайран қалса да, келесіде одан да белсенді азаматтарын әкім етіп сайлайтын болады. Әкім сайлауы екі жаққа да бірдей жауапкершілік жүктейді. Сол себепті сайлауға жүрдім-бардым қарауға болмайды.
– Келер жылдары да аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда сайлау кезең-кезеңімен өтпек. Сол кезде қандай мәселелерді ескеру керек деп ойлайсыз?
– Әлі де болса, кей жерлерде партия атынан сайлауға бірнеше мықты азаматтар түсіп жатса, партия тарапынан қысым жасалатынын естіген құлақта жазық жоқ. Сайлау жүйесі барлығына тең мүмкіндік беру үшін өзгертіліп жатыр. Президенттің саяси реформасының әділ, әрі адал жүзеге асырылуына ешкім кедергі келтірмеуі тиіс.
Алайда, сайлауда өз адамдарын өткізу үшін жергілікті бір басшылардың бұрмалаушылыққа барып жатқаны қынжылтады. Мысалы, өзін-өзі ұсынған кандидаттар жергілікті партия тарапынан әділетсіздіктерге ұшырап жатыр. Ондай басшылар атқарушы биліктің өзінің жеке меншігі емес екенін түсінуі керек. Сайлауға қанша адам түссе де, бір басшының емес халықтың сеніміне ие мықтысы сайлануы қажет.
Халық бұрмалаушыларға жол бермей, сайлауға белсене қатысып өз таңдауын жасаудан бас тартпауы тиіс. Жергілікті жердегі басшысылар, партия басшылары да президент пен ел сеніміне селкеу түсірмесе, сайлау таза өтеді. Сайлаудан ұтылса, ұтылған кандидат өзінің ұтылғанын біледі. Ал енді сайлауға қатыстырмай, ұтылдыру әділетсіздік болады. Сондықтан алдағы уақытта қанша кандидат болса да, бәрінің сайлауға қатысуына теңдей мүмкіндік беру керек. Жаңа Қазақстанды құрудағы саяси реформалардың мақсаты әділетсіздіктерді жойып, адалдықты ұстану.
Еске сала кетейік, 2021 жылғы 25 мамырда Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Аталған заң бойынша белгілі бір ауылдың тұрғындары өз ауылының әкімін тікелей дауыс беру арқылы сайлап алу құқығын иеленді. Айта кетерлігі, осы заңға сәйкес ауыл немесе аудан әкімі қызметіне тұрғындардың өзін өзі ұсынуына болады. Сондай-ақ, бюллетеньдерде «бәріне қарсымын» деген де бөлім бар, сондықтан сайлаушы тіпті барлық үміткерлерді әкім лауазымына лайықты таппауы да мүмкін екені ескерілген.