«Итаршы импорттың» әлегі
Ресейдің ұжымдық Батыстың санцияларының астында қалғаны баршаға аян. Украинадағы соғыс үдей түсуде. Ресейдің алған бетінен қайтатын түрі жоқ. Керісінше, блицкригке негізделген «Барбаросса» жоспары жүзеге аспай қалса да, бейбіт елді қанға бөктірген басқыншылығын баянды етуге бар күшін салуда.
Кеше ғана Еуроодақ пен НАТО-ның саммиттері өтті. Ол жақтарда қабылданған құжаттарға салсақ, Ресейге қарсы санкциялар мен тыйымдар одан сайын үдей түспек. «Ресей экономисының тізесін бүктірмей қоймаймыз» деп жатыр Батыс басшылары.
Орыстың өзінің «Соғыс – өз жөнімен, бірақ түскі ас – өз ретімен» деген бір сөзі бар емес пе? Иә, санкциялар Ресей экономикасына сойқан соққы болып жатқаны рас. Соның бір көрінісі – басқыншы елден іргесін аулақ ұстағысы келген әлемдік брендтердің өнімдері енді солтүстік көршімізге қолжетімсіз боп қалды. Күрделі техниканың чиптерінен бастап күнделікті тұрмысқа қажет тауарларға дейін ол жаққа енді жол жабық.
Әйтпесе, заманауи технология мен техниканың рахатын көріп, шетелдік ноутбуктерге, телевизорларға, смартфондарға, тұрмыстық техникаға, косметикалық заттарға әбден еті үйреніп, бір сәтте оларға зәру де зар боп қалған қала мен деревнялар ертең-ақ көшеге шығып, билікті оп-оңай төңкеріп-ақ тастауы мүмкін.
Осындай жағдайда Кремль не істемек?
Дұрыс, «импортты алмастыру» жобасын қолға алуы тиіс. Яғни, шетелде шығарылатын танымал тауарларды өз елінде өндіру. Бірақ, 30 жыл бойына тек қана мұнай мен газды экспорттап пайда табуға үйреніп қалған Ресейдің біржақты экономикасы ондайға мүлдем шарасыз боп шықты: жоғары технологиялық және сапалы заттар шығара алатын ішкі өндіріс жоқтың қасы (тура біздегі жағдай іспеттес!).
Кезінде, Совет Одағы тарқар алдында әскери өнеркәсіпті бейбіт жолға қоя бастағанда мынадай бір анекдот шығып еді: «зауытымызда басқа бір нәрсе өндірейік десек, бәрібір Калашников автоматы боп шығады». Сол жағдай XXI ғасырдағы Ресейде қайталануда.
Бұл әдіс жүзеге аспайтынын біліп ап, Кремль өркениеттік дәстүрге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын тосын тәсілді қолға алды.
Оның құқықтық негізі өткен аптада Мемлекеттік Дума қабылдап, күні кеше, яғни 28 маусымда президент Путин қол қойған тиісті заң болып отыр.
Оған сәйкес, белгілі бір әлемдік брендтің зияткерлік меншік құқын бұзып, оның рұқсатынсыз Ресейге оның өнімдерін импорттаған кез келген компания құқықтық, әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
Бұл дегеніңіз – 90-жылдардан бері ұмыт боп қалған заңсыз тауар легіне, яғни контрабандаға даңғыл жол ашу деген сөз. Ең қызығы, осынау жабайы амал бір елдің президентінің қолымен ресми түрде бекітіліп отыр.
Мамандар бұл құбыжық құбылысты «жарыспалы («параллель») импорт» деп атады.
Ресей өз күнін өзі көре жатар, бірақ дәл осы заңның бізге, Қазақстанға, тікелей әсері болады, сондықтан да безек қағып, шырылдап, дабыл қағудамыз.
Өйткені, осы «жарыспалы импорт», ең алдымен, Ресеймен іргелес елдерде салтанат құра алады. Біз болсақ, 7 жарым мың шақырым ортақ шекарамыз бар көршіміз. Оның үстіне, Еуразиялық одақ ережелеріне сай, шекара ашық: Қазақстаннан «Самсунгты» не «Тойотаны» сатып ал да, Ресейге еш кедергісіз апара бер. Тамаша!
Фотолар: ғаламтордан.
Мамандардың айтуынша, мұндай «итаршы импорт» біздің отандық бизнес құрылымдарға өз пайдасын тигізеді: жұмыс орны, табыс, транзит, салық төлеу және тағы басқалары.
Бірақ, «көршің соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр» деген тұрмыстық һәм әзіл-қалжыңдық сипаты бар мәтел мемлекетаралық саясатта жүрмей қалады.
Сол себепті, өздері жариялаған санкцияларды осылайша орағытып айналып өтіп жатқан Ресейдің бұл шешіміне және сол құйтырқылыққа тікелей ат салысқан немесе көзжұмбайлықпен қараған мемлекеттерге ұжымдық Батыс қалай қарайды екен? Ертең сол санкциялар шетел тауарлары секілді орағытып келіп, өзімізге тимей ме?
Мені мазалап тұрған мәселе осы ғана! Меніңше, біздің үкімет бұндай жағдайда бейқамдық танытпай, өзінің кесімді шешімін айтуы керек.
PS. «Құланның қасуына мылтықтың басуы», бүгін мынадай ақпарат жарияланды: АҚШ әкімшілігі санкция жарияланған ресейлік компаниялармен сауда-саттық жасағаны үшін бірқатар елдің бизнес құрылымдарын «қара тізімге» енгізіпті. Ішінде Қытай, Ұлыбритания, Пәкістан, Сингапур, Өзбекстан және басқа да елдер бар...