13 Сәуір 15:20

ІІМ вайнерлерге қатысты жауап берді: «Үшеуін де қылмыстық жазаға тартып жатырмыз»

Фото:

ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов Орталық комункиациялар қызметі алаңында Қазақстандағы қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл бойынша ішкі істер органдарының жүргізіп жатқан жұмыстары туралы баяндады.

Тергеу департаментінің мәліметі бойынша өткен жылы 31 мыңнан астам азамат қаржы пирамидаларының құрбаны болды, оларға 54 млрд теңгеден астам сомаға залал келтірілді. Бүгінгі таңда ішкі істер органдарының өндірісінде осы санаттағы 65 қылмыстық іс бар, онда 3 мыңнан астам жәбірленуші тіркелген. 

Қаржы пирамидасына алданып, сан соққан жәбірленушілердің көпшілігі танымал адамдардың жарнамасына сенім артқанын алға тартады. Яғни, ел алдында жүрген өнер адамдары халықты адастырмайды деп ойлайды. Жер жарған жарнамалар жарға жығып жатса да өзгелерге сабақ болар емес. 

Мысалы, қазақстандық блогерлер – Мейіржан Төребаев, Азизжан Саидбаев және Мейірхан Шерниязов «Mudarabah Capital» ЖШС компаниясын жарнамалап келді. 

Танымал вайнерлер мен әртістер жарнамалаған Astex.kz компаниясына екі жылда 160 салымшыдан 2 миллиардқа жуық ақша түскен. «Мемлекеттік сатып алулармен айналысамыз» деген пирамида әр азаматқа ай сайын салған ақшасының 20 пайызын төлеп отыратыны екіжақты келісімшартта көрсетіліпті. Ортада делдал «Mudarabah Capital» ЖШС мекемесі болды. Олар да бастапқыда өзін жәбірленуші ретінде жариялап, алданғандармен бірге полицияға арыз жазған. Енді бәледен құтылам деген басшының өзі тұтылды.

Сәуірде салымшылар «ақшамыз қайда» деп шу шығарғанда ұшты-күйлі жоғалған қаржы пирамидасын ұйымдастырған Astex.kz компаниясының директоры Алмас Құрманғалиев қамалды. Араға бірнеше ай салып екі арада делдал болған «Мудараба капитал» компаниясының басшысы Руслан Бурканов та күдікке ілініп, ұсталды.

«Қаржы пирамидаларын жарнамалаған өнер адамдарына сенген жұрт соңғы тиынын салып жатыр. Сол себепті оларды әкімшілік жазамен жібере салу дұрыс емес». Көпшілік осындай пікірде. 

Қаржы пирамидаларын жарнамалаған танымал қазақстандық блогерлер – Мейіржан Төребаев, Азизжан Саидбаев және Мейірхан Шерниязов не себепті қамауға алынбады? Олардың қылмыстық істегі мәртебесі қандай? Күдікті ме, қорғануға құқығы бар куәгер ме, әлде жай ғана куәгер ме?  ІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов Орталық комункиациялар қызметі алаңында Nege.kz порталының сұрақтарына жауап берді. 

«Вайнер болсын, блогер болсын, танымал болсын, белгісіз адам болсын бәрі заң алдында бірдей. Қылмыстық құрам болса, заң бойынша жауапқа тартамыз. Аты аталған блогерлер туралы айтатын болсақ, үшеуін де қылмыстық жауапқа тартып жатырмыз. Соттың шешімі бойынша, прокурордың келісімі бойынша кепіл ретінде екі блогерге қарсы бұлтартпау шарасы алынды. Ал біреуі өкінішке қарай шетелге қашып кетті. Соттың санкциясымен ол қамауға алынады. Оған халықаралық іздестіру шаралары жарияланған», – деді Санжар Әділов. 

Естеріңізде болса, бұған дейін Мейіржан Төребаев «Гарант 24 ломбард» қаржы пирамидасын жарнамалап, басы дауға қалған болатын. Сол кезде вайнер, өзінің де білмей қалғанын айтып ақталған-ды. 

Осыдан 2 жыл бұрын халықты алдап кеткен «Гарант 24 ломбард» қаржылық пирамида ұйымына қатысты қылмыстық іс аяқталды ма? Нәтижесі қандай? Пирамидаға салған халықтың ақшасы қайтарылды ма? 

«Гарант 24 ломбард» қаржы пирамидасына қатысты сауалымызға қылмыстық істі ІІМ Тергеу департаменті 2021 жылдың маусым айында аяқтап, сотқа жолданғанын айтты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар Қожаев хабарлады.

«Гарант 24 ломбард» компаниясына қатысты қылмыстық істі Ішкі Істер министрлігінің тергеу департаменті 2021 жылдың маусым айында аяқтап, айыптау актісімен сотқа жолдады. Жалпы осы қылмыстық іс бойынша 53 күдікті анықталған болатын. Оның 48-і сотқа берілді, қалған 5-не іздестіру жарияланды.

Аталған қылмыстық іс бойынша 17 мыңнан астам адам жәбірленуші болып танылды. Шығынның мөлшері – 30 млрд теңге. Шығынды өндіру мақсатында тергеу барысында күдіктілердің қылмыстық жолмен табылған мүліктері анықталды. Олардың жалпы бағасы – 2 млрд теңгеден астам.

Қазіргі уақытта сот процессі Ақтөбе қаласында жалғасуда. Сотпен осы іс бойынша жәбірленуші деп танылған азаматтардан және куәлерден қазіргі кезде жауап алу жалғасуда. Олардың нәтижесінде күдіктілерден жауап алынады және белгіленген тәртіппен сот өзінің шешімін қабылдайтын болады. Ал жәбірленушілердің шығынды өндіру мәселесі және күдіктілерден тәркіленіп алынған мүліктердің тағдыры сотпен шешілетін болады. Бұның барлығы сот тәртібі бойынша реттеледі». 

Қаржы пирамидаларының қызметі туралы келтірген ақпарат құқық қорғау органдарының бірнеше рет ескертулеріне қарамастан, біздің азаматтарымыз өз ақшаларын күмәнді инвестициялық жобаларға салуды жалғастырып жатыр. Сол себепті департамент басшысы халыққа қаржы пирамидаларына алданып қалмауды ескертті. 

«Тегін ірімшік тек тышқан қақпанында болады. Көбінесе азаматтар өздерінің ақшалай салымдарын енгізе отырып, нақты түсінікке ие болмайды, кейде оларды тартатын компаниялар қызметінің заңдылығы туралы ойламайды. Осыған байланысты мен тағы да азаматтарымызға қаржы пирамидаларының негізгі белгілерін жеткізгім келеді.

Бірінші, тартылған клиенттер үшін сыйақы беру. Егер сізге компанияға әкелінген әрбір клиент үшін қосымша ақы төлеуге уәде берілсе, бұл ақшаны алып жүрмеу үшін және барлық таныстарды осындай қауіпті оқиғадан бас тарту үшін жеткілікті негіз болып саналады. 

Екінші, нарықтық деңгейден бірнеше есе асатын жоғары кірістілікке кепілдік беру. Түрлі «инвесткомпаниялар» табыстылыққа кепілдік бере алмайды, бұған заң жүзінде тыйым салынған. Егер біреу кепілдік берсе, онда бұл – алаяқтық. 

Үшінші – қажетті лицензиялардың болмауы. Егер компания халықтан ақша салымдарын тартса немесе қор нарықтарына инвестиция салуды ұсынса және оның лицензиясы болмаса, онда онымен байланысу керек пе, жоқ па деп жақсылап ойланыңыз. Мұндай ұйымдар қаржы мониторингі агенттігінің бақылауына жатпайды, яғни ешкім құқықтарыңыз бен мүдделеріңізді қорғай алмайды», – деді ІМ өкілі. 

Тегтер: