26 Қаңтар 15:28
...

«Ғылымда ешқандай нәтиже жоқ» – депутаттар жаңа заң жобасын талқылады

Ғылым
Фото: ғаламтордан

Ғылым мен технологияны дамытудағы проблемаларды жаңа заң жобасы шеше ала ма? Депутаттар Ғылым және жоғары білім вице-министрі таныстырған заң жобасын сынады.

Парламент Мәжілісінде «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасының таныстырылымында депутаттар ғылым мен технология саласындағы бірқатар мәселелерді көтерді.

Жаңа заң жобасын таныстырған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Зәки ғылымдағы функциялар, ұйымдастырушылық жұмыстар мен инновация, ғылымды коммерцияландыру сияқты бірқатар мәселелер заң жобасына енгізілгенін айтты.

Ахмед-Зәки
Фото: ғаламтордан

Алғашқы болып сұрақ қою кезегін алған депутат Еділ Жаңбыршин ғылымды коммерциялау туралы заңның нәтижесін, ғылымдағы ашықтықтың жоқтығы мен ғалымдардың Scopus-қа мақала шығаруы сияқты талаптарға байланысты сұрақтар қойып, Қазақстан ғылымында ешқандай даму жоқ деп сынады.

Жаңбыршин
Фото: ғаламтордан

– Заңға бәрін жаза беруге болады, слайдқа да әдемілеп көрсетуге болады. Заң жобасымен танысып шықтым. Бірақ қарапайым мысал келтірейін, мына депутат депутаттық мандаты аяқталып, ғылыми жаңалығын Құмкөлге апарып енгізгісі келеді. Бірақ қазір апарсаң сені өндірістің басшысы қабылдамайды. Не пара беруің керек, не тіпті маңына жолатпайды.

Мына сіздің заңыңыз ғалымның жобасын іске асыруға өндірісті ынталы ете ме? Әлде бұл тек жазылған норма ма? Бұл заң жұмыс істей ме? Венчурный дейсіз, ол ешқандай жұмыс істемейді. Егер істесе инновация жөнінен жұрттың соңында салпақтап жүрмейміз ғой. Сіз осы министрлікте бәленбай жыл жұмыс істеп келесіз. Ғылымда ешқандай нәтиже жоқ қой. Қазақстанның ғылымын көрсетіңіздерші? QazVac-тан басқа не көрсете аласыздар? Теориялық тұрғыда ғалымдар бар шығар, бірақ ескі технологиямен отырмыз, – деді Еділ Жаңбыршин.

Вице-министрдің сөзінше аталған заң жобасында өндіріске ғылыми жаңалық енгізу үшін оларды ынталандыратын жеңілдіктер қарастырылмайды.

Мәжілісмен Мұрат Әбенов заңнан көп өзгеріс күткенін, алайда заң жобасына көңілі толмағанын айтты.

Әбенов
Фото: ғаламтордан

– Заңның бірінші жобасын қарап шыққан кезде, мәтінінің 80 пайызы бұрынғы заңнан қалып қойған сияқты. Маған бұрынғы заңдарды бір-біріне қоса салғандай көрінді, – дейді мәжілісмен.

Депутаттың сұрағы мемлекеттік тапсырыс пен ғылым-инновацияға мемлекеттен бөлінетін қаражат турасында болды.

– Көп ғалым жаңа технологияларды сатып алып, тәжірибе жүргізу үшін мемлекеттен тапсырыс алуы керек. Бірақ олар мемлекеттік тапсырысты ұзақ күтіп қаламыз дейді. Жаңа заң жобасында осы мәселе қарастырылған ба? Сонымен қатар, мемлекеттен ғылымды дамытуға қанша қаражат бөлінеді? Жалпы ішкі өнімнің қанша пайызы осы салаға жұмсалады? Дамыған елдерде оған жеке қаражат та тартылады. Ол үшін олардың салығын жеңілдету деген бар. Осы мәселелер бұл заңда қарастырылмаған. Сосын Ғылым академиясы байқау мәселесіне қалай араласады? Ертең ол монополист болып, сыбайлас жемқорлық тудырмай ма деген менде күмән туындап отыр, – деді Мұрат Әбенов.

ғылым
Фото: ғаламтордан

Вице-министрі Дархан Ахмед-Зәкидің сөзінше, әлем елдерінде ЖІӨ-нің 3 пайызы ғылым саласына бөлінеді. Ал Қазақстанда 2022 жылы ол 0,12 пайыз болса, биыл 0,2 пайызға жеткен. Ал ғылымды қолдау үшін кәсіпкерлікке салықты жеңілдету арқылы ынталандыру заңнамаға ұсыныс ретінде берілді дейді ол.

– Ал енді Ұлттық академияға келетін болсақ, ол коммерциялық емес болғандықтан жұмыс істеу деңгейі қолайсыз еді. Сондықтан жаңадан ұсынылып отырған жаңа жоғарғы ғылым ұйымы бұрыннан қалыптасқан академияның дәстүрін сақтап қалатын екі-үш негізгі идеологиялық компонеті бар. Олардың бірі академиктер кеңесі мен қамқорлық кеңесі деген сияқты...

Нысаналық қаржыландыруға олардың қатысуы министрлік деңгейінде комиссиямен шешіледі. Ал сіздің күмәныңыз дұрыс. Бұрынғыдай ғылым академиясы өзі сараптама өткізіп, қаржыландыруды былай жасау керек деген ұғым жоқ. Сараптама жасау, іріктеу ұлттық техникалық орталықта қалады, – дейді Д. Ахмед-Зәки.

Біз депутат Жұлдыз Сүлейменованың заң жобасына қатысты пікірін сұрадық.

Депутат
Фото: ғаламтордан

– Қойған сұрағымызға «біз жұмыс тобында қарастырайық» деген сияқты екіұшты жауаптар алдық. Әрине заң кірді, бір емес, бірнеше заң кірді. Сондықтан біз өзіміз қазір қарап отырмыз, – деді депутат Ж.Сүлейменова.

Жұлдыз Сүлейменова жас ғалымдарды қолдау, жер қойнауын пайдаланушыларды ғылыми зерттеу, ғылыми конструкциялық жұмыстарға бөлінетін қаражаттың ашықтығы туралы, идологиялық мәселелерді зерттеу туралы бірқатар сұрақтар қойды.