Ғылым министрлігі вице-министрлерінің бәріне неге ғылыми дәреже міндетті емес?

Қазір ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің отандық ғылымды қолдауға бағытталған конкурстары мен гранттарына өтінім қабылданып жатыр. Конкурсқа қатысатындарға қойылатын басты талап: оның ғылыми дәрежесінің болуы. Бұл талап қатысушыларға міндеттелгенімен, министрлік өкілдері үшін аса маңызды емес екен. Яғни, Ғылым және жоғары білім министрлігі вице-министрлерінің барлығында бірдей ғылыми дәреже мен ғылыми жұмыспен айналысу тәжірибесі жоқ. Ғылым комитеті төрағасы Дархан Ахмед-Зәкидің сөзінше, ғалымдармен жұмыс істеу үшін вице-министрдің тек ғылыми тәжірибесі болуы шарт емес.
–Министрлікте жоғары қызметте отырған адамдардың барлығының кәсіби қабілеттері Мемлекет басшысы арқылы жақсы бағаланған. Иә, күрделі ғылыми жұмыстарды зерттеу үшін ғылыми дәреже болуы керек. Бірақ қазір басқаша кезеңдеміз. Яғни, ғылыми дәрежеден бөлек, министрліктегі менеджменттік басқару мен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу де маңызды. Сол үшін де басты назар сол бағытқа берілген, – деді комитет төрағасы бүгінгі өткен ОКҚ алаңында.
Осы тұста NEGE тілшісі ғылыми дәрежесі болмаса да, әр өңірде тиімді жобалар жасап жүрген өнертапқыштарға қандай қолдау көрсетілетін сұраған еді. Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Думан Орынбековтың айтуынша, ол өнертапқыштар аталған конкурстарға жеке қатыса алмайды.
–Мұндай азаматтарға Ғылым қорының коммерцияландыру конкурсы бар. Оған жетекші ретінде қатыса алады. Немесе барлық гранттық жобаларға кез келген ғылыми институт базасындағы және ЖШС-дан аккредитациядан өткен ғалымдармен бірігіп, коллаборация жасау арқылы қатысуға мүмкіндігі бар,– деді төраға орынбасары.
Сондай-ақ комитет төрағасы елдегі ғылыммен айналысатын ғалымдардың саны азайып кеткенін және оларды қаржылай қолдаудың да төмен болғанын атап өтті. Оның сөзінше, еліміздегі ғалымдар саны 90-жылдармен салыстырғанда екі есе азайған. Соған қарамастан ғылымды қаржыландыру соңғы 3 жылда 70 пайызға өсіпті.
–Бұрын ғалымдарға арналған гранттар мен қаржыландыру конкурстары 3 жылда бір рет болатын болса, қазір жыл сайын өткізіледі. Гранттардың жаңа түрлері енгізілді. Атап айтсақ, жас ғалымдарға, коллаборацияға арналған гранттар мен қысқа мерзімді жеке гранттар. 2017-2018 жылдары Ғылыми кеңесте шешімдер жабық, жасырын қабылданатын еді. Қазір кеңес құрамы 85 пайызға жаңарып, ашық дауыс беру форматына көшті, – деді Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Зәки баспасөз брифингінде.
Министрлік өкілдері отандық ғылымды қолдауға бағытталған биылғы конкурстарды ғалымдар қатысып үлгеру үшін ерте ұйымдастырып жатқанын айтты. Аталған конкурстарға өтінім беру қарашаның 11-14 аралығына дейін жалғасады екен.