Ғалымның аты өлсе де, хаты өлмейді...
Түркістанға сырттан келген туристер бірқатар кесенелермен танысып қана қоймай, түркі халықтарының терең тарихына да үңіледі. Мәселен, алыс-жақын шетелден жеткен меймандар Ахмет Ясауидің тамашама кесенесін көргеннен кейін музейлер мен кітапханаларға табан тірейтіні анық.
Солардың сабында Бейсембай Кенжебайұлының түркітану мұражайы да күн сайын келушілерді құшақ жая қарсы алып, қазақ халқының бай тарихына терең бойлатады. Біздің айтпағымыз белгілі профессордың ғылыми және ұстаздық өмірі жолына арналмақ.
Бейсембай Кенжебайұлының рухани асыл құндылықтарына деген ерекше құрметі мен сүйіспеншілігі, ғылыми ойлаудағы даралығы қазақ әдебиетіне бірқатар еңбектер қосты. Ол сондай-ақ әдебиет саласында көптеген талантты жастарды тәрбиелеп, ғылым жолына түсірді. Әрқайсына түрлі бағыт-бағдар беріп, тұшымды зерттеу жұмыстарын жүргізуде жетекшілік жасады. Нәтижесінде Кенжебайұлы жол сілтеген жас ғалымдар Хандық дәуір әдебиетінен бастап Алтын орда дәуірінің әдебиеті, түркі хандығы дәуірінің әдебиеті тарихы бойынша бірнеше кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғап, ғылым дамуына айтарлықтай үлес қосты. Осылайша жүйелі түрде жүргізілген ғылыми зерттеулер нәтижесінде қазақ әдебиетінің тарихы ХҮІІІ ғасырдан ҮІІІ ғасырға дейін тереңдей түсті.
Ғалым үшін мұның бәрі оңай болмады. Себебі көптеген елдердің кітапханаларын, архивтерін, қолжазба қорларын парақтап қараған ізденістер жолында кеңестік идеологияның жандайшаптары тарапынан болған тосқауылдар кесе көлденең алдынан шықты.
Белгілі сыншы, профессор Құлбек Ергөбектің бір сұхбатында Бейсекеңде адами, пенде ретінде өмір болмады ғой. Бар ғұмыры елінің тәуелсіздігін, бостандығын ойлаумен, сол жолда тынымсыз еңбек етумен, күреспен өтті. 1986 жылғы көтерілісті ауруханада жатқанда білді. Қатты қуанды. Тәуелсіздіктің ақ таңы ататынын сезді. Бұл – соңғы арманы еді. Сол күні-ақ КГБ-ның өкілдері ауруханаға келіп, хәл үстінде жатқан мүгедек ғалымға сұрақты жаудырып, тергеудің астына алды. Ақ төсекте ақ дамбалмен жатқан кісі таяғын алып, оларға лақтырып, аруақтанып «тыныш өлуге мұрса бермедіңдер» деп налыды», дегені сөзімізге дәлел бола алады.
Бірақ ғалым өзінің қажыр қайратының арқасында ізденіс жолында мойымай, жемісті еңбек ете білді. Нәтижесінде өзі мен шәкіртерінің сүбелі зерттеулері университеттердің оқу үдерісіне және жаңа оқу пәндері мен арнаулы курстардың оқу жоспарына енгізілді. Сондай ақ олардың оқу бағдарламалары, лекциялары дайындалып, оқулықтары, оқу құралдары даярланды.
Бейсембай Кенжебайұлының «Едіге батыр» жырын қалай қорғағаны да ел ішіне аңыз әңгімедей тарады. Аталмыш жыр жайында ХХ ғасырдың отызыншы жылдарының аяғынан қырқыншы жылға дейін бірнеше мақала жазғанын, ол мақалаларында «Едіге батырды» халықтық тұрғыдан бағалағанын, оған қорған болғанын тамсана баяндайтындар бар.
«Ғалымның өзі негізін қалаған ғылыми бағытымен, қалыптастырған ғылыми мектебімен халықтың қоғамдық санасының жаңаруына, ұлттық құндылықтарының дамуына, интеллектуалдық әлеуетінің артуына аса зор ықпал етуі екінің бірі емес, ілуде бір ғұламаның ғана қолынан келеді. Бейсембай Кенжебайұлы - қазақ әдебиеттану ғылымының тарихындағы ілуде бір кездесетін ірі тұлға» дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев.
Белгілі ұстаз, профессор, ғалымның музейі құрылған жылдар ішінде оның еңбектерін сүйсіне парақтап, зор баға бергендер жетерлік. Мәселен, «Лебіздер кітабына » алғашқы пікір жазған Дүниежүзілік түркітанушылар қоғамының президенті, қарайым тілі грамматикасының негізін салушы, мәскеулік түркітанушы Кеңесбай Мұсаұлы «Қазақ Мемлекеттік университетінде білім алған атақты ғалым, ұстазым Бейсембай Кенжебайдың музейінің қасиетті жерде, Түркістанда құрылуы қазақ зиялылары үшін үлкен оқиға. Бұл өте тамаша бастама! Түркология ғылымын бүтін Түркістанда дамытуда, ғылымның сапасын бұдан әрі қарай көтере беру үшін де музейдің маңызы зор. Осы жолда Бейсембай Кенжебайдың өмірі, ғылымға, өз халқына, Отанына жан-тәнімен сіңірген еңбегі жастарға жолбасшы болады. Ұйымдастырушы Құлбек Ергөбекке ризамын!» деген екен.
Кезінде данагөй Әбіш Кекілбайұлы Бейсембай Кенжебай жайлы «Ғалым ретінде де, ұстаз ретінде де кейінгі кезеңдегі рухани гүлдеуімізге мұрындық бола білді. Азат елдің азат ойының дәуірлеу тұсында Бейсекеңе ұлт болып тағзым етуіміз әбден заңды» дегені жадымыздан шықпайды.