27 Наурыз 09:38
...

«Фонограммаға толық тыйым салу үлкен тәуекелдерге әкелуі мүмкін» – Министрліктің жауабы

Заң
Фото: Коллаж NEGE

Мәжіліс депутаттары фонограмма мәселесін жиі көтеріп жүр. Тіпті қолданыстағы заңға өзгеріс енгізуді де ұсынған болатын. Алайда депутаттар ұсыныстың министрлік тарапынан қолдау таппағанын айтады.

Естеріңізде болса, Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай: «Бір әншінің әнін тыңдағым келсе, ютубтан да тыңдай аламын. Дискісін сатып алып, оны көлігімде тыңдай аламын. Бірақ оны көрермен ақшасын төлеп, концертке барып отырғаннан кейін неге ол фонаграммамен тыңдауға тиіс?», – деп мәселе көтерген.

  • Фонограмма – әннің әуені мен сөзін бөлек жазып алып орындау техникасы. Фонограмма қосылғанда сахнадағы орындаушы тек ернін жыбырлатып, ритмге еріп отырса болғаны. 

NEGE тілшісі осы тақырыпқа қатысты шоу-бизнес өкілдеріне сұрақ қойып, сауалнама жүргізген-ді. Өзіне сенімді өнерпаздар «фонограмманы тоқтату керек» десе, сенімсіздері «әлі ерте» деп күмілжіген. 

Біз осы мәселеге қатысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына ресми сауал жолдағанбыз, сауалымызға Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары А.Қапашевтан жауап келді.

«Қазіргі таңда Министрлікпен ҚР Парламенті Мәжіліс депутаттарының ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларда музыкалық шығармаларды орындау кезінде фонограммаларды пайдалануға тыйым салу туралы ұсынып отырған түзетулері пысықталуда.

Фонограмма опера және балет театрлары, музыкалық, драмалық театрлар, цирк музыкалық комедия театрлары, мәдени-демалыс ұйымдары, теледидар саласының өндірістік жұмысының ажырамас бөлігі болуына байланысты фонограмманы пайдалануға толық тыйым салу үлкен тәуекелдерге әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар, академиялық, халықтық және классикалық жанрлардағы мемлекеттік концерттік ұйымдардың, опера және балет театрларының шығармашылық ұжымдарымен орындаушылары музыкалық шығармаларды фонограмманы қолданбай (жанды дауыста) орындайды.

Сондай-ақ, фонограмманы пайдалануды реттеу жөніндегі «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына түзетулер мүдделі ұйымдармен және нысаналы топтармен пысықталуда, өйткені бұл мәселе көптеген қатысушылардың, атап айтқанда шығармашылық қызметкерлердің, мемлекеттік мәдениет ұйымдарының, музыка индустриясы мен телеиндустрияның мүдделерін қозғайды», – дейді А.Қапашев.

Ресми жауап
Фото: NEGE

Осы мәселені өзге елдер қалай шешті? Әріге бармай-ақ қояйық, Орталық Азия елдерін алсақ, Түркіменстан 2005 жылы-ақ мемлекеттік концерттерде және отбасылық мерекелерде фонограммамен ән айтуға тыйым салып тастаған. Куәгерлердің айтуынша, Түркіменстанның сол кездегі президенті Сапармұрат Ниязов мемлекеттік мерекелердің бірінде фонограмма қолданылғанын сезіп қойып, концерт ұйымдастырушыларды бір шыбықпен айдаған деседі.

Тәжікстанда фонограммаға 2007 жылы тыйым салынды. Тәжік билігі тіпті қатаң әрекетке көшіп, мемлекеттік, облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі бағдарламаларда, концерттерде, спектакльдер мен тойларда фонограммаға тыйым салды. Биліктің пайымынша, «фонограмма ән өнерінің дамуын тежейді».

Өзбекстан бұл мәселені 2018 жылы шешіп алған. Сол жылдың желтоқсанынынан бастап өзбек әртістері мемлекеттік мерекелер мен іс-шараларда жанды дауыста ән айтуға міндеттелді. «Өзбекконцерт» басшысы Олиджон Абдукаххоров: «Фонограммаға тыйым салу арқылы біз кейбір әншісымақтардың халықты алдауына тосқауыл қоямыз», – деген.

Сахна
Фото: depositphotos.com

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қырғызстанда мемелкеттік мерекелер мен концерттерде фонограммамен ән айтуға болмайды. Мұндай тыйым театрларға, спорт мекемелеріне, концерт залдарына, кинозалдарға, клубтарға, музейлерге, кітапханалар мен филармонияларға да қатысты.

Ал Қазақстанда 2020 жылы «Мәдениет туралы» заңға толықтыру енгізіліп, егер әншілер концерт бергенде фонограммамен ән айтса, оны тыңдарманға ескертуін міндеттеген. Алайда «фонограммамен ән айтатын едім» деп тыңдарманына хабарлаған әншіні естігеміз жоқ.

Сонымен, комитет төрағасы орынбасарының жауабынан не түйюге болады? Бұл – әзірге фонограммаға тыйым салынбайды, тыңдарманын алдайтын селтеңбайлар жуық арада сахнадан түспейді деген сөз.