4 Наурыз 16:30
...

Құрыққа сырық жалғау. Фонограммаға заң жүзінде тыйым салу қажет пе?

Фонограма
Фото: Коллаж NEGE

Жырда Мәжіліс депутаттары фонограмма мәселесін тағы көтерді. Бұған дейін де осы мәселе Мәжілісте қызу талқыға түсіп, қолданыстағы заңға өзгеріс енгізілу ұсынылған-ды. Онда тек концерт залы техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілмесе ғана аудиторияны хабардар ете отырып, фонограмманы пайдалануға рұқсат беру көзделген еді.

Алайда депутаттар аталған заң жобасы Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан қолдау таппағанын мәлімдеді. Осы мәселені көтерген Мақсат Толықбай: «Бір әншінің әнін тыңдағым келсе, ютубтан да тыңдай аламын. Дискісін сатып алып, оны көлігімде тыңдай аламын. Бірақ оны көрермен ақшасын төлеп, концертке барып отырғаннан кейін неге ол фонаграммамен тыңдауға тиіс?, – деп сауал тастады. 

NEGE тілшісі ел алдында жүрген әншілерге хабарласып, депутаттар көтерген мәселе турасында пікір сұрады.

Роза ӘЛҚОЖА:

                         Жүз пайыз жанды дауыста концерт беремін деп айта алмаймын

Ә
ғаламтордан

– Әншінің мүмкіндігі екі жарым сағат тікесінен тік тұрып, жанды дауыста ән айтуға жетпейді. Мен мұны осы салада жүргендіктен жақсы білемін. Арасында халық «ана әніңді айт», «мына әніңді айт» деп өтініш айтатындықтан, репертуардан ауытқып кететін сәттер болады. Сондықан жүз пайыз жанды дауыста концерт беремін деп айта алмаймын. Екі сағаттан астам уақыт тікеңнен тік тұру физикалық тұрғыдан да мүмкін емес.

Кейбір концерт залдары жанды дауыста ән айтуға мүлдем қолайсыз, дауысың өзге түгіл, өзіңе жетпей қалады. Мысалы, жалға алған Республика сарайының дыбыс құрылғылары жанды дауыста ән салуға келемейді, сондықтан сырттан тағы техникалық жабдықтар алуға тура келеді. Бұл – әнші үшін қосалқы шығын.

Енді есептеңіз, залдың ақысы, қосалқы құрылғы мен жарық қоюшы мамандар, жаздыратын ән, тіктіретін киім, қасыңдағы бишілер дейсіз бе, мұның бәрін қосқанда бір концерт берудің құны бір үйдің бағасына пара-пар келеді. Ал телеарналарда түсірілім жұмыстары кезінде эфирде ақау кетпеу мақсатында дыбыс режиссерлердің өзі фонаграммамен айтуымызды өтінеді. Сондықтан біржақты жалаң ұран көтеруге болмайды деп ойлаймын.

Медеу АРЫНБАЕВ:

                          Билет сатылған жерде жанды дауыста ән айтылу керек. Болды!

Арынбаев
yvision.kz

– Мен бір ғана дүниені білемін – билет сатылған жерде жанды дауыста ән айтылу керек. Болды! Ал фонограммамен айтасың ба, онда концертіңді тегін өткіз. Өз басым жеке концертімді эстрадалық-симфониялық оркестордың сүйемелдеуімен өткіздім. Тіпті тікелей түсірілімдерде де жанды дауыста шырқап тұрамын. Кейбір дыбыс режиссерлері сөзін ұмытып немесе дауысы жетпей қала ма деп қалтырап жүрседе, менің талабым осы. Бұл әр әншінің деңгейіне, кәсібилігіне, ұстанымына байланысты.

Ал телеарнада фонограмманы қолдануға болар. Себебі, ондағы бір түсірілімнің өзін бірнеше қайталап түсіруге тура келеді. Сондықтан уақыт жоғалтпау үшін фонограмманы көркем дүниеге қолданса, онда құба-құп. Егер арнайы заң жүзінде талап күшейсе, түрлі шоуларды да әншілер жанды дауыста ән шырқатуға ұмтылады. Тіпті әр мекеме кәсіби мамандар алуға ұмтылып, сапалы техникалық жабдықтар пайдалануға машықтанады. Әншілер де соған сай «шалтай-балтайды» қойып, кәсіби деңгейін арттыруға барын салады.

Мен кейде тойдан шықпайтын әріптестеріме: «Ең болмаса тойда жанды дауыста ән шырқап, сахнаға шығуға репитиция жасап алмайсың ба?», – деп әзілдеймін. Бұл – біреуді тұқырту немесе әжуалау емес, жанды дауыста ән салғандарды жұрттың жүрекпен қабылдайтынын ұғындыру, көрерменнің тыңдау және  қабылдау мәдениеті де өседі деген үміт. Бір жағынан жанды дауысқа жол берілер болса, нағыз музыканттарға жұмыс табылып, соған сай эстардалық, симфониялық және классикалық оркесторлардың саны артатын еді. Онда тыңдарман қауым билет бағасының қымбатай түсетінін ескергені жөн. Себебі, қырық адамнан тұратын оркестордың көмегімен кеш берудің ақысы да әнші үшін арзанға түспейтіні анық.

Қазбек ӘДІКЕЙ: 

                Жұрт Қайрат Байбосыновты ұмытып, Қайрат Нұртасты тыңдайтын болды

Әнші
Фото: ғаламтордан

Күніне бірнеше тойда ән айтсам да, тек жанды дауыста шырқауға тырысамын. Бұл кәсібилігімді шыңдай түседі. Себебі үлкен сахнаға шыққанда тосылмайсың, тамағым ауырып тұр деп сылтауратпайсың. Жанды дауыста ән шырқаудан әнші еместер ғана қашады. Қазір екінің бірі әнші болып кетті, егер қатаң талап қойса, солардың бәрі сұрыпталар еді. Сондықтан талап қойған абзал. Қажет болса, айыппұл төлету қажет.

Мысалы, Өнер академиясында түрлі мектептің ән өнерімен сусындаған дәстүрлі әншілер оқуын бітірген соң нәпақа табу үшін еріксіз тойға шығады. Тойда жеңіл ән айту қажет болғандықтан, кәсіби деңгейінен ауытқуға тура келеді. Ал кейбір хитмен деген әншілерге халық милиондап гонорар төлеп, қуанышына шақырып жатады. Олар соған сай өнер көрсетуі керек. 

Бірақ кейде жанды дауыста ән айта алатын өнерпаздардың жолын дыбыс үйлестіруші мамандардың жоқтығы кеседі. Осы жағы шешімін тапса, кәсіби әншінің күші бір кешті жанды дауыста ән айтып өткізуге әбден жетеді. Мәдениетті тізгіндегендер мәдениетке берік адамдармен жұмыс істесе, өнердің деңгейі бұлайша түсіп кетпес еді. Жанды дауыста ән шырқайды деген бағдарламалардың өзінде көзбояушылық, алдау басым. Өнерде фальш болмауы керек. Фальштың салдарынан сөз қадірін, ән қадірін түсінетін тыңдарманнан айырылып қалдық. Жұрт Қайрат Байбосыновты ұмытып, Қайрат Нұртасты тыңдайтын болды.

Жанна ОРЫНБАСАРОВА:

                                       Заң шықпайынша, ешкім қимылдамайды

О
ғаламтордан

– Мәдениет үйлеріндегі құрылғылардың сапасын арттыру керек. Егер техникалық ақау болса, бұл әншіге жанды дауыста ән айтуға айтарлықтай кедергі келтіреді.

Бізде заң шықпайынша, ешкім қимылдамайды. Сондықтан фонограммаға заң жүзінде тыйым салынар болса, кез келген мәдениет үйі құрылғыларының бабын келтіруге тырысар еді. Әйтпесе мәселені сапалы аппаратқа телу – құр сылтау ғана.