19 Шілде 13:50

Ұлы дала биткоины. Криптодержаваға айналған Қазақстан үшін НЕГЕ жасыл энергетика ауадай қажет?

Фото:

Болашақта криптовалюталар «жақсы» және «жаман» болып екіге бөлінетін болады. Жақсы – майнинг кезінде қоршаған ортаға зияны тимей, тек қана «жасыл энергияны» пайдаланған криптовалюталар. Ал жаманы – көмір станцияларынан алынған электрэнергиясын пайдаланған, дайындалуы табиғатты бүлдірген криптовалюта.

Ертеңгі күні жаман криптовалютаға тиым салынуы да мүмкін. Өкінішке қарай, криптоиндустрия бойынша әлемде үшінші орынға көтерілген Қазақстан дәл осы «жаман» криптовалютаның майнері болып отыр.

Кембридж университетінің зерттеуіне сәйкес, қазір әлемдегі криптовалютаның 46 пайызы Қытайда, 16,8 пайызы АҚШ-та, 8,2 пайызы Қазақстанда өндіріледі. Осы үш ел майнер-мемлекеттер тізімінде көш бастап тұр. Криптаның жыл санап өсіп келе жатқан бағасы көптеген майнинг-фермалардың, осымен айналысатын арнайы компаниялардың құрылуына алып келді. Қазір оларға еселеп пайда табу үшін арзан электр қуаты қажет.

Enegix компаниясының Екібастұздағы майнингке арналған жаңа дата-орталығы. Фото: enegix.net

Қытай билігі криптовалютаға деген көзқарасын нашарлатып, майнерлерді қыспаққа ала бастағаннан кейін олардың көбісі бизнесін Қазақстанға көшіре бастаған. Мамандардың есебінше, қазір Қазақстандағы биткоин өндірушілері бір киловатт/сағат үшін 3 цент төлеп отыр. Елдің ортақ электр қуаты 22 гиговатты құрайды. Одан артық Қазақстанда қуат генерациясы жоқ. Ал қазір әрбір қуат резервтелген. Сондықтан «жасыл энергетиканы» іске қоспаса, Қазақстанның майнинг қарқынын бұдан әрі көбейтуге еш мүмкіндігі болмайды.

«Бізде әр қуат санаулы», – дейді энергетика саласының сарапшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Жақып Хайрушев. Оның айтуынша, электростанцияларға өзінің негізгі тұтынушыларын қамтамасыз ете отырып, қосымша майнингке де көңіл бөлу өте қиын.

«Электр қуаты бойынша бізде азғантай ғана резерв бар. Ол Оралдағы ГТУ-200, Жамбыл мен Екібастұз ГРЭС-тері. Бәрінің шекті тарифтері бекітіліп қойылған. Майнинг пайда болғаннан тариф өседі деп күтпеймін»

Илон Маск өндірілуі кезінде қоршаған ортаға зиян келген криптовалюталарды заңды төлем құралы деп мойындамайтынын мәлімдеген болатын. Енді осы үрдіске басқа да ірі компаниялар қосылуы мүмкін. Егер «экологиялық таза емес криптаға» қарсы қозғалыс күшейетін болса, майнерлердің бәрі Қазақстаннан кететін болады. Республика әлемдік майнингтегі өз үлесінен айрылмақ. Қазіргі қалпын сақтап қалу үшін – майнингке жұмсалатын электроэнергияны көмір мен мазуттан емес, күн, жел мен су қуатынан алуымыз тиіс. Ал оған шамамыз жете ме?

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, 2020 жылы жалпы электр қуатының 3 пайызы «жасыл энергетикадан» келген. Қазақстан оның үлесін сатылай арттыруды жоспарлап отыр: жаңартылатын энергияның үлесі 2025 жылы – 6%, 2030 жылы – 10%, 2050 жылы – 50%-дан кем түспеуі керек.

«Жасалған жағдайдың арқасында жаңартылатын энергия тұрақты түрде өсіп келеді. Соңғы 6 жылда жаңартылатын энергетика нысандарының қуаты 10 есеге өсті. 2014 жылы күн, жел мен судан 178 МВт қуат алсақ, 2020 жылы 1685 МВт энергия алып отырмыз»

Қазір елде 1685 МВт қуат беретін 116 «жасыл энергетика» нысаны жұмыс істейді. Ал биыл қосымша 381 МВт қуат беретін тағы 23 нысан іске қосылмақ. Өкінішке қарай, толыққанды майнинг үшін ол өте аз. Одан бөлек, біздегі біртұтас электр жүйесі қатты сыйымды емес, өзінің қуаттылық шегі бар.

Электр энергиясын өндіру белгілі бір шектен асып кетсе, тасымалдаушы желілер күйіп кетуі мүмкін. Ал тасымалдаушы жүйенің сыйымдылығын арттыру орасан зор шығынды, инвестицияларды қажет етеді.

Тегтер: