11 Қараша 08:47

Е-теңге. Қағаз ақшаның тағдыры НЕГЕ 2021 жылы шешіледі?

Фото:

Ұлттық банк келесі жылдан бастап «цифрлы теңге» мәселесін қарастыруға толығымен назар аударатын болды. Оған үкіметтің цифрландыру бойынша блогы да қатысады. Әзірге талқылау «жабық есік» режимінде жүрмек. Бұл туралы жағдаймен жақсы таныс ақпарат көзі хабарлады.

Цифрлы теңгенің блокчейнге еш қатысы жоқ. Демек, біздің теңгеміз криптовалюта болмайды. Негізі электронды теңге қазірдің өзінде бар. Мысалы, біздің Kaspi немесе басқа банк әмиянында жатқан ақшамыз – электронды ақша. Тек оның нақты бір заңды негіздемесі болған жоқ еді. Ұлттық банк «Цифрлы теңге» ұғымын заң аясында анықтап, оған нақты статус бермек.

«Басында блокчейн технологиясы қарастырылғаны рас. Бірақ оны орталықтандыру мүмкін болмады. Ал мемлекет үшін ақша эмиссиясы бір жерде ғана, Ұлттық банктің қолында болуы маңызды. Бұл – басты талап», - дейді сенімді ақпарат көзі.

Егер теңгеге блокчейн енгізілгенде, әркім өз компьютерін қосып, теңгені қолдан жасап (майнинг) отыра берер еді. Бірақ онымен мемлекет еш уақытта келіспейді.

«Орталық банктер қалыптастыратын мұндай активтер «орталық банктердің сандық валюталары» (CBDC) санатына жатқызылады. Бұл жай ғана «криптовалюта» емес, оған қарағанда анағұрлым кеңірек анықтама», – деп жазады Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Олжас Тілеуов.

«CBDC-ті криптовалютаға қарама-қарсы қоюдың қажеті жоқ. CBDC – бұл балама емес, бірақ Орталық банктің бақылауындағы төлем жүйесінде жұмыс істейтін ақша түрлерінің бірі»

Nege.kz есебінше, біздің теңге де CBDC формасында болмақ. Демек, болашақта қағаз теңге өндірісі қысқарып, «цифрлы теңге» өндірісі ұлғаятын болады. Банкнот қағазының, бояулардың қымбат екенін ескерсек, теңге эмиссиясы арзандамақ. Бұл жерде ең маңыздысы, қағаз ақша көлеңкелі экономика мен жемқорлықтың айнымас серігі болып отыр. Егер қолма-қол ақшаның көзі жойылса, онда қылмыстық ақша айналымына тосқауыл қоюға болады. Бұл қазір бүкіл әлемдегі озық мемлекеттер бас ауыртып жатқан мәселе.

«Криптовалютаның қауіпсіздік мәселесіне келгенде түйткілді мәселелер бар», – дейді Ryskulov Analytics сарапшысы Жасұлан Көшебаев. «Оның алгоритмін кез-келген адам көшіріп алып, тура сондай теңге жасай береді».

«Қазір ұлттық деңгейдегі криптовалютаны шығаруды дамыған елдерден гөрі, дамушы, әсіресе, ақша-кредит саясаты әлсіз, инфляциясы жоғары елдер қолға алып жатыр. Себебі олар әлемдік криптовалюталар өз валюталарына кері әсерін тигізеді деп қорқады»

Nege.kz есебінше, теңге ешқандай криптовалюта болмайтындықтан, біздегі блокчейн әлеуетін жер, кадастр, жылжымайтын мүлік және үлескерлік келісім шарттар саласына тез арада енгізу керек. Сонда алаяқтар құжаттарді қолдан жасай алмайтын болады. Жалпы, блокчейнді алаяқтықпен күресудің тиімді технологиялық әдісі ретінде қолдануға болады.

Тек ол үшін үкіметтің және цифрландыруға жауапты вице-премьер Бағдат Мусиннің батыл қимылдауы қажет. Әзірге жұрт мақтаған вице-министр өз жұмысының еш нәтижесін көрсете алмай отыр.

Тегтер: