14 Желтоқсан 18:20

Сериалдың соңы. ERG НЕГЕ Salem social media-ны Қазақтелекомға сатып құтылмақ?

Фото:

Олигарх Машкевич 2 жылдан бері өзіне Eurasian Digital Ventures I Limited Partnership арқылы бағынатын «Salem social media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін сатып алатын адам таппай жүр. Бірақ, Nege.kz инсайдерінің ақпаратынша, осы бойынша Қазақтелекоммен нәтижелі келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Мемлекет «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры арқылы иелік ететін «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің түрлі күмәнді схемаларға аса үйір екенін ескерсек - бәрі мүмкін. Осы орайда «ERG үшін профильді емес болып табылатын актив Қазақтелеком үшін қаншалықты профильді?» деген сұрақ туындайды.

Salem басшылары да, акционерлері де оған құйылған инвестиция көлемін ешқашан ашық жарияламаған болатын. Бірақ бейресми ақпараттар бойынша веб-сериалдар фабрикасына ERG кем дегенде 100 миллион доллар инвестиция құйған. Және оның өзін ешқашан ақтамайтыны сол кездің өзінде анық болған.

"Salem social media" ЖШС мемлекетке төлемдері. Дереккөз: Statsnet

Salem social media немесе Eurasian Digital Ventures I Limited Partnershipтің еш жерде қаржылық есептері жоқ. Ондай ақпарат өте құпия ұсталынады. Бірақ, контрагенттерді тексеретін базаға қарап отырып, Сәлемнің 2022 жылы төлеген зейнетақы жарнасының 75,7 миллион теңге екенін, яғни бір жылдық еңбекақы төлеу қоры 757 миллион теңге екенін көруге болады. Сериалдар фабрикасы биыл 240 миллион теңге салық төлеген. Statsnet ақпараты бойынша осы жылғы болжамды выручкасы 8 миллиард теңгеден асады.

Nege.kz дереккөзі қызық құпияның бетін ашады. «Salem social media» мен тағы бір квази ұжым «BTS Digital» ERG есебінен, бірақ соның Қазақстанға тиісті қаржысы есебінен қаржыландырылуы мүмкін. Люксембургтағы Машкевич әмірін жүргізетін «ERG S.а.r.l» холдингінің 40% үлесі Қазақстан Республикасының қолында. Оның Директорлар кеңесіне Қазақстан атынан Қаржы министрі Ерулан Жамаубаев та кіреді. Дәл осы Қаржы министрлігі Nege.kz қанша сұрау салса да, ERG тарапынан Қазақстанға төленуі тиіс дивидендтер бойынша ақпараттың барлығын құпия ұстап отыр. Егер шығындар структурасына қол жеткізіп, тексеретін болсақ, Машкевичтің ұзақ жылдар бойы «Қарапайым Қайрат» сынды боқтық, маньяктік сериалдардың шығынын біздің мойнымызға артып келгені анықталуы да ғажап емес. Дәл осы ақпарат расталатын болса, онда Александр Антонұлының шеберлігіне тәнті болып, қол соғуға болады.

Ай сайын бәленбай миллион жеп отырған, пайдасы жоқ «Salem social mediaны» енді мемлекет сатып алуы мүмкін. Оны Қазақтелеком қарастырып отыр. Егер мұндай мәміле жасалатын болса, бәріміз ресми түрде өз салығымыздан Сәлемді де асырайтын боламыз

"Қазақтелеком" АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі

Қазақтелекомның былтырғы ортақ және әкімшілік шығыны 49 миллиард теңгеге, ал қаржылық шығындары 46 миллиард теңгеге жетті.  Мұндай жағдайда «Salem social media» сынды профильді емес активті сатып алу нағыз өрескелдік болар еді.

Бірақ Қазақтелекомның кезінде бұдан да өрескел қылықтар жасағанын (365 мың доллар жалақы, Kcell акцияларымен махинация) ұмыта қойған жоқпыз. Сондықтан ештеңеге таң қалуға болмайды.   

Тегтер: