21 Қыркүйек 14:00
...

Пандемияның екінші толқыны. НЕГЕ ел де, экономика да оған дайын емес?

Фото:

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемияның екінші толқынынан қашып құтыла алмайтынымызды мәлімдеді. Қазақстан оған дайындық жолында дәрі-дәрмек қорын жасақтауда. Бірақ карантинге экономика дайын ба?

Алғашқы жарты жылда ішкі жалпы өнім 2,9 процентке қысқарды. Үкімет пен Ұлттық банк егер локдаун енгізілмей жылды аяқтасақ, онда экономикалық құлдырауды жұмсартамыз деп үміттенген болатын. Бірақ екінші толқын қатты ұрса, карантин енгізілу мүмкіндігін ешкім жоққа шығармайды.

«Кедейшілік шегінде өмір сүріп жатқан халықтың саны өсіп барады. Бұл, әрине, жақсылыққа апармайды», – дейді GSB UIB Бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық.

«Бұл алда үлкен әлеуметтік қиындықтардың күтіп тұрғанын байқатады. Кесіп айтуға болады, егер пандемия тағы да өршитін болса, экономика мен бизнес карантин режиміне дайын емес».

Экономиканы қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар іске асырыла бастаса да, жергілікті әкімдіктер арасындағы үйлесімнің жоқтығы істелген жұмыстардың нақты нәтижесін көруге кедергі болып отыр.

«Мысалы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының идеологиясын әр әкімдік өзінше түсінеді», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. Ал ол – қазіргі дағдарыста азаматтарға жұмыс орнын тауып беруді іске асыратын ең ірі жоба.

«Бірақ жұмыс орындарын ашу, бизнеске көмектесуге әрекет етудің орнына әкімдіктер осы бағдарлама арқылы келетін орасан қаржыны өздерінің KPI көрсеткіштерін орындау үшін, өңірдің инвестициялық мүмкіндігін арттырамыз деген желеумен мүлде қисынсыз инфрақұрылымдық жобаларға бағыттап жібереді».

Енді бар үміт иммунитетте. Егер коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитетіміз қалыптасса, карантин болмаса, онда экономикамыз әупірімдеп аман қалмақ. Егер тағы да локдаун жарияланса, нокдаун алып үлгерген экономика түбегейлі нокаутқа кетпек.

Тегтер: