17 Сәуір 17:25
...

Қылмыскерлер «көмекке асығады»: Алаяқтар өздерін заңгерміз деп таныстырады

Алаяқтық
Фото: Kaspi.kz

Алаяқтар тонап кеткен адам шарасыз күйде болады. Ол кез келген адамнан – достарынан, полицейлерден, тіпті интернеттегі бейтаныс жандардан көмек сұрауға дайын. Мұны алаяқтар да жақсы біледі және сол сәтті тиімді пайдаланады. Бұл материалда «заңгерлер» арқылы жасалатын алаяқтық схемасы туралы айтамыз.

Схема қалай жұмыс істейді?

Бұл алаяқтық екі кезеңнен тұрады:
Біріншісі – бастапқы алаяқтық. Сценарийі әртүрлі болуы мүмкін: «банк қызметкері» немесе «полиция» болып қоңырау шалу, «тиімді» инвестициялар ұсыну және тағы басқа.

Екіншісі – «заңгерлердің көмегі». Жәбірленушіге бір заңгерлік компания атынан хабарласып, оны жаңа ғана алдап кеткен алаяқтарға қарсы ұжымдық шағым дайындап жатқанын айтады. «Заңгерлер» ақшаны қайтаруға көмектесеміз деп уәде береді. Олар істі жақын күндері сотқа тапсырамыз дейді. Сол себепті, жәбірленуші бірден шағымға қосылып, заңгерлердің қызметіне ақы төлеуі керек.
Ал шын мәнінде не болып жатыр?
Шын мәнінде бұл «заңгерлер» – алғашқы алаяқтардың өздері. Олар жәбірленушінің үміт пен шарасыздыққа толы күйін пайдаланып, одан тағы да ақша сыпырып алуға тырысады.

Алаяқтық
Kaspi.kz

Жалған заңгерлерді қалай тануға болады?
• Өздері сізге хабарласады.
Шынайы заңгерлер алаяқтардың құрбандарын өздері іздеп тауып, қызметін тықпаламайды.

• Тек өздері ғана көмектесе алады деп сендіреді. Олар бұл істі бұрыннан жүргізіп жатқанын, ақшаны қайтарудың жолын нақты білетінін айтады. Басқа заңгерлер көмектесе алмайды деп, күмән тудырады.

• Сізді асықтырады.
«Уақыт аз», «ертең сотқа береміз», «тек бүгін ғана қосыла аласыз» деген сылтаулармен сізден бірден ақша талап етеді. Мұндай жағдайда эмоцияға беріліп, нақты ойлау қиын болады, сондықтан адам алаяқтарға оңай алданып қалуы мүмкін.

• Қызмет ақысын банк картасына аударуды сұрайды.
Бұл – заңсыз әрекет. Заңды түрде жұмыс істейтін заңгер қашықтан төлеуге шот ұсынады, POS-терминал арқылы картадан ақша қабылдайды немесе қолма-қол алып, түбіртек береді.

Егер мен заңгер жалдағым келсе, алаяққа алданбау үшін не істеу керек?

​•​ Заңгерді өзіңіз таңдаңыз. Интернеттен пікірлерді оқыңыз немесе таныстарыңыздан сенімді маман ұсынуды сұраңыз. Өзі хабарласып, қызметін тықпалағандарға сенбеңіз.

•​ Ақша төлеуден бұрын заңгермен келісімшарт жасаңыз. Оны мүмкіндігінше оның кеңсесінде бетпе-бет отырып жасаңыз.

– Қызмет ақысын картадан картаға аударып төлеуге келіспеңіз.

Эмоцияға берілмей, сабыр сақтап, бәрін ақылға салып ойлаған адамға жалған заңгерлерді тану қиын емес.

«Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» науқаны аясында дәл осындай жалған заңгерлер туралы жаңа бейнеролик шықты.
Алаяқтардың қалай жұмыс істейтінін көргіңіз келсе – роликті қарап шығыңыз.

Естеріңізге саламыз: Kaspi.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен ең кең таралған алаяқтық схемалар туралы бейнероликтер сериясын түсіріп жатыр. Адамдар алданып қалмас үшін, әрбір екі апта сайын Kaspi.kz-тің ресми YouTube арнасында жаңа видео жарияланады.