2 Желтоқсан 10:02

Орта табыс қақпаны. Батыс Қазақстан облысы НЕГЕ бір орында тұрып қалды?

Фото:

2020 жылы Батыс Қазақстан облысының елдің ішкі жалпы өніміндегі үлесі 3,8 пайызға түсіп кетті. 2019 жылы ол көрсеткіш 4,5 пайыз болған еді. Ал адам басына шаққандағы өңірлік жалпы өнім республикалық орташа деңгейден 1,59 есе төмен.

Былтырғымен салыстырғанда, биыл Батыс Қазақстан облысы дефицитсіз бюджетке қол жеткізуі мүмкін. Биыл өңірдің бюджеттік кірісі 327,6 миллиард теңгені құрауы тиіс. Оның 209,1 миллиард теңгесі – нысаналы трансферт, субвенция, төменгі бюджеттен келетін трансферт деп бірнеше бағытқа бөлінетін республикалық бюджеттен келетін ақша.

Бір сөзбен айтқанда, Батыс Қазақстан облысы биыл жұмсайтын 327,6 миллиард теңгенің 126,5 миллиард теңгесін ғана өз күшімен таппақ. Оның 81,9 миллиард теңгесін салық арқылы жинайды, қалғанын салықтық емес түсімдер (айыппұл, жалға беру, мүлікті сату, қарыздарды қайтару) құрауы тиіс.

Дереккөз: Батыс Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясының 2020 жылғы бюджетті орындау бойынша есебі

Батыс Қазақстан облысы 327,6 миллиард теңгенің 120 миллиардын білім беруге жұмсап отыр. Білім беру – ақшаны ең көп құртатын сала. Мысалы, облыстағы денсаулық сақтауға бар-жоғы 7,4 миллиард теңге кетпек. Тіпті орман, балық шаруашылығын қорғауға денсаулық сақтаудан 3 есе көп қаржы – 24,4 миллиард теңге шығындалады.   

Дереккөз: Батыс Қазақстан облыстық Мәслихатының бюджетті нақтылау жөніндегі Азаматтық бюджеті

Батыс Қазақстан облысын 2019 жылдан бері тәжірибелі экономист Ғали Есқалиев басқарады. Бір қызығы, Ғали Есқалиевтің әкесі Нәжмеден Есқалиев те 1992-1993 жылдары Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірнші хатшысы болған. Ол кезде әкім деген ұғым жоқ еді.  

Ғали Есқалиевтің облысты құлдыратпай бір орында ұстап қалғанын айта кету керек. Өңірлік өнімнің көлемі жөнінен Батыс Қазақстан аймақтар тізімінде сегізінші орыннан алтыншы орынға көтеріліп отыр.

Жақын жылдары донорлар қатарына ілігуі неғайбыл, бірақ депрессивті облыстар қатарына да түсе қоймайтынын байқап отырмыз.

Тегтер: