17 Қараша 13:45

Көп жейді, аз табады. Қызылорда облысын НЕГЕ «банкрот» деп жариялайтын уақыт келді?

Фото:

Қызылорда облысы ауыр депрессияны бастан кешуде. Әсіресе, пандемия өңірдің экономикасына ауыр соққы болып тиді. Облыс биыл өзі бетімен бар-жоғы 29,8 миллиард теңге тапса, керісінше 358 миллиард теңге жұмсаған. Және жағдай жылдан-жылға нашарлап барады.

Биылғы 10 ай бойынша Қызылорда облыстық бюджетінің есебіне сай, облыстың өзі тапқан 29,8 миллиард теңгесі табыс салығы, әлеуметтік салық, айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар, өндіріп алулар мен өзге де салықтық емес түсiмдерден құралған. Дәл осы кезде облыс республикалық бюджеттен 320 миллиард теңге дотация алды.

Дереккөз: Қызылорда облыстық бюджетінің орындалу бойынша есебі. 2021 жыл, қаңтар-қазан айлары

Қызылорда облысының республикалық бюджетке қол салуы жылдан-жылға күшейіп барады. 2018 жылғы қаңтар-қазан айларында облыс республика қазынасынан 159 миллиард теңге алса, 2019 жылдың сол кезеңінде осы сома 190 миллиард теңгеге, 2020 жылы – 237 миллиард теңгеге, ал биыл 320 миллиард теңгеге бір-ақ көтерілген. Сонда 4 жылдың ішінде Қызылордаға мемлекеттің қаржылай көмегі екі есеге көбейіп отыр.

Дереккөз: Қызылорда облыстық бюджетінің орындалу бойынша есебі. 2021 жыл, қаңтар-қазан айлары

Бір қызығы, мемлекеттің көмегі күшейген сайын, Қызылорда облысының өзі әлсіреп барады. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сай, облыста өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 2018 жылы 941 миллиард теңге болса, осы көрсеткіш 2019 жылы 852 миллиард теңгеге, ал 2020 жылы 653 миллиард теңгеге бірден құлдыраған.

Дереккөз: Ұлттық статистика бюросының өңірлер бойынша жыл сайынғы бюллетені

Алуын күшейтсе де, Қызылорда өз табысын сол деңгейде көбейте алмай отыр. 2018 жылы облыс өз бюджетіне 19 миллиард теңге жинай алса, 4 жылдың ішінде сол түсімді 29,8 миллиардқа, яғни биыл бар-жоғы 10 миллиард теңгеге өсірген.

CSI зерттеулер орталығы жүргізетін өңірлер рейтингінде биылғы жартыжылдықтың қортындысы бойынша Қызылорда ең төмен құлдыраған облыс атанып отыр. Ол бірден 4 позиция жоғалтқан. Рейтингте бұған дейін дәл осылай қатты құлаған облыс болмаған еді.

Дереккөз: CSI Өңірлер рейтингі

Қызылорда облысының қазіргі әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңір басшылығына карантин басталған ауыр кезеңде, 2020 жылдың басында келді. Сондықтан облыстың экономикадағы нокдауны бойынша басты сұрақтарды қазіргі әкімге ғана емес, оның алдында өңірді бес жылдан аса уақыт басқарған Қырымбек Көшербаевқа да қою керек.

Қызылорда облысының экс-әкімі Қырымбек Көшербаев пен қазіргі әкімі Гүлшара Әбдіқалықова. Фото: Qyzylorda.press

Десек те, ертең облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ертең Орталық коммуникациялар қызметінің алаңшасында ақпарат құралдарына есептік брифингін өткізетін болады. Онда биыл облыс көрсеткен әлеуметтік-экономикалық даму динамикасы айтылатыны сөзсіз. 2021 жылдың көрсеткіштері 2020 жылмен салыстырып көрсетілмек.

Бұл ретте, 2020 жыл толық локдаунда болғандықтан, 2021 жылдың кез-келген көрсеткіші автоматты түрде былтырғыдан көбірек, ұтымды болып көрінетінін ұмытпау керек... 

Тегтер: