Минустан шыға алмадық. НЕГЕ 2021 жылы Үкіметтің жоспары орындалмайтын болады?
Экономикада бірінші тоқсанның қортындысы шықты. Ішкі жалпы өнімнің құлауы -1,6 пайызды көрсеткен. Бұл әрине былтырғы 2,9 пайыздық құлдырауға қарағанда жаман емес, бірақ «бірінші тоқсанда экономика толық қалпына келеді» деген барлық оптимистік жоспарларды бұзып отыр.
Үкімет тоқсанның қортындысын шығарып, Ұлттық экономика министрлігі, Ұлттық Банк пен бірқатар өңірлердің есебін тыңдады. Негізгі баяндаманы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев жасап, макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруын атап айтқан. Оның айтуынша, кен өндіру өнеркәсібін есептемегенде, нақты секторда өсу 7,9%-ке жеделдеді.
Үкімет отырысы. Фото: primeminister.kz
«Кен өндіруді қоспағанда, негізгі капиталға салынған инвестиция 34%-ке өскен. Жылдық инфляция 7%-ке бәсеңдеді. Нақты сектордағы салалардың көпшілігі орнықты өсуді көрсетті. Бұл құрылыс, сумен жабдықтау, өңдеуші өнеркәсіп, электрмен жабдықтау және ауыл шаруашылығы. Ақпарат және байланыс саласында да 9,9%-ке өсу байқалды»
Машина жасау саласындағы өсу қарқыны 21,8%, автомобиль құрастыру – 20,7%, құрылыс материалын өндіру – 30,1%, химия өнеркәсібі өнімі – 14,2%, пластмасса бұйымдары – 22,3%, киім – 25,8%, жиһаз – 19,2%, фармацевтика – 9,1%-ке жеделдеді. Бұдан басқа, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 13,1%-ке артқан. Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында жоғары өсу байқалады. Бірінші тоқсанда 2,9 миллион шаршы метр баспана іске қосылды, бұл өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 8,6%-ке жоғары.
Бірақ ішкі жалпы өнім НЕГЕ әлі минуста қалып отыр? Сарапшылардың айтуынша, жалғыз макроэкономикамен оны түзеу қиын. Карантиндік шектеулер жалғаса беретін болса, қазақстандықтардың басым бөлігі жұмыс істейтін сауда мен қызмет көрсету саласы баяғы тоқ жағдайына орала алмайтын болады.
-
Тақырыпқа орай: Бір қадам алға, екі қадам артқа. 2020 жылы халық НЕГЕ ұтылды?
«Шындығында, біз өткен жылдың көктеміне қайтып келіп отырмыз. Экономика зардап шегеді, ал оның қалпына келуі баяу жүреді», - дейді, EXANTE халықаралық брокерлік компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарев. «Менде нақты болжам жоқ, бірақ Ұлттық экономика министрлігіне қарағанда, Ұлттық банктің консервативті болжамы шындыққа жақын деп санаймын».
«Менің ойымша, өсу 3 пайыздан төмен болады, яғни шамамен 2,5-2,4% көрсетеді. Бізде вакцинацияның қарқыны өте төмен және ауырғандар саны артып барады. Сондықтан, екінші тоқсан да минуста болуы мүмкін. Ең жақсы деген жағдайда біз үшінші немесе төртінші тоқсанда қалпымызға келеміз. Себебі біздің қызмет көрсету саламыз әлі де құлдырауын тоқтатқан жоқ»
«Бірінші тоқсанда жалпы ішкі өнімнің төмендеуі - мұнай өндірісі көлемінің қысқаруына байланысты. Біз ОПЕК+ шеңберінде өндірісті қысқарту жөніндегі міндеттеменің барлығын орындадық», - дейді, «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов.
Оның сөзінше, екінші тоқсанның қортындысы мұнайдың және металдардың бағалары өсетіндіктен «төмен базалық» әсердің арқасында оң болуы тиіс. Бірақ тәуекелдер де айтарлықтай өсті. Ол өз кезегінде біздің елге инвестициялардың келуін тежеп отыр.
«Бұл ең алдымен, SWIFT-тен ажырату, мұнай эмбаргосы сынды Ресейге қарсы жаңа «қатал» санкциялардың енгізілу қаупіне байланысты. Біздің елдің басшылығына қарсы жеке санкциялардың да жариялану мүмкіндігі бар. Егер ондай санкциялар болмаса, екінші тоқсанда 4-5% деңгейінде өсе аламыз деп ойлаймын»
Nege.kz есебінше, экономикалық өсуді тек карантиндік шаралар толық аяқталғаннан кейін ғана күтуге болады. Үкімет вакцинация науқанында оңбай сүрінгендіктен, халықтың ұжымдық иммунитеті тек жылдың аяғында ғана қалыптасатынын бажайлап отырмыз.
Онда тек бірінші тоқсан емес, тұтас 2021 жылды да минуспен аяқтауымыз мүмкін. Экономикалық шұңқырдан шығу бойынша Үкіметтің жоспары, Денсаулық сақтау министрлігінің сылбыр қимылынан кейін тағы бір жылға шегерілетін болады.