18 Қаңтар 08:37
...

Міндетті тұрғын үй жинағы. Бұл бастама НЕГЕ үлкен дау туғызуы мүмкін?

Фото:

Әзірленіп жатқан «Тұрғын үй саясаты және міндетті тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі туралы» заң қоғамның сын сүзгісінен өтпей қалуы ғажап емес. Сарапшылар, егер «Отбасы банкке» қазақстандықтардың жаппай депозит жинауын міндеттейтін бап бекітілсе, бұл халық наразылығын туғызады дейді.

Мұндай арнайы заң жобасының дайындалып жатқанын ҚНРДА банктік қадағалау бөлімінің бастығы Дәурен Нисинбаев айтқан болатын. Оның сөзінше, жарты жылдың ішінде мақұлдау жұмыстары аяқталып, заң қабылдануы керек.

Оның ішінде қазақстандықтарды жаппай тұрғын үйге салым жинауды міндеттейтін бап бола ма, ол жағы белгісіз. Бірақ «Отбасы банк» төрайымы Ләззат Ибрагимова ондай идеяны бір жыл бұрын «Nur Otan» партиясы ұйымдастырған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының іске асырылуы туралы есептің қоғамдық талқылауында естірткен еді. Оның сол кездегі сөзінше, азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету ісінде Сингапурдың тәжірибесін қолдануға болады.

«Сингапурдың жұмыс істейтін әрбір азаматының табысынан 37% ұсталып отырады. Оның ішінде қаржы  зейнетақы қоры мен медициналық сақтандыруға кетеді және бір бөлігі баспана мәселесін шешу үшін жинақ салымдарына аударылады».

«Бұл – ақымақтау шешім. Біріншіден, шенеуніктер ақшаны біз өзіміз жинаймыз дейді. Бірақ соңғы бес жылда зейнетақы қорының кірістілігі минус 46 пайызға түсіп кеткен. Яғни, біздің шенеуніктер ақшаны тиімді инвестициялай алмайды», – дейді «Ұлағат консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов.

«Екіншіден, біздің халықтың табысы 7 жыл бойы төмен құлдырап барады. Мұндай баспана жинағын тағы бір салық есебіне жатқызу керек. Ал оны, жұмсақ тілмен айтқанда, қоғам теріс қабылдайтын болады. Тұрғын үй жүйесіне ешкім ақша төлемейді».

«Менің ойымша, міндетті тұрғын үй жарналарын енгізу абсолютті бос сөз, сондықтан ол ешқашан қабылданбайды», – дейді Nege.kz шолушысына түсініктеме берген қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов. Оның сөзінше, мемлекет адамның қалай өмір сүріп, не істеу керектігін шеше алмайды.

«Егер бұл медициналық сақтандыру болса, мейлі дейік. Азаматтық жауапкершілік өз алдына, ешкім адамды баспаналы болу үшін ақша жинауға мәжбүрлемеуі тиіс. Ол үйді өзі-ақ сатып алуы мүмкін. Сондықтан бұл бастама еш нәтиже бермейді».

Марат Қайырленовтың пікірінше, Сингапурдың тәжірибесін алға тарту отандық шенеуіктер арасында сәнге айналып отыр. «Бірақ Сингапур моно қала-мемлекет. Ал біз аумағы бойынша әлемдегі тоғызыншы елміз. Бізді Сингапурмен салыстыруға болмайды. Мемлекет нарықты алмастырып, жеке секторға дендеп енуін тоқтатпай отыр. Бұл да оның бір көрінісі», – деп түйіндейді Марат Қайырленов.

Nege.kz есебінше, «Отбасы банк» Қазақстандағы ипотека нарығының 62% үлесін алады. Банк басшысы Ләззат Ибрагимованың мәліметінше, қазір банк салымшыларының саны 1,7 млн адамға жеткен. Және алдағы 2-3 жылда салымшылар қатарын 2,7 миллион адамға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл елдегі экономикалық белсенді халықтың 25 пайызынан асып жығылады. Осы жағынан алғанда, «Отбасы банк» үшін қалған қазақстандықтарды мәжбүрлеп депозит аштырудың еш экономикалық негізі жоқ. Баспана алғысы келген азаматтар онсыз да «Отбасы банктен» депозит ашу керектігін біледі.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ 2020 жылдың бірінші жартыжылдығы есебі. "ПрайсуотерхаусКуперс" ЖШС. Дереккөз: hcsbk.kz

PWC жүргізген 2020 жылдың бірінші жартысына арналған аудиторлық есепке сай, «Отбасы банк» активтері 1,47 триллион теңгеге жеткен. Ал банктің капиталы – 273 миллиард теңгені құрады.

Банк экономикалық тұрғыдан тиімді қаржы инситуты болып есептеледі. Жарты жылда «Отбасы банк» 14,2 миллиард теңге пайда тапқан.

Тегтер: