19 Қаңтар 17:49

Навальный НЕГЕ теңгенің тағдырына тікелей әсер ететін факторға айналды?

Фото:

Ресей саясаткері және президент Путиннің басты қарсыласы Алексей Навальныйдың бір айға қамалуы АҚШ-тағы жаңа президент Джозеф Байденнің өз қызметіне кірісетін уақытымен тұспа-тұс келді. Әлемнің екі қиырында болып жатқан және бір-бірімен еш байланысы жоқ сияқты көрінетін екі оқиғаның салдары теңгені тентіретіп жіберуі мүмкін.

Байден ертең жұмысқа кіріседі, ал Навальныйды уақытша қамау туралы сот шешімі кеше шықты. Оппозиционердің Ресейге табан тиген бетте қамалуы Батыстың үлкен наразылығын тудырды. «Қазіргі наразылық серпіні Қырымды Украинадан тартып алған кездегідей болып тұр» дейді халықаралық сарапшылар. Демек Байден президент ретіндегі алғашқы қадамының бірін Ресейге бағыттайды. Себебі, Трамп АҚШ-тың халықаралық проблемалармен айналысуын шектеп, көбіне сауда-саттыққа назар аударса, демократтар керісінше, АҚШ-тың демократия мен адам құқықтары жөніндегі әлемдік ұстанымын қайта күн тәртібіне енгізуге асығып отыр. Олай болса, Ресейге арналған санкциялардың жаңа пакетін көретініміз анық. Әңгіме санкциялардың болатын-болмайтынында емес, олардың қандай болатынында.

Санкцияларға АҚШ жел беріп отырғанымен, Еуроодақ, әсіресе, оның жетекші елі Германия Ресеймен экономикалық қарым-қатынасты толық үзуге құлықсыз.

Меркель мен Путин. Фото: ТАСС

РБК-ға берген түсініктемесінде «Aperio Intelligence» консалтинг компаниясы француз бөлімінің директоры Джордж Волошин Еуроодақ тарапынан Ресейге қатысты жекелеген құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты дербес санкциялардың болуы мүмкін екенін айтады.

«Былтыр еуропалықтардың қандай мықты оппозиционер болса да, оған бола «Северный поток-2» сынды ірі энергетикалық жобаларды құрбандыққа шалмайтынын байқадық».

«АҚШ Ресей экономикасын тек екі жолмен ғана күйрете алады», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. «Біріншісі – Ресейді SWIFT халықаралық қаржы транзакциялары жүйесінен үзіп тастау. Бірақ бұл кезде бүкіл Ресей халқы зардап шегеді. Visa, МasterCard сынды кең таралған карточкалар, банкоматтар жұмыс істемей, толық коллапс пен хаос болады. Екіншісі – Ресей мұнайын биржаларда сатуға тиым салу. Онда Ресей өз мұнайын халықаралық аренада емес, тығылып сатуға мәжбүр болады. Бірақ мұнда көп нәрсе Қытайдың позициясына байланысты».

«Мұның тым радикалды қадамдар екенін Вашингтон жақсы түсінеді. Егер АҚШ мұндай қадамға барса, демек ол Ресеймен жақын арада соғысуды жоспарлап отыр деген сөз. Бірақ дәл қазір АҚШ ядролық соғысты қаламайды, ал Ресей өзіне қауіп төнсе, ядролық зымырандарын қолдануға дайын екенін бірнеше рет ескерткен».

АҚШ-тың Ресейді санкциямен буындыруы бізге де ауыр тиетіні бар. Қазақстан мен Ресей экономикасының байланысы тым тығыз. Әсіресе, сауда байланысы қомақты. Сондықтан рубльдің ауытқулары бірден теңгеге де әсер етеді.

Фото: inbusiness.kz

«Рубльдің теңгеге әсері импорттың жоғары үлесінен болып отыр», – деп жазады RiskTakers. Қазақстанның бар импортының 34,6 проценті Ресейге тиесілі. Ақшалай алғанда 2020 жылдың 11 айында Ресейден бізге келген импорт көлемі 11,9 млрд АҚШ долларына жеткен.

«Бұл осы 11 айда Еуропа мен Америка Құрама Штаттарынан келген жалпы импорттан 1,7 есе көп. Ал керісінше, Қазақстанның Ресей Федерациясына экспорты әлдеқайда аз және 11 ай ішінде бар-жоғы 4,39 млрд доллар болды».

Былайша айтқанда, біз Ресейге бір зат сатсақ, орнына үш зат сатып алып отырмыз. Сондықтан біздің теңге рубльге тәуелді. Рубль қайда жылжыса, сонда жылжитын болады. Ал Байден әкімшілігі Ресейге жаңа санкциялар салатын болса, онда биржадағы халықаралық инвесторлар жаппай рубльден құтылуға асығатыны анық. Сол кезде бір мезетте сатылымға шыққан рубль өз құнын жоғалтып, теңгені де өзімен бірге құрдымға батырады.

Одан құтылу үшін экономикалық тұрғыдан Ресейден алыстап, оның жарты импортын отандық тауармен алмастыру керек. Бұл істелмесе, Навальный, Байден мен Путиндер бұдан әрі де теңгенің тағдырымен допша ойнай бермек.

Тегтер: