15 Қыркүйек 14:00

Бара бер, боссың! НЕГЕ мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту экономикаға кері әсерін тигізуі мүмкін?

Фото:

Екі жылдың ішінде мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда жұмыс істейтін әрбір төртінші адам жұмысынан айрылмақ. Сарапшылар бұл қадамның тиімділігіне күмәнмен қарайды және дағдарыс уақытысында ол қауіпті болуы мүмкін дейді.

Дағдарыстың құтылудың бір жолы азаматтарды жұмыспен қамтып, ішкі сұранысты арттыру. Nege.kz сұрау салған сарапшылар сөзінше, сол кезде экономика серпін алып, азаматтардың әл-ахуалын өз деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік туады. «Қысқарту ешқандай тиімділік әкелмейді», - дейді, экономист Айдархан Құсайынов. «Себебі, қазіргі мәлімдемелерге сенсек, біз жалпы шығындарды азайтып жатқан жоқпыз, біраз адамды қысқартып, оның есебінен қалған жұмысшылардың жалақысын көтереміз. Ал сайып келгенде, біз сапаны жақсартып, шығынды азайтуымыз керек еді».

«Егер нәтижесінде мемлекет ұсынатын қызмет сапасы жақсармаса, оның азаматтар үшін қандай пайдасы бар? Егер мемлекеттік аппаратты ұстауға жұмсалатын қаржыны азайтамыз әрі одан үнемделген ақшаны азаматтардың әлеуметтік қажеттіліктеріне бағыттаймыз десе, бұл түсінікті болар еді»

«Әрине, 25 проценттік қысқарту бұл өте көп, былайша айтқанда бұл әрбір төртінші мемлекеттік қызметкер. Бірақ оның бір реттік қысқарту емес, екі жылдың ішінде орын алатын үрдіс екенін ұмытпаған жөн», - дейді, EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарев. «Қысқартудың қалай жүретінін біз жақсы білеміз. Жұмысшылар мемлекеттік қызметтен кетсе де, мемлекеттің қатысы бар жеке компанияға ауысып, бұрынғы қызметін атқара беруі мүмкін. Сондықтан, шынымды айтсам, бұл экономикаға айтарлықтай әсер етеді деп ойламаймын».

«Бірақ мемлекеттік аппаратты оңтайландырудың жақсы бастама екенін айту керек. Әрине, адамдардың жұмысынан айырылатыны өкінішті, бірақ басқа біреу үшін бұл өз кәсібін ашуға себепші серпіліс болуы мүмкін»

Ал Айдархан Құсайыновтың сөзінше, бұл әлемдегі мемлекеттік басқару теориясына қайшы келеді. Бүкіл әлемде мемлекеттік қызметтегі жалақы нарықтан төмен, есесіне қандай дағдарыс болмасын, айлығы тұрақты түрде төленіп отырады. Сондықтан, адамдар мемлекеттік қызметке тұрақтылық үшін барады. Ал бізде бәрі керісінше.

 

«Сонымен қатар, моральдық қайшылықтары бар», - дейді, Айдархан Құсайынов. «Мемлекет бизнеске жұмыс орындарын сақтау туралы күнде қақсайды, кәсіпорындардың жұмысшыларды қысқартпауын талап етеді. Сөйте отырып, өзі 110 мың адамды далаға лақтыру арқылы жұмыссыздардың үлкен армиясын жасамақ. Бір қолымызбен біз жаңа жұмыс орындарын сақтау мен ашуға триллион теңге бөліп отырсақ, екінші қолымызбен жасанды түрде жұмыссыздық туғызып жатырмыз».

 

Nege.kz есебінше, Мемлекет басшысы жүргізейін деп отырған қысқарту науқаны шамамен 450 мың адамды шарпиды. Оның 350 мыңы квазимемлекеттік сектордың жұмысшылары және 100 мыңы мемлекеттік қызметкерлер. Нәтижесінде 100 мыңнан астам азамат жұмыссыз қалады. Егер қатардағы қызметкерлер емес, өз жағдайын жасап үлгерген жоғарғы басшылық құрамы қысқарса, онда экономика бәлендей зиян шекпейді. Егер жалақысымен бүкіл отбасын асырап отырған қатардағы қызметкерлер қысқарып кетсе, онда мемлекет экономиканың құлдырауымен қатар, шешілуі қиын әлеуметтік проблемаға тап болмақ.

Тегтер: