1 Маусым 08:45

Арматура НЕГЕ бірден қымбаттап кетті? «АрселорМиттал Теміртау» айтпай отырған құпиялар

Фото:

Қазақстанда салынып жатқан тұрғын үй бағасының қымбаттауында «АрселорМиттал Теміртау» шешуші рөл ойнайды. Биік монолит үйлерге қажет арматура 2020 жылдан бері 69 пайызға қымбаттаған.

Nege.kz металлургия алпауытының 2019 жылғы қаржылық көрсеткіштерін саралап, арматураның бағасын өсіруге ешқандай өндірістік себептің жоқ екенін байқап отыр. Енді «АрселорМиттал Теміртаудың» 2020 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржы есебін күту ғана қалды. Ол құжат алдағы екі айдың ішінде шығуы тиіс.

2019 жылы компанияның өндірістік көрсеткіштері нашарламаған. Керісінше, сақтандыру сыйақысының есебінен өнімінің өзіндік құны 549 миллиард теңгеден 490 миллиард теңгеге дейін төмендеді. Онымен бірге АМТ өзінің әкімшілік шығындарын 10 миллиард теңгеге қысқартқан.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ 2019 жылғы қаржы есебі. Аудитор: Делойт

Мемлекет баспана бағасын тұрақтандырғысы келсе, оның ішінде ең басты рөлді құрылыс материалдары ойнайтынын ұмытпауы тиіс. Оның ішіндегі аса қажеті – арматура.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасы Серік Жұманғариннің айтуынша, баспана бағасының 49 пайызы – құрылыс материалдарынан, 10 пайызы – жалақыдан, 9 пайызы үстеме – шығындардан, 6 пайызы пайдадан тұрады.

«Ірі өндірушілер ақпарат ұсынбай, агенттіктің бағаның неден өсіп жатқанын талдауына кедергі келтіріп отыр. Мысалы, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ монополияға қарсы органның өтінішін орындағысы келмей, сотқа арыз түсірді»

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылдың төрт айында бетон – 12%, керамикалық кірпіш – 107%, силикат кірпіш – 96%, бетоннан жасалған қабырға блоктары – 9%, арматура – 45% қымбаттады. Бұл биыл ғана. Арматура былтыр 24 пайызға қымбаттады. Сонда ортақ есеппен, өзіміздің рудадан шығатын темірдің бағасы бір жарым жылда 69 пайызға өсті.

«АрселорМиттал Теміртау» үшін бағаны өсіруге деген еш мұқтаждықтың жоқтығын аңғаруға болады. Керісінше, компания өзінің бос қаржысын «АрселорМиттал Интернэшнл ФЗЭ» деп аталатын еншілес компаниясына несие ретінде берген. Қызметкерлеріне төленетін жалақының ортақ қоры 5,3 миллиард теңгеден небары 6,3 миллиард теңгеге өскен.

Ресейде тура осыған ұқсас жағдай болды. Онда «Северсталь», «Норильский никель» сынды металлургия алпауыттары 2020 жылы арматураның бағасын күрт өсіріп жіберіп, қосымша 100 миллиард рубль пайда тапқан. Одан баспана бағасы көтерілген. Бірақ ол қаржыны вице-премьер Андрей Белоусов салықты көтеру арқылы бюджетке қайтарып беруге мүдделі. Ал бізде, «АрселорМиттал Теміртаудың» Ресей импортерлерімен бірігіп, бір кезеңде бағаны көтеріп жіберуі кездейсоқ емес сияқты. Бірақ оны дәлелдеу өте қиын.

«Кәсіпкерлік Кодекстің 170-бабына сай, компанияларға бәсеке ережесін бұзып, бір-бірімен ымыраласқаны үшін айып тағылады», – дейді Sayat Zholshy & Partners серіктесі, заңгер Амир Бегдесенов.

«Егер бұл жыл басынан бері бірінші заң бұзушылық болса, онда кемшіліктерді жою үшін хабарландыру беріледі. Егер нарық субъектілері ол хабарландырудағы талаптарды орындамайтын болса, онда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тексеру жұмыстарын бастайды»

Егер «АрселорМиттал Теміртау» сотта жеңіске жететін болса, онда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин елімізде арматураның не себепті қымбаттағанын өмір-бақи білмей өтетін болады.

Біз өз кезегінде, металлургия алпауытының 2020 жылғы қаржылық есебінен оның ішкі нарық пен экспортқа қалай жұмыс істегенін көргіміз келеді. Миллиардер Лакшми Митталдың Қарағандыдағы біраз құпиялары сол кезде ашылатын сияқты.

Тегтер: