15 Сәуір 19:40

Өседі VS Құлайды. Үкімет баспана бағасының өсуімен НЕГЕ «слух» жіберу арқылы күресе бастады?

Фото:

Осы аптада Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев және мемлекеттік «Отбасы банк» төрайымы Ләззат Ибрагимова ақпараттық кеңістікке қатар шығып, тұрғын үй бағасына қатысты жұртты тыныштандыруға тырысты. Бірақ нарықты бақылап отырған сарапшылар олардың мәлімдемесіне сенбейтіндерін айтады.

«Біз апта сайын жылжымайтын мүлік бағасын бақылап отырамыз», - дейді, брифинг өткізген Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев. Оның басты себебі бар - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке баспана бағасын тұрақтандыру бойынша әрекет етуге тапсырма берген болатын.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев. Фото: Zakon.kz

Вице-министрдің айтуынша, жаңа бағдарлама енгізілгеннен кейін тұрғын үй бағасы көтеріле бастады. «Бастапқы нарықтағы тұрғын үй құны қаңтарда 3 пайызға, қайталама нарықтағы тұрғын үй 17 пайызға қымбаттады. Наурызда бағаның өсуі тоқтады. Біріншісі 0,5 пайызға, ал екіншісі екі пайызға қымбаттады. Сәуір мен мамыр айларында өсім тоқтайды, ал маусым мен шілдеде бағалар тұрақтанады деп ойлаймыз».

«Импортпен келетін құрылыс материалдары шарықтап жатқанда өзімізде шығып жатқан материалдар қатты қымбаттаған жоқ. Тек арматура бағасы 33% өсті. Сондықтан біз жаңа зауыттарды іске қостырдық. Қазір нарық 100 пайыз отандық арматурамен қамтамасыз етіліп отыр»

Ал «Отбасы банк» төрайымы Ләззат Ибрагимованың сөзінше, жылжымайтын мүліктің өзіндік бағасында еңбек ресурстарының құны өте үлкен үлеске ие. Бір сөзбен айтқанда, құрылысшылардың айлығы өсіп жатқанда, тұрғын үй бағасын арзандату оңай болмайды. «Қазақстандағы орташа жалақы статистикасына қарасақ, 2020 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша 233 136 теңге болды. Бүгін ресми статистика шықты. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша номиналды орташа жалақы шамамен 11 пайызға өсті», - деп түсіндіреді банк басшысы.

«Тиісінше, краншылардың, монолит құятын қызметкерлердің, әрлеушілердің еңбегі жылжымайтын мүліктің бастапқы нарығына әсер етеді. Біз өз тарапымыздан талдау жүргізіп, жылдың екінші жартысында, бұған дейін болжағанымыздай, мамырдың соңы мен маусымның басынан бастап баға нарығы тұрақтанады деп ойлаймыз»

Бұған дейін құрылысшылар одағы отандық құрылыс материалдарының үлесі өспей тұрып, бағаны арзандату мүмкін емес екенін ескерткен болатын. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев та шетелдік материалдардың көптігі бағаға әсер етіп отырғанын жасырмайды. Оның сөзінше, қазір әйнекті 100 пайыз шетелден әкелеміз. Оны арзандату үшін Қызылордадағы шыны зауытының салынып бітуін күту керек. «Санитарлық фаянс пен түсқағазды да 100 пайыз сырттан аламыз. «Самұрық-Қазына» компаниялар тобымен бірге инвестор іздеп жатырмыз. Биыл ол зауыттың да құрылысын бастап кетсек деп отырмыз».

«Жылу-изоляциялық материалдардың 38 %-ын ғана отандық өндірушілер беріп отыр. 62 %-ын шетелден әкелеміз. Оны да биыл 100 пайыз отандық өндіріспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін қосымша зауыттар ашылып жатыр. Осы жоспардың бәрі іске асқан кезде ғана үйлердің бағасы тоқтап, арзандайды деп сеніп отырмыз».

Бірақ ол жоспар қашан іске асады? Ол зауыттар салынып біткенше тұрғын үй бағасы аспандап кетпей ме? Нақты шара жоқта Үкіметтің жоспарларды алға тарта беруі сарапшылардың күлкісін келтіріп отыр.

"Бұл болжамдармен келіспейміз", - деп жазады, RiskTakers авторлары. "Вице-министр мен «Отбасы банк» төрайымы мұндай мәлімдемелерді алыпсатарларды тыныштандыру, әрі Мемлекет басшысының баспана бағасын тұрақтандыру бойынша бұйрығын орындау мерзімін ұзарту мақсатында жасап отыр деп білеміз. Министрлік пен «Отбасы банк» өз тарапынан бағаны ұстап тұру бойынша тапсырманы орындай алмады".

«Ал бағаның өсуі әлі де жалғаса береді. 2021 жылы үй бағасының қымбаттауы бастапқы тұрғын үй үшін 8,4 пайыздан, ал қолданыста болған үйлер үшін 22,2 пайыздан асатын болады. Сонда соңғы 12 айда баспананың қымбаттауы 4 жыл бойғы ортақ көрсеткіштен де асып кеткен»

Сарапшылар мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларды ауыздықтауды ұсынып отыр. Nege.kz есебінше, бағаны ипотека емес, зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндігі және оның психологиялық әсері көтеріп жіберді. Ипотеканы жапқан жағдайда да, баға түсе қоймайды.

Бағаны мемлекет тек бір әдіспен реттей алады. Ол құрылысты субсидиялап, арзан бағамен барынша көп тұрғын үй көтеру.

Нарықтағы «слухтарға» «слухтармен» жауап қайтарып отырумен баспана бағасын ұстап қалам деу өзін-өзі алдағанмен тең.

Тегтер: