22 Сәуір 15:40

Енді қор құрамыз. Үкімет баспана бағасымен күресте НЕГЕ басын тауға да, тасқа да ұра бастады?

Фото:

Президент зейнетақы қоржынын ашып, баспана бағасын шарықтатты да, Үкіметке «бағаны қайта түсір» деп бұйрық берді. Фундаменталды құбылыспен күресуге дәрменсіз екенін білсе де, Үкімет тапсырманы орындау үшін түрлі ұсақ әрі тиімсіз шараларға баруға мәжбүр. Бұл жағдайдың дәл анықтамасы бар. Ол – «имитация бурной деятельности», яғни қызу жұмыс істеп жатқан түр көрсету.

Баспана бағасымен жалғыз күресу ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевқа жүктелген сияқты. Вице-министр – үкімет құрамындағы өте сауатты әрі кәсіби мамандардың бірі, бірақ жалғыз өзі не істей алады?

Басында үй бағасына қатысты түрлі болжам айтып, нарықты қозғап көргісі келіп еді, онысынан түк шықпады. Енді тағы бір идея көтеріп отыр.

Қайырбек Өскенбаев. Фото: strategy2050.kz

Ол – жеке әлеуметтік жылжымайтын мүлік қорларын құру. Кезекте тұрған азаматтарға жалға берілетін пәтер салып беру үшін, құрылыс компаниялардың шығыны қор есебінен субсидияландырылмақ. Ал Қазақстанның тұрғын үй корпорациясы (бұрынғы «КИК», «ФГЖС» пен «Бәйтерек девелопмент») жалға берілетін тұрғын үй пулдарын қалыптастырып, жалға алушылармен шарт жасап, қорды басқаратын болады.

«10 мың пәтерлік тұрғын үй пулы үшін жылына 5,3 миллиард теңге көлемінде субсидия қажет. Тұрғын үй пулдарын қалыптастырғаннан кейін жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген осы қорлардың облигациялары кепілдендірілген кірістілігі бар нарыққа ұсынылады. Жалдау ақысын субсидиялау тетігін іске асыру үшін отбасы банкінің өкілеттіктерін күшейту сөз болады»

Бірақ жылжымайтын мүлік нарығының сарапшылары бұл шешімнің баспана бағасына жағымды әсер беретініне күмәнмен қарап отыр. «10 мың пәтер нарықтың тек 3 пайызын құрайды. Бұл – теңіздегі тамшы», – дейді «Tetin» консалтинг компаниясының бас директоры Лев Тетин.

«Мұндай жобалардағы құрылыс сапасының төмендігі оларға деген сұраныстың азаюына алып келеді. Нарық бағаны ешкімнің сырттан қол сұғуынсыз өзі реттеуі керек. Құрылыс жобасы сапалы болса, ондағы үйлер әрқашан 15-20% қымбатқа сатылады. Бізге сапа мен баға балансы қажет. Ал мұны мемлекет емес, тек бизнес жасай алады»

«Менің ойымша, қор құра салғаннан бағалар кері қайтпайды. Себебі маржаға бүкіл құрылыс нарығы тәуелді болып отыр. Ал пандемия кезінде құрылыс материалдары едәуір қымбаттап кеткен», – деп түсіндіреді тәуелсіз сарапшы Талғат Байдосов. Оның сөзінше, қазір халық зейнетақы қаржысын тұрғын үйге пайдалана алатын уақытта бағаны тұрақтандыру өте қиын.

«Менің түсінуімше, нарыққа арналған 10 мың пәтер деген тым аз. Егер 100 мың пәтер салынса және оған халықтың барлық топтары қол жеткізе алатын болса ғана, бағаны тұрақтандыру идеясының өміршең екенін айтар едік»

«Оның өзінде тұрақтандыруды нарық тетігінсіз жүзеге асыра алмайсыз», – дейді Талғат Байдосов. «Сондықтан мұнда REIT, баспана лизингі сынды механизмдер қолданылуы тиіс. Сонда ғана үкімет мақсатына жете алады».

Ал Nege.kz модельді болжамы бойынша, алдағы мамыр айында бағаның өсуі шекті межеге тіреліп, баяулай бастамақ. Ол зейнетақы қорының қаржысын тұрғын үйге бағыттау бойынша негізгі лектің сарқылуымен байланысты. Енді БЖЗҚ факторы кетіп, құрылыс материалдарының қымбаттауы, құрылысшылардың жалақысының өсуі сынды факторлар алдыңғы қатарға шығады.

Демек бастапқы тұрғын үй бағасы бәрібір арзандамайды, ажиотаж тек қолданыста болған үйлер нарығында саябырсуы мүмкін. Сондықтан үкімет не істесе де, нарыққа оның әсері жоқ.

Тегтер: