Ерсұңқар Тұрғанбаев: Өрт сөндірушілер – көрінбейтін майданның жауынгерлері

Біздің ортамызда өмірін қауіп-қатерге тіксе де шарпыған оттың жалынын басып, өз жанынан өзгенің жанын артық көретін мамандық иелері бар. Төніп тұрған қауіптен аман алып шыққанша арпалысатын өрт сөндірушілердің ерлігін қанша ұлықтасақ та артық болмас. Олар жалынға оранған зат үстіне құлап жатса да, иіс тиіп, ес жоғалтса да тілсіз жаумен арпалысып-ақ келеді.
Nege.kz тілшілері қоғамға аса қажетті мамандық иесі – өрт сөндіруші және құтқарушы Ерсұңқар Серікқазыұлы Тұрғанбаевпен сұхбаттасқан еді.
– Сұхбатымызды өзіңіз жайлы мәліметтен бастасақ. Өзіңіз туралы айтып берсеңіз?
– Мен 1993 жылы Алматы қаласында дүниеге келгенмін. Қазіргі уақытта Алматы қаласында арнайы мамандандырылған жасақ Өрт сөндіру бөлімінде құтқарушы-өрт сөндіруші лауазымында жұмыс істеп жатырмын. Азаматтық қорғау саласында қызмет еткеніме үш жарым жылдан асты.
– Осы мамандық бойынша білім алдыңыз ба? Қандай оқу орнында оқыдыңыз?
– Жалпы өрт сөндіруші болғанға дейін оқыған оқуым ол – экономист мамандығы. Қазір өрт сөндіру бөліміне орналасқаннан кейін екінші жоғарғы оқу орнына түстім. Арнайы қызметім бойынша оқып жатырмын. ҚазИТУ университетінің соңғы курс студентімін. Еңбектегі қауіпсіздік саласы бойынша бакалаврды аяқтаймын. Бұйыртса, осы оқу орнынан кейін жұмысымды ары қарай жалғастырып, офицер шенін алуды көздеп отырмын. Қазіргі таңда атқарып жатқан мамандығым бойынша білімімді барынша шыңдап жатырмын.
– Неге өрт сөндіруші болдыңыз? Бұл мамандыққа келуіңізге не түрткі болды?
– Негізі мектеп қабырғасында жүргенде әскери адамдардың өмірі қатты ұнайтын. Әскери өмірге қатты қызықтым. Сол себепті де әскери бөлімшеге жұмысқа орналасу туралы ойымды отбасыма айттым. Әкем қарсы болды. Оған себеп көп еді. Үйдің үлкенімін және жалғыз ұл болғандықтан шектеулер болды.
Әскери адамның өмірі белгілі, бір қаладан екінші қалаға жіберуі мүмкін. Сол себепті отбасым қарсы болды. Сосын өрт сөндіру қызметін таңдадым. Оның да әскери өмірге ұқсастығы бар. Бұл жерде де әскердегідей темірдей тәртіп орнаған. Жарғы бойынша осы жаққа келдім, әскери шен тағуға қызықтым. Сол себепті, бұл арманымдағы мамандық десем де болады.
Ерсұңқар Тұрғанбаев
– Өрт сөндірушінің бір күні қалай өтеді? Мәселен, Сіздің жұмыстағы бір күніңізді айтып беріңізші.
– Өрт сөндірушінің күні таңғы 8.00-ден басталады. Таңғы сегізде келеміз, ал сегіз жарымда таңғы таралым басталады. Түсуші қарауыл мен ауысушы қарауыл тексеріледі. Түсуші қарауылдың денсаулығы сұралады. Бүгінгі қызметті атқара алатыны қатаң түрде қаралады. Себебі, адам сырқаттанып тұрса, бір жері ауырып тұрса ол тәуліктік қарауылға түсірілмейді.
Біріншіден, осы жағдай тексеріледі, екіншіден, өрт сөндірушінің жеке құжаттары, жүргізуші куәліктері түгенделеді. Бір тәулікте атқарылатын жұмыс таныстырылады. Бұл жұмыс 9.00-ге дейін атқарылады. 9.00-ден 10.00-ге дейін дайындық жүргізіледі. Әркім өзінің жеке құралдарын, өздеріне жүктелген өрт сөндіру жабдықтарын түгендеп, өрт сөндірушінің киімін қадағалап, жіті тексеріледі. Дабыл жағдайында тез киінуіне ыңғайлап, дайындап қояды.
Күнделікті түскен қарауылға сағат 10.00-ден бастап 12.00-ге дейін сабақ басталады. Бұл – күнделікті норматив. Өрт сөндіруші өзінің физикалық қалпын сақтау үшін күнделікті жауынгерлік норматив тапсырады. Дабыл қағылса, бірден өрт сөндіруге аттанамыз. Осылайша әр күніміз қарбаласпен өтіп жатады. Жұмысымыз жауапкершілікке толы. Барынша адал атқаруға тырысамыз.
– Сіздің тәжірибеңізде өрттің шығуына қандай жағдайлар (факторлар) жиі себепші болды?
– Негізі өрттің шығуы көбінесе сым тоқтардың ескіруінен болады. Сонымен қатар адамдардың салғырттығы кесірінен де болып жатады. Себебі біз барған көптеген шақыртулар сымдардан кеткен ақауларға байланысты. Көп жағдайда адамдардың өздерінің салғырттығы да себеп. Ауласындағы қоқысты өртеймін деп қателік жібереді. Сол себепті, мұндай жұмыстарға мейлінше сақ болса екен деп тілеймін.
– Өрт сөндіру кезінде есіңізде ерекше қалған сәттер бар ма?
– Жұмыс барысында ерекше есте қалатын сәттер өте көп болады. Өрт шыққан жерде адамдар қалып қояды. Оларды құтқарып аламыз. Кейде жан-жануарларды құтқарып алатын кездер болады. Құжаттарды да алып шығып жатамыз. Ең басты құндылық – адам өмірі.
Адам өмірін өрттен арашалап аман-есен алып шыққанда сыртта тұрған адамдар, көрші-қолаңдары және жай ғана қарап тұрған қарапайым халық қошемет көрсетеді. Қол соғып, «жарайсың!» деп арқаңнан қағады. Сондай кездерде бір марқайып қаламыз. Осы сәттер есімізде ерекше сақталып қалады. Халықтың қошеметі мен алғысы ары қарай жұмыс істеуге шабыт береді.
– Жұмыс барысында өміріңізге қауіп төнген кездер болды ма? Сіз қалай әрекет еттіңіз?
– Жұмыс барысында өміріме қауіп төнген кездер болды. Себебі өрт сөндіруші бөлімшеден өрт ошағына барғанға дейін өзін алда не күтіп тұрғанын білмейді. Қандай қауіптің алдында тұрғанын аңғармайды. Сол себепті ең алдымен қауіпсіздік шараларын сақтауға барынша тырысамыз. Тек қауіпсіздікті сақтау арқылы ғана адамдардың өміріне араша түсіп, қиындықта тұрған адамды алып шығу – біздің басты жұмысымыз.
Біз қауіппен күресушіміз. Әрбір жұмыс күніміз қауіпке толы. Бізді де үйде ата-анамыз, жақындарымыз күтіп отыр. Оларды да ойлауымыз керек. Дегенмен, сенің көмегіңе зәру адамдарды құтқарып, отты ауыздықтаған кезде барлық қиындықтың артта қалғанын сезінеміз.
– Өрт сөндірушінің жұмысы қауіпке толы, үлкен жауапкершілікті қажет ететінін айтып отырсыз. Кейде қолыңызды бір сілтеп кетіп қалғыңыз келетін сәттер бола ма? Ондай кезде сізді не тоқтатады?
– Бір-екі рет ондай сәт өмірімде болды. Қолымды бір сілтеп кетіп қалғым да келді. Ол қандай сәттер дейсіз ғой? Менің ғана емес жалпы өрт сөндірушілердің басындағы жағдай деп айтар едім. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жұмысы өз деңгейінде лайықты бағаланбай жатады. Кейде істеген істері көрінбей, тасада қалады. Сондай кездерде бір ойланып қоясың.
Өрт сөндірушілер – көрінбейтін майданның жауынгерлері сияқты. Сол себепті олардың жұмысы теңізге тамған тамшыдай көрінбей қалады. Әрбір өрт сөндірушіні ержүрек, батыр деп білемін. Мен ғана емес барлық өрт сөндіруші құрметке лайық. Халық әрбір өрт сөндірушінің жұмысы ерлікке толы екенін біледі. Халықтың амандығы үшін жұмысымызды жалғастыра береміз.
– Сұхбатыңызға рахмет!