28 Қазан 13:38
...

Ермұрат БАПИ: Миттал НАЗАРБАЕВТЫҢ қолтығына кіріп алды да, қауіпсіздікті ұмытты

Фото:

Мәжіліс депутаты Ермұрат БАПИ Митталдың меншігіндегі кен орындарын мемлекетке қайтарып алуды талап етті. NEGE тілшісі депутаттан мәселенің мән-жайын сұрады.

 Шахтадағы жарылыс, бірнеше адамның қаза табуы қабырғамызды қайыстырды. Сіз бұған дейін де Парламентте «Қарметкомбинатты» Митталдың меншігінен кері қайтарып алу мәселесін айтып едіңіз...

– «Қарметкомбинатта» болған кезекті апаттан кейін тамыз айында Парламентте бұл мәселе талқыланып, оны Митталдың меншігінен қайтару жөнінде мәселе көтерілген. Оны Үкімет бірауыздан қолдап, жаңа меншік иесін, яғни инвестор іздеу жөнінде біраз әрекеттер жасалған.

Алып компанияның менеджментін басқару да оңайға түспейді. Сондықтан оны кім көрінгенге табыстай салуға болмайды. Ресейдің «Полиметал» компаниясы ниет білдірген еді. Бірақ оған қоғам қарсы шықты. Содан кейін бұл мәселе сөзбұйдаға салынып, кейін мүлде жабылып қалды.

Е.Бапи.

 Комбинатты жекешелендірудің артында Назарбаевтың тұрғанын алға тарттыңыз. Ескі Қазақстан әлі де күшті деген сөз бе бұл?

– Назарбаевтың жұмысын осы комбинаттан бастағаны баршаға белгілі. Оны жекешелендіру жағы да соның нұсқауымен орындалды. Неге десеңіз, 90 жылдардың аяғында «Фест-Альпине» атты австриялық компания комбинатты басқаруға ниет танытқан.

Олар әп-әдемі жұмыс бастап жатқан кезде Назарбаев тартып алып, Митталға табыстады. Президенттің қолдауымен келген компания оның қауіпсіздігіне қайдан мән берсін? 

Қазірдің өзінде ондағы жабдықтар сонау Кеңес заманынан қалған көне жәдігерлерлер. Шахтаға түсіп-мінетін жеделсатылардың өзі ескі, әлі күнге дейін жаңармаған. Өткен отыз жылдан бері «Қарметкомбинаттағы» апаттардан 130 адам қаза болыпты.

 Мұны Үкіметтің салғырттығы деуге бола ма?

– 90-жылдары Әкежан Қажыгелдин Үкімет басшысы болып тұрған тұста өндірістік техникалық қауіпсіздікті дамыту саласына байланысты талапқа сай «Арселор Митталмен» арада арнайы келісімшартқа қол қойылған және компанияның 25 пайыз акциясы Қазақстан үкіметіне тиесілі болды. Кейін ол акцияның да қайда кеткені белгісіз күйде қалды.

Фото: ғаламтордан

Осылайша Миттал Назарбаевтың қолтығына кірді де, әбден ескірген комбинаттың қауіпсіздігіне қаржы бөлуді қойды. Әйтпесе бұл мәселені шешу оның қалтасына ауырлық салмайды. Енді міне, тағы ондаған азаматымыздан айырылып отырмыз.

 Мәжіліс депутаты ретінде істі соңына дейін апаруға тырысасыз ба?

– Әрине, алдағы пленарлық отырыста бұл мәселені міндетті түрде көтереміз. Әлихан Сымайлов бастаған Үкіметтік комиссия да құрылған екен.

Енді мәселе түбегейлі шешілуі тиіс. Мәселен, Митталмен Қазақстан үкіметі арасындағы инвестициялық келісімшарт мүлде тоқтатылу керек.

Бұл бірден атқарылмайтын да шығар. Өйткені бұл халықаралық соттарға, үлкен арбитраждық дауларға әкеп тірелетін мәселе болғандықтан, біздің білікті заңгерлер Митталмен арадағы инвестициялық қарым-қатынаста Қазақстанның мүддесіне зиян келмеуіне күш салу керек.

 Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Бірді-екілі адамды ғана кінәлі деп тауып, соңы сиырқұйымшақталып кетуі мүмкін ғой?

– Бұл жолы ондай болмайды деп ойлаймын. Себебі, оқиға жер астындағы метан газының жарылуынан туындап отыр. Өз басым бұл оқиға комбинаттағы құрылғылардың тозығы жеткеніне байланысты болды деп есептеймін.

Б.Әбілев.

Редакциядан: Үнді миллиардері Лакшми Митталды Қазақстанға қандай жел айдап әкелді? Саясаткер Болат ӘБІЛЕВ кезекті сұхбаттарының бірінде «Митталды Қазақстанға жетектеп әкелген Машкевич» екенін айтқан.

«Миттал Қазақстанға Машкевичтің арқасында келді. 1998 жылы BBC-ге берген сұхбатында Миттал Қазақстанға Машкевичтің шақыртуымен келгенін айтады. Одан бөлек 100 млн доллар «комиссионный» төлегенін мойындайды. Арада делдал болып Машкевич жүрген...», – дейді Б.Әбілев. 

«Қуды қу табады, шұқанақты су табады» деген сөз бар. Егер Б.Әбілевтің айтқаны рас болса, Мәжіліс депутаттарының Митталдан кейінгі айналысатын мәселесі Машкевич болуы тиіс...

Тегтер: