3 Қаңтар 22:39
...

Ерлан САЙЫРОВ: Саяси тепе-теңдік болса, ҚАҢТАР оқиғасы қайталанбайды

Фото:

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне көлемді сұхбаты шығып, онда Қаңтар оқиғасы туралы да біршама сөз қозғады.

Мемлекет басшысының айтқандарына сарапшылар түрлі пікір білдірді. NEGE тілшісі Мәжіліс депутаты Ерлан САЙЫРОВТАН пікір сұрады.

Президент сұхбатында Қаңтар оқиғасына қатысты «белгілі бір ықпалды топтар билікті күшпен басып алмақ болды» деді және «бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынды» дегенді айтты. Сіздің пікіріңіз қандай?

– Президент Тоқаев 2019 жылы билік басына келген күні «саяси реформалар жасамай біздің елімізде тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету мүмкін емес» деген. Сонымен бірге, сол кезде Ұлттық кеңес құрылып, оның аясында саяси реформалар бағдарламасы қабылданды.

Фото: ғаламтордан

Міне, осы саяси реформаларды іс жүзіне асыртпау үшін сол кездегі «реакциялық күштер» президентке қарсы іс-қимылдар жасай бастады. Олар – Назарбаевтың кезінде белді қызметтер атқарған, сонымен бірге күштік құрылымдарда өздерінің тамырын жайып жіберген көптеген күштер.

Оның ішінде М.Бекетаев пен К.Мәсімов бар, сонымен бірге, сол кездегі күштік құрылымда істеген, қазір кетіп қалған басқа да азаматтар бар. Олардың барлығы саяси реформаларды іске асырмауға күш салды.

Екінші жағынан, президент Тоқаевтың жұмысына қатысты «аяғынан шалу» процесстері басталды. Міне, осы «реакциялық күштердің» саяси реформалардан қорқуы – бір себеп. Олардың Тоқаевтың саяси реформаларына қарсы шығуы Қаңтар оқиғасына алып келді. Олар Тоқаевты биліктен ысыру жөнінде жоспар жасаған. Қаңтар оқиғасы – сол жоспардың құрамдас бөлігі.

– Тоқаев: «Бізді Ресей құтқарып қалған жоқ, біз ҰҚШҰ көмегіне жүгіндік», деп бірнеше рет айтты. Бізді Ресейге қарыздар көретін көрші елдің кей бір сарапшыларының пікіріне қатысты не айтасыз?

– ҰҚШҰ-ға тек қана Ресей емес, басқа да мемлекеттер мүше. Сондықтан ол жерде Қазақстан Ресейге де, басқа мемлекеттерге де кіріптар болған жоқ. Өйткені бұл туралы сол ұйымның жарғысында жазылған. Бұл мәселе жөнінде ешқандай спекуляция жасаудың қажеті жоқ. Сондықтан бітімгершілікке шақырған кезде, сол ұйымның жарғысы бойынша қадам жасады және бірде-бір мемлекетке кіріптарлық жоқ деп ойлаймын.

Фото: chern-molnija.livejournal.com

Сонымен қатар: «Бейбіт шеруге тыйым салынбайды, ал жаппай тәртіпсіздіктің кез келген түріне қатаң тосқауыл қойылады», деді президент. Елімізде бейбіт шерулер қалай өтіп жатыр? Қазақстандағы сөз бостандығына қандай баға бересіз?

– Қазіргі таңда біз өте күрделі, турбулентті заманда өмір сүріп жатырмыз. Халықаралық жағдай өте күрделі. Сондықтан, демократия деп, өзіміздің мемлекетіміздің тәуелсіздік принциптерін де ұмытпауымыз керек. Демократия дегеніміз ол – норма және процедура. Плюрализм дегеніміз де белгілі бір саяси мәдениет. Сондықтан біз демократиялық норма – процедураны орындау процесі екенін әрқашан есте сақтауымыз керек.

Бауыржан Момышұлы: «Заңға бағынған халық құл болмайды», – деген. Сондықтан, біз демократияның осы аспектілерін де есте сақтауымыз керек.

Ал енді демократияның жалпы процедураларына келетін болсақ, біздің елімізде аудан мен ауыл әкімдері, мәслихаттың барлық деңгейінің депутаттары және мәжіліс депутаттары халық сайлауынан өтті. Менің ойымша, демократияның барлық процедуралары іске асты.

Фото: ғаламтордан

Бейбіт шерулерге келетін болсақ, Қазақстан Республикасының митинг туралы заңы бойынша бейбіт шерулердің қалай өтетіні анықталған және сол бойынша жұмыс істеуі керек. Өйткені заң болғаннан кейін, оны орындау қажет.

Қаңтар оқиғасына 2 жыл толды. Содан бері не өзгерді? Қанды қаңтар сияқты қасіретті жағдай қайталанбас үшін не істеу қажет?

– Ең бірінші, олигархиялық топтардың экономикалық фундаментін жою керек. Олигархиялық топтарға берілген саяси-экономикалық, әкімшілік және басқа да артықшылықтарды жою қажет. Кедейшілікті жоюымыз керек және де ішкі жалпы өнімнің Қазақстан халқының барлығына әділетті түрде бөлінуіне жағдай жасалуы керек. Қазіргі президенттің қадамдары осыған бағытталған. Егер осы қадамдар іске асатын болса, онда біздің елімізде саяси тепе-теңдік пайда болады және Қаңтар оқиғасы сияқты жағдай қайталанбайды.

Тегтер: