«Еркек секс-машина емес...» – Бизнес-тренер Ахметбек Нұрсила жаңа жоба бастады

Кәсіпкер, бизнес-тренер, соңғы кезде адам емдеумен айналысып жүрген Ахметбек Нұрсила қоғамды әлеуметтік желідегі азғындықты тыюға атсалысуға шақырды. Ол желіде ашық түрде анайы сөйлеп, азғындық әрекеттері арқылы кері тәрбие беріп жатқандарды тезге салу керек деп есептейді.
«Азғындарды ауыздықтайық!» жобасын бастаған Ахметбек Нұрсиланы NEGE тілшісі әңгімеге тарқан еді.
«Әншілерді «шырылдауық шегіртке» деп бекер айтқан жоқпын»
– «Азғындарды ауыздықтайық!» атты жоба бастап жатыр екенсіз. Жалпы, қоғамда, әлеуметтік желіде «белден төмен» әңгіменің сөз болуына не себеп?
– Бірінші, адамдардың сауатсыздығы, кітап оқымауы, бір сөзбен айтқанда білімсіздік. Өздері сол тақырып жайында ізденуге ерінеді де, жеңіл жолды таңдап, біреудің шайнап бергенін жұта береді. Қазір өзім Инстаграм желісіне «Топастанграм», Тик-Токқа «Түкжоқ» деп ат қойдым. Құр босқа басқа қоқыс жинап береді.
Өкінішке қарай, жеңіл нәрсені насихаттау және оны жұқтыру өте оңай. Мысалы, тұмау сияқты басқа вирустар өте тез тарайды. Оған ешқандай күш, қаржы тартып керек емес. Сол сияқты ешқандай ата-ана «Баламды арақ ішуге, темекі тартуға, ұрлық жасауға үйрет» деп ұстаз немесе жаттықтырушы жалдамайды ғой. Осының бәрін бала өзі-ақ үйреніп алады. Дәл солай азғындықты насихаттау және тарату жеңіл.
Екінші, қазақ – тойшыл халық. «Отыз күн ойын, қырық күн тойын» деген сөз қайдан шықты? Көшпелі ел суық қыстан шығып, көктем келгенде ғана аққа аузы жетеді. Содан жайлауға көшкенде бой жазып, екі-үш ай тойлайды. Ас берсе де, арты тойға ұласады. Айтыс, бәйге, көкпар өткізеді, мұның да соңы думанға жалғасады. Содан ба екен, тойды культ санап, ерекше сағынып тұрамыз.

Үшінші – әншілерді тұлға санап, аспанға шығарып алдық. Әншілердің ақылы – дауысында. Көбінің интеллектуалдық деңгейі таяз. Қаншама әнші тікелей эфирде мазаққа айналған жоқ па? «Шырылдауық шегіртке» деп бекер айтқан жоқпын. Олар тек дауысымен «шырылдауды» ғана біледі. Есесіне, халық басына көтерген сайын ақшаны да көптеп таба бастады. Әрине, халықтың арқасында қымбат көлік мініп, зәулім үйде тұрады, шетелде демалады. Ол ол ма, әлеуметтік желіні жаулап, арнайы SMM, мобилограф мамандар жалдап, парақшасын шебер жүргізуді қолға алды. Сол жеңіл сөзді, жеңіл жүрісті адамдар әрі қарай да аудиторияны арзанқол дүниемен ұстап отыруға көшті. Оған жұрт та боққа үймелеген көк шыбын сияқты қаптай кетеді.
«Азғындарды ауыздықтайық!» жобасын Омар Жәлелден бастаймын»
– Сіз бұл күресті өзін абайтанушымын дейтін Омар Жәлелден бастайтыныңызды да айтыпсыз. Әуелгі әрекет қалай болады? Әлеуметтік желідегі парақшаларын бұғаттайсыздар ма?
– Сондай ұрымтал тұсты Омар Жәлел сияқтылар да ұтымды пайдаланды. Кітап оқымайтын, тарихты, халықтық философияны білмейтін адамдарға Абайды, Шәкәрімді, Мәжһүр Жүсіптің айтқандарының өңін айналдырып, жеткізеді. Ол жұртқа рухани «тамақ» беріп отырғандай болып, арасына «у» мен «нәжіс» қосады. Ал халық мұны талғамай жұта береді. Міне, оқырманының жанды жерінен ұстауды жақсы меңгергендер сол арқылы қырғын ақша тауып отыр.
Жоспарым мынадай: қазір біртіндеп қол, яғни әскер жинап жатырмын. Осы кезге дейін біздің «Жан мен тән» орталығына 5-6 мыңдай адам келді. Соның бәріне, кемінде 10 мың адамға Инстаграм мен Тик-токтан парақша ашқызамын. Олардың бәрі әлгіндей азғындардың парақшасына бір мезгілде шағым тастаса, акаунттарын жауып тастайды. Мұны мемлекет, құқық қорғау органдары жапқыза алмайды, шамасы жетпейді. Өйткені, Тик-ток – Қытайдың, Инстаграм – АҚШ-тың ресурсы.
Неге Омар Жәлелден бастау керек десеңіз, өйткені оның аузы дуалы. Ол қатардағы қарапайым адам емес, психологияны оқып, Абайды, Шәкәрімді жаттап алған, шешен сөйлейді. Жүздеген, мыңдаған адамды ұйыта отырып, арам пиғылын да сыналап кіргізеді. Оның да «жыныстық қатынас» жағынан ауытқуы бар. Өйткені, талай әйелдің тілін тауып, басына су құйған. Өзі отбасылық, әкелік, еркектік міндетін орындамағаннан кейін осылай маска киіп, қандай екенін жасыратын образға енеді. Яғни, әйелді төмендетіп, «ойнас қылсаң да, ұл тап» десе, тағы бірде «Маркер деген бар. Маркердің бір ғана қызметі бар: жазу. Маркер жазуды тоқтатқан кезде, біз оны тастаймыз. Әйелдермен де сондай» деуі – өзінің сексуалдық, маньяктық іс-әрекетін ел алдында ақтап алу. Бір сөзбен айтқанда, азғындықты ғылыми түрде насихаттап жүргеннің бірі.

Қазір жалғыз Омар Жәлел ғана емес, Red Айдана сияқты азғындыққа әкелетін анайы нәрселерді оттап жүргендердің тізімін жасап жатырмыз. Былайша айтқанда, әлеуметтік желіні «боқ-сідіктен» тазалаймыз. Бұлардың көксегені – қоғамды азғындыққа тәрбиелеу арқылы ақша табу. Басқа түк те емес.
– Мұның бәрі өзімізде болып жатқан жағдай ғой. Бізде кейбір әлеуметтік желі ақпарат құралына теңестірілді. Сол себептен де Мәдениет және ақпарат министрлігі қадағалау керек деп есептемейсіз бе?
– Министрлікке үндеу жасап, ұсыныс тастағым келмейді. Себебі, олар қоғамды іштей ірітіп жатқан дүниелермен айналыспайды. Оларға қызық емес. Егер ниеті болса, айыппұл салып, парақшаларын бұғаттауға болатын әрекеттер жасайтын еді. Бірақ айттың не, айтпадың не, ешкім бұған басын қатырғысы келмейді екен.
– Қазір әлеуметтік желідегі негізгі тақырып – «Әйелдер ерінен айрылып қалмауы үшін не істеуі керек?». Яғни, әлгіндей аудиторияны ұршықша иіріп отырғандар отбасын сақтап қалудың жолын үйрететін курстар өткізуге машықтанып алған. Ұят та болса айтуға тура келеді, олардың сөзінше бәрі төсекке кеп тіреледі-міс...
«Әйел қауымы еркекті төсек арқылы ғана ұстаймын десе, әуре болмасын»
– Еркек – мал емес. Әйел қауымы оны тек төсек қатынасы арқылы ғана ұстай аламын десе, әуре болмасын. Еркек – секс машина немесе әйел – қуыршақ емес. Кез келген адамда ар-ұят құндылығы, ата-анасы, баласы бар.
Мысалы, еркек ретінде айтайын, әйелімнің алдымен ата-анамды сыйлағаны керек. Екінші, ер азамат әйелінің сыйлап, құрметтеп тұрғанын қалайды. Үшіншісі – әйел ұрпақ әкеліп, тәрбиелеуі тиіс. Төртінші – қай қоғамда да үйіне келген қонақтың қас-қабағына қарап, күтіп алатын – әйел. Демек, қайсыбір еркек өзінің жарын осы төрт принцип бойынша таңдайды. Сондықтан жаратылысқа қарсы шығуға болмайды.
– Біздің қоғамда әйелдің белсенділігі артып, еркек оның тасасында тығылып қалған жоқ па? Ер азаматтың жауапкершілігін мойнына алып, отбасын асырап отырған бұрымдылар аз емес. Бәлкім, содан кейін де еркектерге деген құрмет төмендеген шығар?
– Иә, ондайлар да көп. Оған еркектер емес, заман кінәлі. Қазір қолмен жұмыс істеген адамның табысы баспен жұмыс істегендермен салыстырғанда он есе төмен. Мысалы, көше сыпырып, құрылыста дәнекерлеуші болып жүргендерге қарағанда жылы, таза жерде компьютерде отырып, жұмыс істегендердің табысы әлдеқайда артық.
Қазақтың ер азаматтарының аттан түскеніне жүз-ақ жыл болды. Көшпелі халық ешқашан бір жерде байыз тауып жұмыс істемеген. Мал бақты, шөп шапты, соғысты. Сол сияқты әйелдер кесте тоқып, жүн иірді, үй шаруасымен айналысты. Сондықтан олар кеңседе компьютермен жұмыс істеуге тез бейімделіп кетті. Біздің тренингке қатысқан ер азаматтардың көбі табандылықты талап ететін шұқыма жұмысқа жолағысы келмейді. Соған байланысты «Отырып істегенге ақша келеді, жүгіріп жүргеннен ақша қашады» деген мәтел шығарғам. Яғни, біздің жігіттер аяқпен жүріп ақша тапқанды қалайды. Бірақ еңбегі ауыр, табысы аз. Содан кейін де депрессияға түседі, әрі қарай қимылдағысы келмейді. Есесіне, әйелдер алдыға шығып, түрлі мамандықты меңгеріп, тәуір табыс табады.

– Стастикалық деректер бойынша, Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде екінші орында тұр. Бұған біз айтқан мысалдар себеп емес пе?
– Бірінші себебі – ер азаматтардың табысы азайып, әйелдікі басым түсуі. Екінші, біздің қоғамды бұзып жатқан – әлеуметтік желі. Қыз-келіншектер табысты дегендердің шалқып өмір сүріп, қымбат көлік мінеіп, зәулім үй сатып алып, үнемі шетелде қыдырып жүргендердің парақшасын қадағалап, қызыға қарайды. Өздері де солай өмір сүргісі келеді. Бірақ табысы аз күйеуі олай қамтамасыз ете алмайды. Әйел талап етеді, еркегі оны орындауға шамасы да, қаржысы да жетпейді. Сосын шектен шыққанда боқтайды, қол жұмсайды. Ақыр соңында ажырасуға әкеп соғады.
Үшінші, біз құндылықтарды жоғалтып алдық. «Еркектің киімін баспа», «ер азаматтың алдын кесіп өтпе», «еркектің алдына түсіп сөйлеме» дегенді бала кезден құлағымызға құйып өсірді. «Әкең келе жатыр», «әкең ұрсады» дегеннің өзі тәрбие еді. Қанша жерден әйел данышпан, мықты болса да, өзін сәл төмен қойып, ер азаматын жоғары қойды. Бұл – даналық. Мұны отбасында көрген ұл нағыз еркек болып тәрбиеленсе, қыз да болашақта ер азаматын сыйлайды.
Төртінші, «Шыққан қыз шиден тысқары», «Қыз – жатжұрттық» деген бар. Қыз – үйдің оң жағында отырған қонақ. Ол ертелі-кеш кетуі керек. Ал қазір әйелдерден руын сұрасаң, төркінін айтады. Әйел – өз жұрты ретінде келген жерін айтуы керек. Сол жұрттың ұрпағын өрбітіп, соларға қызмет етіп, сойылын соғуы тиіс. Бүгінгі аналар «Ішіме сыйған қыз сыртыма да сияды» деген оңбаған мәтел ойлап шығарып алған.
Бұрын қыз тұрмысқа шыққаннан кейін төркініне араға жыл салып баратын. Қыз ата-анасына әбден суып, барған жеріне сіңуі керек. Ата-ана сағынса да, жетіп бармайтын. Мұның астарында қызының болашағын ойлау саясаты жатыр. Міне, осы құндылықтан ажырап қалған соң шешесі қызынан бәрін сұрап отырады, қандай да бір дау туындаса, араға түседі. Айналып келгенде, шаңырақ шайқалып, отбасы ойран болады. Міне, мұның себебі осы.