13 Қазан 17:29
...

Ердоғанның екі ауыз сөзі Украинадағы соғысты тоқтатып, Қазақстанды қорғап қала ма?

Фото:

Астанаға ресми сапармен келген Түркия басшысы Ережеп Тайып Ердоған екі маңызды мәлімдеме жасады. Біріншісі ­– Түркияның территориялық тұтастығына кепілдік беруі. Екіншісі ­– Ресей президенті Владимир Путинге Украинадағы қантөгісті дереу тоқтатуға шақыруы.

«Тарихы терең, мемлекеттік тәжірибесі бар бауырлас Қазақстанның тұрақтылығына, бейбітшілігіне және егемендігі мен территориялық тұтастығына қолдау көрсетуді жалғастыра береміз. Бұрынғы кездердегідей, біз қазір де біргеміз», ­– деді Ердоған.

Түркия басшысының пікірінше, Украинадағы қантөгісті тезарада тоқтатып, түйткілдер дипломатиялық жолмен шешілуі тиіс.

«Біз Украинадағы дағдарыстың салдарын аймақтық және жаһандық деңгейде көріп отырмыз. Мен әрқашан әділетті әлемге дипломатия арқылы қол жеткізуге болады деп айтамын. Соғыста жеңімпаздар жоқ және әділетті әлемде жеңілгендер болмайды.

Екінші жағынан, біздің БҰҰ-мен соғыстың жағымсыз салдарын жою жөніндегі қарқынды күш-жігеріміз бүкіл әлемде мойындалды», – деді Түркияның көшбасшысы.

Ердоғанның екі ауыз сөзі Украинадағы соғысты тоқтатып, Қазақстанды қарулы қақтығыстардан қорғап қала ала ма? Қазақстандық сарапшылар бұл жөнінде NEGE-ге пікір білдірді.

Дос Көшім, саясаткер:  

Әр мемлекет алдымен өзіне сенуі керек

­– Түркияның бұл ұстанымы біз алғаш тәуелсіздік алған күннен басталды. Бұл бағыт әлі күнге дейін бар. Бұған қуаныштымын. Құдай басқа салмасын, осындай қиын жағдайға тап болсақ, Ердоған сөзінде тұра ма? Менің ойымша, сөзінде тұратын болу керек. Өйткені, Қарабақ соғысында Әзірбайжанды әскери тұрғыдан да, ақпараттық тұрғыдан да, әлемдік деңгейде де қолдайтынын көрсетті.

Бірақ әр мемлекет өзіне ғана сенуі керек. Басына іс түскен уақытта негізгі жүк мемлекеттің өзіне түседі. Соғысатын, қырылатын өздері болады. Мұны Украина көрсетіп отыр. Ешқандай ел азаматтарын өзге елдің соғысына салмайды. Сондықтан әр ел өзін, өзінің әскери күшін арттыруға жұмыс істеуі керек. Бұл ­– әлемде бар әскери тәжірибе.

Ердоғанның жақсы сөздеріне рахмет айтамыз. Алайда ең бірінші күш, сынақ қазақ халқының басына түседі.

Менің ойымша, Ердоғанның мәлімдемесі соғысты тоқтата алмайды. Ресей бұл деңгейден өтіп кетті. 24 ақпанға дейін мүмкін болар еді. Әскер кіргізген соң, бір нәтижеге қол жеткізбейінше, Путиннің кері шегінбейтіні белгілі. Ресей үшін ұтыс ­– территорияға иелік етіп, Украинаның билігін құрту мәселесі. Сондықтан бұл өте қиын жағдай.

Түркия бұл соғысты дипломатиялық жолмен тоқтатуға болады деген ұстанымынан танбай отыр. Ал Батыс дипломатиялық келісім болмайды деген ұстанымда. Олар санкция арқылы Ресейді экономикалық жағынан болдыртып барып, бейбіт келісім туралы мәселе көтеруді көздейді. Онсыз Путин келіспейді деп ойлайды. Меніңше, Батыстың көзқарасы шындыққа жақынырақ.

Қазбек Бейсебаев, саясаттанушы:

Бұл біздің дәрежемізді көтереді

­­­

– Ердоғанның айтқаны дұрыс. Мәлімдемелерін қолдаймын. Қазақстанның территориялық тұтастығы біз үшін ауадай қажет. Ердоған жай президент емес, Түркия сияқты салмағы бар елдің басшысы. Әрі бізге бөтен ел емес. 

Әрине, Украинадағы соғысты тоқтату керек. Түркия да, Ресей де, Украина да біз үшін шалғайдағы елдер емес.

Ердоған секілді халықаралық беделі бар басшылардың Қазақстанға келіп, осындай мәлімделер жасауы аса маңызды. Бұл сөздерді басқа жерде емес, Астанада айтып жатыр. Бұл біздің еліміздің дәрежесін көтереді.

Сондықтан бұл мәлімдемені Қазақстан азаматтары ретінде қолдауымыз керек. Мемлекет ретінде де. Әсіресе, халықаралық жағдай ушығып тұрған кезде.

Бөріхан Нұрмұхамед, саясаттанушы:

Бұл екеуін де Ресей президентіне айтылған ескерту ретінде қабылдау керек

– Мұның алдында Қытайдың төрағасы Си Цзиньпин келіп, дәл осындай мәлімдеме жасады. Бұл екеуін де Ресейдің президентіне айтылған ескертуі ретінде қабылдау керек. Ресейдің саяси күштері Қазақстанға қатысты «дұрыс саясат жүргізбей, орыс тілділерге қысым жасап жатыр» деп көзқарас білдіріп жатыр. «Қазақстанның мемлекеттілігі жоқ, Ресей берген» деген секілді әңгімелерге Қытай мен Түркия басшылары ескерту жасап, Қазақстанның территориялық тұтастығын қолдайтынын мәлімдеді.

Бұл ­– Қазақстанның, Президентіміздің дұрыс жүргізіп жатқан сыртқы саясатының нәтижесі.

Путиннің өзі де соғысты тоқтатуға әрекет жасайтынын айтты. Ол үшін қосып алған территорияларды мойындатуды қалайды. Ресейдегі саяси, әскери топтар онсыз соғысты тоқтатуға көнбейді. Батыс та келіссөздерге бармайтынын мәлімдеп отыр. Сондықтан соғыс әзірге тоқтамайды-ау...

Тегтер: