28 Мамыр 15:43

Елімізде 2000 жылдан бері қант диабетіне шалдыққандар саны артқан

Диабет
Фото: ғаламтордан

Қазақстанда қант диабеті дертімен ауыратын науқастар саны 2000 жылы 10742 болса, бұл көрсеткіш биыл 496 210 адамға жетіпті. Яғни 24 жыл ішінде 45 есе өскен. Бұл жөнінде Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ирина Смирнова айтып, кезекті рет дабыл қақты.

Алматы, NEGE. Депутат қант диабетінің алдын алу және емдеу ісіндегі олқылықтарды тізіп, Үкімет басшысы О.Бектеновке депутаттық сауал жолдады.

Оның айтуынша, біздің елде әлі күнге дейін қант диабетімен күресетін ұлттық деңгейдегі стратегия жоқ. Сондай-ақ осы бағыттағы бағдарламаның жоқтығы да диабет дертінің дендеуі мен одан болатын өлім-жітімнің өршуіне жеткізіп, отандық эндокринологтардың қант диабетін бақылауды уыстан шығарып алуына сеп болып отыр. Ал кейінгі жылдары сусамыр дертінің өршуіне көптен-көп әсерін бере бастаған тәтті тағамдар мен қанты мен энергетикасы мол сусындардың жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап бара жатқанын жеткізіп қынжылған депутат И.Смирнова Үкімет басшысы Олжас Бектеновтен бұл мәселеге жіті көңіл бөліп, нақты іске күн құрғатпай кірісу керектігін жеткізді.

«Генетикалық факторлар мен стресстен бөлек, қант диабетінің өршуіне халықтың ас рационындағы қанты көп тағамдар мен сусындарды тұтынудың артуы басты себептердің бірі болып отыр. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында тәттіге деген тәуелділік күнделікті тұтыну шегінен асып, сәйкесінше қант диабетіне және семіздікке шалдығу тенденциясы қарқынды түрде өсіп келеді. Қазіргі таңда ересек адамдардың 6 пайызы (диабеталды жағдай мен нақтыланбағандарын қоса есептегенде) қант диабетінің 2-типімен (СД2) ауырады, бұл өз кезегінде мемлекетке үлкен қаржылық қиындықтар тудырып отыр», – дейді депутат Смирнова.

Оның айтуынша, елімізде бүгінде күніне 100-ден аса жаңа науқас тіркеледі екен.

Қазақстандағы қант диабетінің қазынаға салып отырған жалпы қаржылық салмағына келер болса, тікелей медициналық және жанама шығындарды, еңбекке қабілеттіліктен айрылуды, жәрдемақыларды және т.с.с. жағдайларды есептегенде жыл сайынғы шығын кемінде 436,4 млрд теңгені құрайды екен және бұл көрсеткіш уақыт өткен сайын өсіп келеді.

И.Смирнова қант диабетімен күрестің тиімді шаралары болмауы бұл дерттің спецификалық асқынуының өсіуіне жеткізіп отырғанын да жасырмады.

«Атап айтқанда, 20 миллион халқы бар елімізде диабеттік ангиопатияға байланысты жылына 1894 адамға аяқтың жоғары ампутациясы (күніне 5 ампутация) жасалады. Сонымен қатар, негізгі ампутациядан кейінгі пациенттердің 5 жылдық өмір сүру деңгейі тек 24%-ды құрайтынын айтпасқа болмайды. Салыстыратын болсақ, Жапонияда (халық саны 127 млн.) ампутация саны жылына – 550. Қазақстан Республикасындағы барлық гемодиализдің 49%-ын қант диабетімен ауыратындар құрайды. Диабеттік ретинопатиямен асқынған қант диабетімен ауыратын науқастардың 41% көру өткірлігінің күрт төмендеуіне байланысты диспансерлік есепке алынған», – деген депутат И.Смирнова қант диабетіне қарастырылып отырған қаржының қысқарып кетуіне қарсы екенін білдірді.

Оның айтуынша, біздің елде қант деңгейін түсіретін дәрі-дәрмектің барлығына дерлік түрі қолданылады. Бұл бұрынғы кеңестік елдер ішіндегі жоғары жетістік. Былтыр қант диабеті бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 33 млрд. теңге бөлінген екен.

Ал биылғы су тасқынына байланысты шығындарды азайту мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі диабетпен күреске қарастырылған қаражатты да қысқартпақшы. Депутат мұндай қадамның салдары жемқорлық, әлеуметтік және имидждік тәуекелдерге әкеліп соғатынын айтып отыр.