«Элитаға – элиталық зират». Бейітті алтынмен аптап, күміспен қаптау кімге керек?
Таяуда Қырғызстан билігі зираттарды заманауи стандарттарға сәйкестендіру үшін бірыңғай дизайн енгізуді жоспарлау туралы сөз қозғады.
Сәулет, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мемлекеттік агенттігінің директоры Нұрдан Орынтаевтың айтуынша, жаңа дизайн қолжетімділік пен қарапайымдылықты қамтамасыз етуі тиіс. Діни дәстүрді ескере отырып әзірленетін бұл жоба қажетсіз сән-салтанатты жоюды көздейді. Оған қатысты алғашқы дизайн нұсқалары жақын арада ұсынылмақшы.
«Елімізде ескерткіштері бар молалар көп. Ескерткіштерді орнату халық үшін қымбатқа түседі. Біз мұны ретке келтіруіміз керек. Қателеспесем, заң бойынша зираттарды соңғы жерленгеннен кейін 40 жылдан кейін қайтарып алуға болады. Жабық зираттар бар, бірақ ол жерлерде мелиоративтік жұмыстар жүргізілмеген. Мұның бәрін ретке келтіру керек», – деп түйіндеді Н.Орынтаев.
Бұл мәселе көптен бері Қазақстанда да айтылып жүр. Бізде де бірінен бірі өткен, кәдімгі сарай іспеттес зират көп. Басқа қаланы айтпағанда, Алматыдағы «Кеңсайды» кәдімгі элиталық қабір қалашығы дерсің. Тіпті, қайтыс болған кісіге қабірді мрамор мен граниттен салатындар бар. Соған қарағанда қабір салу бәсекеге, мақтанға айналып кеткен сияқты. Құны 250-300 мың долларға дейін баратын қабірлерді көргендер «Менің тұратын үйім мұндай емес қой...» деген ойда қалған да шығар, кім білсін?!
Бірде Астана қаласындағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы Саят Серікұлы Астананың маңайында құны 40-50 миллион теңге болатын қабірлердің бар екенін айтқан еді. Оның сөзінше, бұл – елде зират орнатудың жалпыға ортақ тәртібінің болмауынан. Тіпті, дін өкілдері Қазақстанда 30 жыл ішінде жерлеу мәдениеті мен ережесі қалыптаспаған.
«Шын мәнінде, бағалы материалдардың қайтыс болған кісіге ешқандай пайдасы жоқ. Бұл – бірінші кезекте үлкен ысырап. Одан да бұл қаражатқа кедейлердің баспана мәселесін шешуге болады. Осы жақсылықтың сауабы қабірге барады. Шариғатта марқұмның атынан жақсылық жасау құптарлық іс», – деген «Азаттық рухына» түсініктеме берген наиб имам.
Екіншіден, әркім өз білгенінше зират тұрғызғандықтан, адам жерлеуге арналған орын тапшылығы байқалады. «Біреуі 5 метр жер алса, енді бірі 50 метр жерге иелік етіп алған. Зират салатын орынды әкімшілік белгілейді. Ондай орындар 5-6 жылдың ішінде толып қалады. Егер зиратта ірі құрылыс жүрмегенде, жерлейтін орындардың жартысы бос болар еді», – дейді Саят Серікұлы.
Ал Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, бұл мәселені көтергелі 10 жылдан асқан.
«Бұл бағытта арнайы имамдар форумы өтті. Нәтижесінде «Зират және зиярат мәдениеті» деген құжат қабылданды. Онда зиратты қалай тұрғызу керек және зиярат еткен кезде қандай әдеп сақтау керектігі жазылған. Ең маңыздысы қабір орнатудағы ережелер қамтылған. Біз енді ұсыныс ретінде айттық. Әрине, мешіттің имамдары жамағатқа түсіндіріп, насихаттап жатыр. Сондай-ақ, Діни басқарма жанынан зират салуды реттеу үшін арнайы «Қамқор шарапат» салттық қызмет көрсету орталығын аштық. Оны ашудағы мақсат – халық арасында зират тұрғызу мәдениетін қалыптастыру. Орталықтың қызметіне жүгінген азаматтардың жерлеу рәсімі міндетті түрде Діни басқарма бекіткен ереже мен тәртіп бойынша жерленеді. Яғни, бұл кезде қабірді көтеру мәселесінде ысырапқа жол бермеу, жаназасын, Құдай асын берерде де шариғат талабы орындалады.
Бір аятта Алла Тағала «Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырапшылдыққа жол бермеңдер» деген. Әрине, дініміз мазарды салғанда пенденің байлығын көрсету үшін немесе мақтаныш ниетінен аулақ болуға шақырады. Ысырап жасау, жарысып зәулім зират салу дұрыс емес екенін алдағы уақытта та халыққа кеңінен түсіндіру керек», – десе, белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы зират салуды бір ізге түсіріп, ортақ стандартын енгізу қажет деп есептейді.
«Бұл Түркияның тәжірибесінде де бар. Түрік зираттарының көпшілігі қарапайым, марқұмдардың басына мәрмәрдан құлпытас қана қойылған. Өліге құрмет деген желеумен бейітті мұражайға айналдырып жіберу, зират басына мазар салу, мүсіндер орнату секілді дүние көзге ұра қоймайды. Өмірден өткендердің қабірі басына қымбат тастардан мазар тұрғызудың орнына сол өмірден өткен кісілердің атынан жетім-жесір, жарлы-жақыбайға садақа беріп, дұға жасағанды құптайды», – деген пікірін айты.
Дінтанушы Мұхиддин Исаұлы: «Зиратты бірізді ету мәселесін Ержан Малғажыұлы бас мүфти болып тұрған кезде де көтерген. Маған да тапсырма берген еді. Кейін зерттеп қарасам, Қазақстанда зират орнату мәселесі тереңде жатыр екен. Тіпті, біреулер кәсіпке айналдырып алған. Мұнда үлкен ақшаның басы қылтияды. Сондықтан Қырғызстан қолға алып жатса да, Қазақстан бірізділікке келтіре қояды дегенге сенбеймін. Онда да ауылды жерлерде ғана орындалуы мүмкін. Ал байы бар, басқасы бар, ауқаттылар тұратын үлкен қалаларда бірізге келтіруі қиындау. Мәселен, пантеондарға ешқандай ереже жүргізе алмаймыз да, бірақ басқаларға тыйым саламыз ба? Тепе-теңдік сақталмаған соң, «әркімнің өзі білетін ісі ғой» деп жылы жауып, елдегі нақты шаруалармен айналысқан жөн шығар деп ойлаймын», – деп жауап берді.
Бір имамның «Марқұм болғандар тірілердің жеріне таласпауы керек...» дегені бар. 50 метр жер алып, зәулім қабір орнатқанның сауабы бар ма? Шынында да, адам жақсылықты көзі тірісінде жасауы тиіс. Кейде әке-шешенің қадірін кеш түсініп, өзегін өксік кернейтіндер мұның амалын биік мұнаралы зират орнатудан іздейді.
Бірақ өз Жаратушысына қайтқан адамның артынан ең бірінші баратын жақсылық – оның бұл дүниеде жасаған ізгі істері мен ол үшін дұға жасап, атынан садақа беру. Өзгесінің бәрі – өзіңді алдарқату ғана.