Еліміздің оқушыларының инновациялық жобасы АҚШ-тағы чемпионатта үздіктер қатарына енді
АҚШ-тың Калифорния штатында Лонг Бич қаласында Western Edge Open робототехника чемпионаты өтті. Халықаралық бәсекеге жиырма елден оқушылар келді. FIRST LEGO League категориясы бойынша 80 команда сайысқа түсті.
Алматы, NEGE. Әр түрлі елден келген оқушылар «Энергия» тақырыбы бойынша инновациялық жобаларын қорғап, өнер табыстарын паш етті. Бұл сайыстан Қазақстан да тыс қалған жоқ. Алматыдағы High Tech Academy мектебі мен Қарағандыдағы Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары аттанып, бақтарын сынады.
Қазір технология мен техниканың заманы. Қажетті құралдар мен қызметтер роботтандыру жүйесіне көшіп келеді. Жер бетінің түкпір-түкпірінен дарынды балалар инновациялық жобаларға ат салысып, ғылыми жаңалықтар ашуға өз үлестерін қосып жатыр.
Біздің жеткіншектеріміз өнертабыс бөсекесінде жүлдеден құр алақан қайтпады. «Үздік инновациялық жоба» номинациясында High Tech Academy атынан барған Arturli командасы оқ бойы озық шығып, жеңіске жетті. Біздің елімізден осындай дарынды балалар шығып, Халықаралық байқауларда үздіктер қатарынан кқрініп жүргені қуантады.
Қазақстандық оқушылардың инновациялық жобасы қай бағытта?
Оқушыларымыздың оқ бойы озық шыққан жобасы энергияны үй шаруашылығында сақтаудың және қолданудың революциялық тәсіліне негізделген.
«Біз барынша зиянсыз заттарды пайдалануға тырыстық. Экологиялық зиянды әрі аса қымбат аккумуляторлы полимерлі батареяларды пайдаланбауға тырыстық. Оның орнына революциялық шешім ұсынып отырмыз, бұл гравитациялық батареялар. Мұндағы ой – күндіз өндірілген энергиядан қор жинақтап, түн мезгілінде пайдалану. Жоба үшін тереңдігі 100 метр болатын шахта әзірленіп, әрқайсысы 300 тонна болатын жеті жүк іске қосылады. Көтерілген жүктер қажет болған кезде босатылатын «энергетикалық қор» ретінде қарастырылады. Жалпы біздің жүйеміз шамамен 75 үйді тәуліктік нормамен қамтамасыз ете алады, бұл үй шаруашылықтарына энергиямен қамтылуда толықтай дербес болуға мүмкіндік береді», - делінген өз жобаларын таныстырған команда мүшелерінің сөзінде.
Қазақстандық оқушылар елімізді жан-жақты таныстырды. Әлемдік қауымдастық алдында Қазақстанда дарынды балалардың өсіп келе жатқанын көрсете білді. Оқушылардың жобасы талайларды тәнті етті. Осы орайда USTEM Robotics қорының жетекшісі Асылбек Мұрзахметов төмендегідей пікір айтты.
«Балалар сайысқа бірнеше ай бойы өте мұқият дайындалды. Олардың көпшілігі ағылшын тілін жақсы меңгерген және ұлттық аспаптарда ойнайды. Оның үстіне олардың ғылыми зерттеулері отандық университеттер профессорларының сараптауынан өткен. Байқау кезінде Қазақстанның ұлттық бұрышын тамашалаушылардың тарапынан көптеген жағымды пікірлер естідік», - делінген Асылбек Мұрзахметовтың пікірінде.
Сайысқа оқушылар кездейсоқ бара салған жоқ. Олар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткен FIRST Central Asia Орталық Азия ойындарында Western Edge Open чемпионатына қатысуға лицензия алған еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та дарынды балалардың дамуына мүмкіндік жасау керектігін нақтылап айтқан болатын. Ел болашағын тізгіндейтін білімді жастардың көбейгені қуантады.