9 Қараша 14:15
...

Елімізде эктуризмді дамытудың әлеуеті зор

Фото:

Ішкі туризмді дамыту – басым бағыттардың бірі. Ол жұмыстарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та баса назар аударып, арнайы тапсырмалар берген болатын. Қазақстанның табиғаты бай, оның алуантүрлілігі ішкі туризмді дамытуға қолайлы мүмкіндік жасап отыр.

Қазақстан аумағындағы таулар, өзен-көлдер, жазық дала мен ну ормандар туризмді дамытуға қолайлы. Әсіресе, туристер Алматы маңындағы демалысты жөн санайды. Алматы облысының табиғатын тамашалауға шетелдік туристер де көп келеді. Олардың өзгеше табиғат қызықтырады. Ішкі туризм нарығы дамып келе жатқандықтан мемлекет табиғи орындардың экологиялық жағдайына да ерекше назар аудара бастады. Соңғы жылдары экотуризм саласы жайлы көп ести бастадық. Экобелсенділер табиғат ананы қоқыстардан тазартып, туризм мәдениетін қалыптастыра бастады. Табиғат ана берген сыйды сол қалпында сақтап қана қоймай, айналасына тал егіп толықтырып отырады. Табиғи орындарда жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салынып, арнайы қоқыс жәшіктері орнатылып жатыр. Сонымен қатар туризм мәдениетін дамыту мақсатында экологиялық сауат ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол үшін арнайы бағдарламалардың жоспары әзірленген. Әрбір адам экологиялық сауатын шыңдауға міндетті. Өйткені тұмса табиғатты таза күйінде сақтау әрбір азаматтың борышы. Ол үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Өз айналаңды таза ұстаудан, табиғатқа зиян келтірмеуден бастасаң болғаны.

Сонымен қатар балаларды экологиялық мәдениетке тәрбиелеу маңызды болып отыр. Өйткені кішкентайынан біліп өскен бала, есейгенде табиғатқа өз үлесін қосатын болады. Олар үйде алған, мектепте алған білімдерін ортаға салады. Балалар табиғатқа экскурсия жасағанды, табиғаты ерекше жерлерде серуендегенді, табиғат аясына шығып, түрлі зерттеу жүргізгенді жақсы көреді. Мұндай әрекеттерге бір ғана анықтама беруге болады. Ол – экотуризм. Экологиялық туризм ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда – қорықтарда, ұлттық саябақтарда танымал. Табиғат жайлы кітаптан ғана оқымай, саяхатқа шығып қоршаған ортамен тығыз байланыс орнатса, адамның табиғатқа деген немқұрайлылығы оң көзқарасқа айналуы мүмкін.

Жаяу серуендеу кезінде баланың табиғатпен тікелей қарым-қатынас жасау процесінде алған экологиялық білімі оның қоршаған ортаны және өз денсаулығын сақтауға, ішкі мәдениетін қалыптастыруға негіз болады.

Қазіргі уақытта экологиялық туризм, агротуризм дамып жатыр. Экотуризм кезінде адамдар табиғатты тамашалап қана қоймайды, сонымен қатар оны аялауды және сақтауды үйренеді. Экотуризмнің ең кең тараған түсініктерінің бірі – адам аяғы баспаған, тұмса табиғатымен тамсандыратын көрікті орындарды аралау. Оның тарихына үңілетін болсақ, оны өткен ғасырдың 80-ші жылдары мексикалық эколог Гектор Себальос-Ласкурейн енгізген. Содан бері қалыптасып келе жатқан тұжырымдама қоршаған ортадағы экожүйенің тұтастығын сақтауға жауапкершілікпен қарауға бағытталып келеді. Адам жиі саяхаттауы тиіс, алайда оның бұл әрекеті қоршаған ортаға зиян болмауы керек.

Елімізде эктуризмді дамытудың әлеуеті зор екенін жоғарыда атап өттік. Ел аумағындағы табиғи саябақтар мен қорықтар мемлекет қорғауындағы аумақтар тізіміне енгізілген.

Қазақстанда ішкі туризм нарығы бірден болмаса да, жылдан жылға дамып келеді. Түрлі туроператорлар ерекше орындарға тур ұйымдастырып, табиғатпен етене жақын байланыс орнатып келеді. Оның барлығы ішкі туризмнің дамуына елеулі үлес қосуда. Турларды мұқият жоспарлау керек, қоршаған ортаға ең аз әсер ететін көлікті пайдалану және қалдырылған қатты қалдықтардың мөлшерін азайтып, артыңнан қоқыс тастамау керек. Ол үшін арнайы бағдарламалар, кодекстер қарастырылған. Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде туроператорлар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға экскурсиялар ұйымдастыру кезінде ескеруі тиіс міндеттемелер қарастырылған.

Тегтер: