11 Шілде 18:41
...

Шымкент: ТЖД қызметкерлеріне 40 жаңа техника мен пәтер кілттері табыс етілді

Өрт сөндіру
Фото: gov.kz

Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлеріне заманауи құрылғылармен жабдықталған жаңа өрт сөндіру техникалары мен пәтер кілттері табысталды.

Алматы, NEGE. Салтанатты іс-шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, ТЖД басшылығы мен жеке құрамы қатысты.

Тжд
Фото:gov.kz

Материалдық-техникалық базаны жаңғырту жөніндегі ведомстволық бағдарлама шеңберінде өңірге заманауи құтқару және өрт техникасының рекордтық көлемі жіберіліп, еліміздің оңтүстігіндегі ТЖМ бөлімшелерінің әлеуетін нығайтуға зор септігін тигізбек.

Өрт сөндіру техникасы
Фото: gov.kz

Шымкент қаласының әкімі азаматтық қорғау саласына жеткілікті қолдау көрсетіліп жатқанын, бұл жұмыстар одан әрі жалғасатынын атап өтті.

– Бұл бастамалар Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде іске асырылып, азаматтық қорғау жүйесін жаңғыртуға, оның тиімділігін арттыруға және қызметкерлердің жағдайларын жақсартуға бағыталған. Соңғы жылдары азаматтық қорғаныс саласында материалдық-техникалық базаны жаңартуда көптеген тындырымды істер атқарылуда. Жаңа өрт сөндіру деполары ашылды. Тағы да салынып жатыр. Өз өмірін қатерге тігіп, адал қызмет етіп жүрген азаматтарға бүгін пәтер кілттерін және жаңа формаларды табыстаймыз. Бұл ең алдымен сіздердің еңбектеріңіздің бағалануы, - деді Ғ.Сыздықбеков.

Өрт сөндіру техникасы
Фото: gov.kz

Жиында Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар министрі Ш.Әрінов жаңа техникалар халыққа қызмет ете беруіне тілектестігін білдіріп «Бұл құтқарушылардың жұмысын заманауи деңгейге көтеруге бағытталған аса маңызды қадам. Оның тағы бір дәлелі құтқарушылар қорының және жергілікті биліктің қолдауымен жаңа үлгідегі сапалы формалар берілді. Баршаңызға еңбекте табыс, отбасыларыңызға амандық тілейтінін» жеткізді.

Бүгінгі іс-шарада Шымкент қаласының қаржысынан 40 бірлік өрт сөндіру техникасы берілді. Жаңа көліктер апатты жағдайларға тез жетіп, өрт сөндіруге септігін тигізбек.

Өрт сөндіру техникасы
Фото: gov.kz

Сондай-ақ, департаменттің өрт сөндіру саласының 25 қызметкеріне жергілікті “Қамқор” бағдарламасы аясында пәтер кілттері тапсырылды. 8 жылдан бері өрт сөндіруші болып еңбек ететін Нұрболат Рахым күні бүгінге дейін отбасымен пәтер жалдап тұрып келген. Бүгін «Қамқор» бағдарламасымен 2 бөлмелі үй алды. «Әрбір азаматтың арманы бірінші кезекте үй алу деп ойлаймын. Біз де жеңілдетілген айына мөлшерлемесі де аз «Қамқор» бағдарламасы арқылы үйлі болдық. Мәселе шешілді. Бір арманымыз орындалды. Ендігі бар ынтамызды жұмысқа қоямыз дейді 2 баланың әкесі.

Шымкентте қазіргі таңда 10 өрт сөндіру бөлімі бар. Жергілікті биліктің қолдауымен биыл тағы қала аумағынан 5 бірдей өрт сөндіру бөлімі мен жаңадан құрылған Тұран ауданында үлкен типтік өрт сөндіру депосының құрылысы жүргізілуде.