26 Қараша 14:30
...

Қазақстанда электр көлікті утилизациялауға тапшылық бар

.
Фото: Фото: әлеуметтік желіден

Кейінгі жылдары әлемдік нарықта электромобильдерге деген сұраныс айтарлықтай артып келеді. Иә, электр көліктер экология үшін мінсіз көрінетіндігі рас. Олар жолда жүріп ешқандай зиянды газ шығармайды, үні де естілмейді деген пікірлер көп. Алайда бұл пікірге қарсы уәж де аз емес. Электр энергиясын өндіру процесінің өзі қоршаған ортаға айтарлықтай салмақ түсіретіні белгілі. Сонымен қатар, сарапшылар электромобильдерге арналған батареялар өндірісінің экологиялық тұрақтылығы әлі де үлкен мәселе екенін атап өтті.

Бүгінде электр көліктері іштен жану немесе дизельді қозғалтқышпен жүретін дәстүрлі автомобильдерге тиімді балама ретінде ұсынылады. Өзіміз білетін Volvo, Volkswagen, Mercedes-Benz, BMW және Audi секілді жетекші өндірушілер электромобиль өндірісін кеңейтіп, үлгілерінің санын жылдан-жылға арттырып келеді. Бұл үрдіс сатылым көрсеткіштерінен де анық байқалады. Мәселен, 2024 жылы әлемде 17 млн астам электромобиль сатылған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 20 млн асуы мүмкін. Яғни, сатылған әрбір төртінші автомобиль – электрлі. Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) болжамы бойынша, 2030 жылға қарай бұл үлес 40%-дан асады.

Еліміздегі жағдайға келетін болсақ, ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, 2025 жылдың шілдесінде 169 900 көлік тіркелген. Отын түрі бойынша көліктердің 82%-ы бензинді пайдаланады; 7% аралас отынды пайдаланады; 7% дизель отынын пайдаланады; 0,3% газды пайдаланады; 0,3% электр энергиясын пайдаланады.

Өндірістің қоршаған ортаға әсері

Сарапшылардың сөзінше, автокөлік кузовын өндіру көлік түріне қарамастан қоршаған ортаға шамамен біркелкі әсер етеді. Ал біз айтатын мәселе басқа да жатыр. Иә, көліктің жүрегі аккумулятор екендігі бәрімізге мәлім. Ал электромобильдердің аккумулятор шығару жұмысы бір жағынан өте күрделі, бір жағынан біршама қазба байлықты қажет ететінін білетіндер жоқтың қасы. Тағы бір айта кетер тұсы, қазіргі заманғы аккумуляторлардың көпшілігі литий-ионды келеді.

Литий негізінен қатты жыныс шахталарында немесе жер астындағы тұзды су қоймаларында өндіріледі. Бұл процесте қолданылатын энергияның көп бөлігі қазба отындарынан алынады. Ал олар көмір қышқыл газын бөлудің негізгі көзі саналады. Әсіресе қатты жыныстарды өндіру кезінде көмірқышқыл газының көлемі айтарлықтай жоғары. Мамандардың айтуынша, өндірілген әр тонна литийге шаққанда шамамен 15 тонна көмір қышқыл газы шығарылады.

HSE бизнес мектебінің профессоры Михаил Аким металл өндірудің қоршаған ортаға зиянды әсеріне мысал келтірді.

– Чилиде литий өндіру үшін тұщы судың орасан көлемі пайдаланылады. Ал бұл Чилиде өте құнды ресурс саналады. Әсіресе құрғақ аймақтарда жағдай күрделі. Атакама үстіртіндегі тұзды алқаптар астынан тұзды ерітінділерді буландыру арқылы литий алу жергілікті экожүйені құртып, халықты өмір сүру көзінен айырып отыр, – дейді профессор.

Аккумуляторды жасауға тек литий ғана керек десеңіз қателесіз. Литийден басқа, батарея өндірісі үшін никель, мыс, марганец және кобальт сияқты басқа да металдар қажет. Кобальттың алпыс пайызы Конго Демократиялық Республикасында өндіріледі. Бұл өндіріс тек экологиялық қатерлермен ғана емес, балалар еңбегін пайдалану сияқты әлеуметтік мәселелермен де байланысты.

Батареяларды қайта өңдеу

Автокөліктің өмірлік циклінің соңғы кезеңі – утилизация. Бұл процестің түпкі көздегені жарамай қалған ресурстарды қайта қолдану. Аккумулятор көліктің жүрегі болғанымен, утилизацияға келгенде өте қауіпті бөлшек. Сондықтан олардың утилизациясы арнайы технологияны қажет етеді.

Дәстүрлі бензинді автокөліктерде қолданылатын қорғасын-қышқылды батареяларды қайта өңдеу технологиясы айтарлықтай қарапайым. Мұндай аккумуляторлар негізінен қорғасыннан, оның оксидінен және серная қышқылынан тұрады. Өңдеу кезінде бұл компоненттерді бөлу қиындық тудырмайды. Нәтижесінде металдарды қорғасын мен мыс балқыту пештеріне жіберіліп, жаңа аккумуляторлар жасауға қайта пайдаланылады. Дамыған елдерде қорғасын-қышқылды аккумуляторлардың 98 пайызы қайта өңдеуден өтеді.

Ал литий-ионды батареялармен жағдай күрделірек. Электромобильдерде қолданылатын бұл аккумуляторлар қуатты болғанымен, химиялық құрамының күрделілігі және компоненттердің араласып келуі оларды бөлшектеуді қиындатады.

Қазақстанда электромобильдерге арналған литий-ионды батареяларды утилизациялау процесі әлі ақсап тұр. Қазіргі уақытта Алматы қаласында бір ғана қайта өңдеу зауыты жұмыс істейді, ол жылына шамамен 500 тонна батареяны қайта өңдеуге қабілетті.

Негізінен литий-ионды батареялар өрт қаупіне ие және оларды кәдімгі қоқысқа тастауға болмайды. Мамандар батареяларды бөлшектеп, құрамындағы литий, кобальт, никель және басқа құнды металдарды бөліп алады. Содан кейін бұл материалдар жаңа батареялар жасау үшін қайта пайдаланылады. Мысалы, бір автокөліктің құрамында шамамен 20 мыңға жуық бөлшек бар. Оның металл бөліктері қайта өңделсе, аккумуляторы мен май қалдықтары экологияға үлкен зиян келтіретін қауіпті элементтерге жатады. Сондықтан кез келген ел утилизацияны экологиялық қауіпсіздіктің негізгі тетігі ретінде қарастырады

Адам денсаулығына қауіп жоқ

Автоэксперт, заңгер Әділбек Орынбаевтың айтуынша, қоғамда электромобильдердің электромагниттік сәулеленуі адам денсаулығына қауіп төндіреді деген пікірлер бар.

– Бұл тақырыпқа қатысты түрлі әңгіме көп болғанымен, нақты дәлел әлі жоқ. Өйткені АҚШ, Қытай және Еуропада жүргізіліп жатқан зерттеулердің ешқайсысы “зиян” немесе “зиянсыз” деп біржақты тұжырым жасамаған.

Маманның айтуынша, электромобиль қозғалысы неғұрлым жылдам болса, соғұрлым көбірек электромагниттік өріс шығарады.

– Мысалы, ең қуатты конфигурациядағы Tesla шамамен 30 бірлік электр қуатын бөледі. Дәл нақты айта алмаймын, бірақ бұл көрсеткіш адам денсаулығына рұқсат етілген деңгейге өте жақын, – дейді ол.

Қазақстанда 200-ден астам көлікке шолу жасаған автоблогер Олжас Оқас электромобильдің адамға зиян екенімен келіспейді.

– Әзірге электромобильдің зиянын көріп жапа шеккен адамды кездестірмедім. Мен бұл алып-қашпа әңгімелерге аса көп сене бермеймін. Қуатпен жүретін көліктердің адамға емес, табиғатқа көп әсері бар екенін айтып өткім келеді. Себебі елімізде соғылған не жүруге келмейтін электрокөліктерді утилизациялайтын мекеме жоқ. Олардан бөлінетін батарея қалдықтары өте зиянды болып келеді. Сосын қазір электромобиль мейнстримге айналғаны рас. Оған мінген қазақтар өзін «eco-friendly», былайша айтқанда табиғатқа зиянымыз жоқ деп сезінуі мүмкін, алайда осы көліктерді қуаттау үшін жылу электр станциялары көмір жағып жатқанын біле ме екен?! – дейді автоблогер.

Электр көліктері бүгінде көмірқышқыл газының азаюына, қаланың ауа сапасының жақсаруына айтарлықтай үлес қосатын балама ретінде қарастырылып жатқаны сөзсіз. Дегенмен де батарея өндірісі, оны қайта өңдеу сынды процестер табиғатқа залалын тигізбей қоймайды. Сондықтан электр көлігін «экологияға толық зиянсыз көлік» деп біржақты айту дұрыс емес. Расында электр көліктерінің маңызы санында емес, олардың өмірлік циклінің сапалы жалғасуында жатыр. Утилизациялайтын орындардың көптігі экологиямызға тиімді болар еді.