Гуманитарлық көмек НЕГЕ екі ай бойы таратылмады?

03 тамыз, 14:56
Гуманитарлық көмек НЕГЕ екі ай бойы таратылмады?
Фото: ғаламтордан

Індет ел шекарасына «на конец-то» келді дегенде, үкімет кәдімгідей абдырап қалған. Төтенше жағдай жарияланып, коронавирус жұқтырғандар саны арта бастағанда-ақ басқа елдерден гуманитарлық көмек сұрауға көшті. Сол кезде Сыртқы істер министрлігі: «Біз барлық елге, соның ішінде Ресей Федерациясына гуманитарлық көмек көрсету туралы өтініш жібердік» деген еді.

Одан бері қаншама елден тонна-тонна көмек партия-партиясымен жеткізіліп жатыр.  Қысылтаяң шақта бүкіл әлем елдері бір-біріне көмек қолын созғаны қуантады. Яғни, бұл індет адамдарды ғана емес, мемлекеттерді де біріктірді деген сөз. Сонымен,  Қазақстанға қандай елдер гуманитарлық көмек көрсетті?

Қайдан көмек келді?

Қолда бар мәлімет бойынша, Қазақстанға 15-тен астам елден гуманитарлық көмек келген. Қазақстанға коронавируспен бірге наурыз айында гуманитарлық көмек те жетті. Ең алғаш болып АҚШ жеке қорғаныс құралдары тиелген гуманитарлық көмек жіберсе, Қытайдан да бетперделер, қорғаныс көзілдіріктері мен бір реттік қолғаптар келді. Ал сәуір айының басында Қытайдан вирустың бар-жоғын анықтайтын тест, жеке басты қорғайтын құрал-жабдықтар (қолғап, көзілдірік, халат) және тағы басқа заттар келді. Қытай билігінің шешімімен Қазақстанға тек орталық үкімет қана емес, аймақтық билік те қолдан келгенше көмектесті. 4 сәуір күні Ақтөбеге басқа гуманитарлық көмек жүгі түсті. Жалпы саны – 720 мың медициналық маска мен 3 мың қорғаныс костюмі жеткізілді. Дәл осы күні Алматыға Оңтүстік Кореяның гуманитарлық көмек жүгі келді. Корей билігі коронавирустың бар-жоғын анықтайтын 1000 тест берді. 

Сондай-ақ, Қытай алғашқылардың бірі болып Қазақстанға дәрігерлерін жіберді. Нұр-Сұлтанға ұшып келген 10 дәрігер 5,5 тонна медициналық құрал-жабықтарды бірге ала келген. Олар Қытайда үш айға созылған коронавирусқа қарсы күресте алған тәжірибелерімен бөлісті. Таяуда тағы бір топ дәрігер келіп-кеткен болатын.

Біріккен Араб Әмірлігі болса елімізге бір реттік қолғап, медициналық маска, бахил, антисептигі бар, барлығы 13 тонна болатын гуманитарлық көмек жіберді. Қажетті заттар еліміздің түпкі аудандарына үлестірілді. 

13 сәуір күні Польшадан көп қолдануға болатын 10 мыңнан аса медициналық маска келді. Бұған қоса гуманитарлық көмектің ішіне қазақстандық оқушылар қашықтан оқу үшін ноутбуктер қосылды.  

18 сәуір күні Үндістанда оқыған қазақстандық алты студент Алматыға келді. Дәл осы ұшақпен үнді билігі коронавирусқа қарсы күресте қолданылатын 30 мыңнан астам дәрі-дәрмек беріп жіберген.

Қазақстанға тек көрші елдер мен мемлекеттер ғана емес, жеке кәсіпкерлер де көмек қолын созып жатыр. Мысалы, сәуір айының орта тұсында Азияның ең бай адамы Джек Ма Қазақстанға 4,5 тонна болатын гуманитарлық көмек жіберді. Оның ішінде 500 мың медициналық маска, 5 мың қорғаныш киімі, 50 мың медициналық қолғап пен термометр бар. Оған қоса Джек Ма қоры және Alibaba компаниясы елімізде коронавирустың бар-жоғын лезде анықтайын  экспресс-тест пен медициналық құрал-жабдықтар салып жіберді. 

Түркияның «Nobel Ilaç» фармацевтикалық компаниясы сәуір айында Алматыға медициналық құрал-жабдықтарын жіберді. Ал мамыр айында Түркия билігі 150 мың медициналық маска, бетті және көзді қорғайтын 150 құрал-жабдық, 300 комбинезон және дезинфекциялауға арналған құралды жіберді.

Пәкістан болса, 28 сәуір күні арнайы ұшақпен коронавирусты емдеуде қолданылатын гидроксихлорохин дәрісінің 60 мың данасын жеткізіп берді.

Жапония мамыр айында коронавирусқа қарсы күресте қолданылатын 12 200 дәрі-дәрмек жіберді. Гуманитарлық көмек арнайы рейспен жеткізіліп, жергілікті ауруханаларға үлестірілді.

Катар билігі 8,5 тонна болатын гуманитарлық көмек көрсетті. Оның ішінде жоғары сапалы N95 респираторлық маскалары, арнайы киімдер, қолғаптар, қорғаныс көзілдірігі мен халаттар бар.

Маусым айында көрші Өзбекстан да көмек қолын созып, 150 мың медициналық бетперде, 2500 қорғаныс киімі, 150 мың медициналық қолғап, 1000 термометр және 440 кереует жөнелтті.

Грузия Қазақстанға 10 дана жаңа жасанды тыныс алдыру аппаратын гуманитарлық көмек ретінде жіберді. Құрылғылар Нұр-Сұлтандағы медициналық мекемелерге тапсырылды.

Вьетнам Социалистік Республикасы Ұлттық жиналысы (Вьетнам Парламенті) елімізде коронавирустың таралуына қарсы гуманитарлық көмек ұйымдастырды. Вьетнамдық парламентшілер гуманитарлық көмек ретінде жіберген жеке қорғаныс құралдары Атырау облысындағы медициналық мекемелерге жіберілді. 

Айта берсек, елімізге келген гуманитарлық көмек бірнеше қойманы толтырып тастағанға ұқсайды. Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаевтың дерегінше, елімізге гуманитарлық жүк ретінде 5 млн 200 мыңға жуық медициналық маска, өкпені жасанды желдететін 98 аппарат, 260 мың тест, 3000 мыңға жуық тепловизор мен термометр әкелінді.

«Індет тараған кезден бастап сыртқы халықаралық әріптестерімізден тиісті қайырымдылық көмекті елге жеткізу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бұл жұмыс өте ауқымды. Әрине, осы орайда ең алдымен әріптестеріміз – ҚХР, АҚШ, Ресей, БАӘ, Жапония, Түркия, Оңтүстік Корея, Катар, Өзбекстан және көптеген басқа да елдерге, ДСҰ сияқты халықаралық ұйымдарға, компанияларға, шетелдік қайырымдылық қорларына, жекелеген азаматтарға елімізге жасаған қайырымдылық көмектері үшін шынайы ризашылығымызды жеткіземіз»,  – деген Ержан Ашықбаев елге келген гуманитарлық көмектің жалпы сомасын атаған жоқ. Бірақ гуманитарлық көмекке байланысты бірнеше факторларға ерекше тоқталды.

«Біріншіден, індет жаһандық болғаннан кейін біз жұмысымызды, яғни, дәрі-дәрмек сатып алу немесе шетелден қажетті медициналық құрылғыларды, заттарды әкелу мәселесін дүниежүзіндегі үлкен бәсекелестік жағдайында іске асырып жатырмыз. Сондықтан мұны ескерген жөн. Екіншіден, гуманитарлық көмек қаншалықты ауқымды болса да, ең алдымен ең үлкен жүк Үкіметімізге, республикалық бюджетке түсіп отыр. Бірақ, ең үлкен жауапкершілігі жүгі Денсаулық сақтау министрлігіне, денсаулық сақтау жүйесіндегі әріптестерімізге түсіп отырғаны анық», – деді Ержан Ашықбаев.

Гуманитарлық көмек НЕГЕ дер кезінде үлестірілмеді?

Дәрі-дәрмек іздеп сабылған жұрт жан-жақтан келген көмектің «СҚ-Фармацияның» қоймаларында екі айға жуық жатқанын естіп ашынған. Тіпті, әлеуметтік желіде «СҚ-Фармация» ұйымы басқа елдерден келген гуманитарлық көмекті сатады деген ақпарат желдей есті. Оған аталған компания ресми түрде жауап берді.

«Мемлекеттік комиссия төтенше жағдай режимі кезінде «СҚ-Фармация» ЖШС-ны гуманитарлық көмекті таратудың бірыңғай операторы ретінде белгіледі. Яғни, дистрибьютор компания келіп түскен барлық гуманитарлық көмекті Денсаулық сақтау министрлігімен келісіп, тауарларды аймақтар арасында бөледі және компания есебінен жеткізіп береді. Біз АҚШ-тан, Қытайдан, Оңтүстік Кореядан, Жапониядан, Түркиядан, Үндістаннан, Біріккен Араб Әмірліктерінен және Пәкістаннан, ірі қазақстандық (Abdi Ibrahim, Қазатомөнеркәсіп, Bayer Қазақстан, «Текнолоджиз Қазақстан» ЖШС, «A.N.P.», ЖШС, «ABMG Expert» ЖШС)  және әлемдік компаниялардан (Alibaba Foundation, Sandoz, АстраЗенека (Уси) Трейдинг Ко., Лтд., UNISO, Miniso, China Construction Bank, Abdi Ibrahim Turkey) келіп жеткен гуманитарлық көмекті таратып үлгердік», – деген.

Алайда, 11 мамырда төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін «СҚ-Фармация» гуманитарлық көмекті тарату құқынан айырылып, ДСМ бұйрығымен 4 шілдеден бастап гуманитарлық көмекті үлестіру құқына қайта ие болды. Яғни, көмекті ел аумағында тарату үшін компанияның құзыреті болмаған. Оған себеп – індет басталғалы заңға өзгеріс енгізу қажет болған. Бұл шаруа кеш жүргізілген соң, заңнамалық деңгейде айналыса алмаған.

«Гуманитарлық көмектің сатылуы мүмкін бе?» деген сауалға: «Сақтау қоймалары бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Тауарларды қабылдау кезінде медициналық ұйымдар қатаң талаптарды сақтап, шот-фактураларды тексереді. Ал жауапты тұлғалар қабылдау-тапсыру актісіне қол қояды. Осының бәріне «СҚ-Фармация» жауап береді», – деген.

Nege.kz редакциясына елімізге бүгінгі күнге дейін басқа елдерден келген гуманитарлық көмектің тізімі келді. Оның ішінде отандық компаниялардың да аты жүр. Әсіресе, Түркия, Қытай, Дубайдан келген көмек түрінің тізімі ұсын-сонар. Ақ халаттыларға керекті дүниенің бәрі бар. Қайсыбір елді алсақ та, медициналық қорғаныш киімін көптеп жіберген. Ал шілденің соңында Германия соңғы айларда қат болған дәрі-дәрмектің жеті атасын жөнелтіпті. Мемлекеті бар, жеке компаниясы бар, 18 наурыздан бері гуманитарлық көмек 37 мәрте келген. Егер осы қажетті медициналық құралдарды, дәрі-дәрмекті дер кезінде үлестіріп отырғанда дәрігерлер де вирусты көп жұқтырмайтын еді, қаншама науқастың өмірін сақтап қалған болар едік. Сонда Үкімет, министрлік «СҚ-Фармацияның» гуманитарлық көмекті тарату құқынан 11 мамырда айрылғанын НЕГЕ білмеген? 4 шілдеге дейін НЕГЕ күтіп отырды? Әлде, көрсеткіш керек болды ма?..