1 Маусым 17:33
...

«Балбөбек – балапан, жайшы маған алақан!» атты мерекелік шара өтті

Фото:
 Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, қатерлі дертке және сирек кездесетін ауруларға шалдыққан балалар үшін «Балбөбек балапан, жайшы маған алақан!» атты мерекелік шара өтті.

Алматы, NEGE. Айтулы мерекеге арналған шараны Педиатрия орталығының басшысы міндетін атқарушы Лязат Манжуова ашып, барша қауымды мерекемен құттықтады. Жаздың алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін Балалар мерекесімен сонымен қатар, «Help Today» қоғамдық қорының директоры Эля Алиева, Жастар саясаты орталығының басшысы Мадина Меркеева мен Педиатрия орталығының №3 онкогематология бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Булабаева құттықтап, ақжарма тілегін білдірді.

          Мерекелік шара «Almaty Symphony» Алматы симфониялық оркестрінің концерттік бағдарламасымен ашылды. Әлемнің әйгілі әндері мен музыкалық композицияларын тарту еткен оркестрдің өнері көпшілікті тәнті енті. Мерекеге  елімізге белгілі әншілер Қуаныш Құрманбаев, Қарлығаш Мырзагелдиева мен  «Муза» дуэті қатысып, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

          Педиатрия орталығының дәрігерлері мен мейірбикелері дәстүр бойынша биыл да мерекелік флешмоб арқылы құттықтап, өнерлерімен кішкентай пациенттерді қуантты. Мерекеде сондай-ақ, клиниканың сегіз қырлы бір сырлы балалары: Сымбат Құрманбек өлең оқыса, Горохова Арина «Джаз» биін, Үкібай Аяжан «Достық» биін нақышына келтіре билеп, өз өнерлерін паш етті. Кеш соңында ата-аналар атынан сөз сөйлеген Бақыт Қожабеков өз алғысын білдіріп, жыр шашуын арнады.

          Шара барысында «Балалардың сурет және қолөнер көрмесі» қойылды. Балалар үшін түрлі мөлтек фильм кейіпкерлерімен фотосессиялар ұйымдастырылды. «Omirsulu» және «Гротеск» шоу агенттігі ұйымының еріктілері мен аниматорлары бүлдіршіндердің көңілін көтеріп, балалармен бірлесе түрлі ойындар ойнады.

            Мерекелік шара соңында «Help Today», «Жаңа өмір» қоғамдық қоры мен «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» бірлестігі барша балаға сыйлықтар мен тәттілер таратып, науқас балалардың жүздеріне қуаныш сыйлады. Педиатрия орталығында ем алып жатқан барлық балаға зор денсаулық, мол бақыт, бақытты балалық шақ, қуаныш пен шаттыққа толы жарқын өмір тілейміз! Балалар мерекесі құтты болсын! Ауыр дертке шалдыққан балаларға мереке, қуаныш сыйлап, аты жаман ауруды жеңуге деген сенім ұялатуға ұмтылған шараның психологиялық көмегі зор деп білеміз.

          Бұл тарапта мерекелік шараға атсалысқан орталықтың барша тәрбиешілері мен психолог мамандарына алғысымызды білдіреміз! Олар науқас балаларға ғана емес, олардың ата-аналарына да күнделікті психологиялық қолдау көрсетіп келеді.

Тегтер: