7 Мамыр 12:45

Әскери қызметін адал атқарған әділ қолбасшы

Фото:

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне ордендер мен медальдар тапсырды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде армия мен Күштік құрылымдар еліміздің егемендігі мен ұлттық қауіпсіздіктің басты кепілі саналатынын айтқан болатын. Бүгінде Қазақстанды өзге жұрттар өңірлік және халықаралық тұрақтылықтың ұйытқысы ретінде мойындайды. Әскери қызметшілер БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясы аясында өздеріне жүктелген міндетті табысты атқаруда. Полиция мен прокуратураның қызметі кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді.

– Менің тапсырмам бойынша құқық қорғау жүйесін реформалау жұмыстары басталды. Оның тиімді жүзеге асырылуы халықтың билік институтына деген сенімін едәуір арттырып, қоғамдағы құқықтық тәртіп пен әлеуметтік әділдікті нығайтуға септігін тигізеді. Еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту үшін мемлекет әскери дайындық пен Қарулы Күштерді жабдықтауға баса мән береді. Әскери қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысы өсіп, әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы біртіндеп жақсарып келеді. Әскери қызметшілерге жан-жақты қолдау көрсету мемлекеттің айрықша назарында болады, – деді Мемлекет басшысы.

Бейбіт заманның батыры атанып, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталғандардың бірі  Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы  Арман Жұмағалиев.

Генерал-майор Жұмағалиев Арман Мақсотұлы 1986 жылғы тамыздан бастап Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери борышын өтеп, 1990 жылғы тамыздан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қатарында қызмет етіп келеді.

Ол əскери жолын Орджоникидзе Жоғары əскери командалық училищесін бітіргеннен кейін взвод командирі болып бастады. Еселі еңбекпен өрнектелген өмір жолында Арман Мақсотұлы батальон командирі, полк командирі, штаб бастығы – бригада командирінің орынбасары, Бас штаб бастығының орынбасары – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығы бас жедел басқармасының бастығы сияқты маңызды командалық лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды.

2006 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетін тəмамдады. Ал 2010 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының Əскери академиясын бітірді.

2019 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен "генерал-майор" жоғары əскери атағы берілді.

Өз ісіне адал, әрекетіне әділ қолбасшы. Өңірлік қолбасшылықтың қызметтік-жауынгерлік қызмет жүйесін басқару және жетілдіруде ұйымдастырушылық қабілетімен ерекше көзге түскен. Кез келген істе байсалды әрекет етіп, дұрыс шешім шығара білуінің арқасында талай келеңсіздіктің алдын алып келеді.

Сондай жағдайдың бірі 2020 жылдың 26 ​​қарашасында болған еді. «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5546 әскери бөлімі жеке құрамының дер кезінде көрсеткен іс-әрекеттерінің арқасында Атырау қаласының түзеу мекемесінде сотталғандардың арасындағы төбелес бейбіт жолмен шешілген болатын. 

2020 жылға арналған қызметтік-жауынгерлік іс-шаралардың нәтижелері бойынша «Батыс» өңірлік қолбасшылығы ең жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, Ұлттық ұланның аймақтық қолбасшылықтары арасында екінші орынға ие болды.

Лауазымдық міндеттерін орындау кезінде қол жеткізген табыстары үшін әскери борышын өтеу кезінде генерал-майор А.М. Жұмағалиев Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ведомстволық наградаларымен бірнеше рет марапатталған.

Тегтер: