26 Қараша 17:43

Архимед Мұхамбетов аталарын түгендей бастаған ба?

Фото:

Жақында Ақтөбе облысының атқамінерлері өңір қазынасынан 43 млн теңгеге Тәйтәй батырға арнап ескерткіш қоятынын жария етті. Алайда, жергілікті халық бұған наразы. Ауыл ақсақалдары «Тәйтәй деген батыр тарихта жоқ, мұндай тұлғаны танымаймыз» десе, енді бірі ол Қостанай облысы әкімі Архимед Мұхамбетовтің арғы атасы екенін айтқан.

«Халық мынадай күйзелісте тұрғанда бюджеттен ақша бөліп, кім екені белгісіз, тегі беймәлім, ең болмаса, «пәлен жерде пәлен соғысқа қатысты» деп халық аузында айтылмайтын, не әдебиетте жоқ әлдекімге мұнша ақша бөліп, қыруар қаржыны далаға шашуға түбегейлі қарсымыз» деген Қарауылкелді ауылының тұрғындары.

Сондай-ақ, олар: «Сол 43 миллионды ескерткішке бөлгенше, неге біздің ауруханаға өкпені жасанды желдету аппаратын әпермейді? Ауруханаға келетін жолды неге салып бермейді?», – деп ашынып отыр.

Яғни, жұрт қомақты қаржыға ескерткіш орнатқанша, елдің жыртығын жамасын дейді. Жергілікті жұрттың айтуынша, тас мүсіннің құрылысы екі апта бұрын басталып кеткен. Бұл ескерткішті орнату шешімін арнайы аномастикалық комиссия бекіткен бе?  

А.Мұхамбетов

Орталық коммуникациялар қызметінде есеп берген Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке сауал қойған тілші: «Тәйтәй батыр сіздің арғы атаңыз екен. Ескерткіш салуға қандай да бір ықпалыңыз болды ма? Аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Ибрагим Ермекбаев мырзаға ұсыныс айтып па едіңіз, таныстығыңыз бар ма?» деп сұрады. 

 Облыс әкімі: «Ақтөбе облысы әкімдігінде 4 жыл жұмыс істедім. Бәрін жақсы танимын. Бірақ ескерткішке менің қатысым жоқ», – деп жауап берді.

Аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Ибрагим Ермекбаевтың айтуынша, қаржы бюджеттен қарастырылғаны рас. Ол мәслихаттың шешімімен шыққан. Жергілікті шенеуніктер де қазынадан қомақты қаражаттың бөлінгенін растап отыр. Бірақ бұл қаржы ескерткішті салуға емес, оның айналасын абаттандыруға жұмсалады деп сендірген.

Тегтер: