Экотуризм – экологиялық мәдениет көрсеткіші

Экологиялық туризм – Қазақстандағы жаңа әрі жылдам дамып келе жатқан туризмнің бір саласы. Бұл табиғи қорықтарды, ұлттық ескерткіштерді қорғауды көздейді. Демек, экологиялық туризмнің дамуы қоршаған ортаны қорғау үшін аса маңызды.
Елімізде кология саласында ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Оның маңызы зор. Қазақстандағы экотуризмнің дамуы үшін атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Dala Tour жобасының жетекшісі Бегалы Биболаттың айтуынша, елімізде экологиялық мәдениет қалыптасып келеді.
«Қазіргі уақытта экотуризмді дамытудың әртүрлі мәселелеріне көңіл бөлініп жатыр. Экотуризмді дамыту табиғаттың аса маңызды нысандарын сақтау үшін, табиғатқа залал тигізбес үшін, әртүрлі туристік жолдарды, арнайы маршруттарды құру үшін аса қажет. Экотуризм –экологиялық мәдениет. Ал мәдениетті қорғау – мемлекет азаматтарының міндеті. Туризмді дамытсақ, экологиямыз да дами түседі. Осы үшін де, қазір ауаның, судың ластануының алдын-алу жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатыр», - дейді маман.
Дегенмен, экотуризм тек туризммен ғана шектелмейді. TIES (Халықаралық экотуризм қауымдастығы) дерегі бойынша, экотуризм тек туризм емес, қоршаған ортаның жағдайын жақсарту бойынша табиғи аймақтарға саяхат ұйымдастырып, экологияны қорғау жолдарын көпшілікке жеткізу. Яғни, экотуризм – туризмді дамыту арқылы қоғаммен тығыз қарым – қатынас құру, экожүйелер түрін сақтау.
Экотуризм – елімізде ең танымал бағыттардың бірі. Себебі, Қазақстан әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді тартатын сұлу табиғаты, көрікті мекендерімен танымал. Атап айтқанда, Алтын – Емел, Іле – Алатау, Қатонқарағай, Бурабай, Ақсу-Жабағылы, Көлсай және т.б. жерлер туристердің көз айымына айналып келеді.
Экотуризмнің түрі көп. Санамалап айтсақ:
– Ғылыми түрі. Экотуризмнің ғылыми түріне көбіне зерттеу жұмыстары жатады.
– Белсенді түрі. Тауға шығу, альпинизм, шаңғы тебу, сноуборд, жүзу сынды демалыс түрлері экотуризмнің белсенді түрін қамтиды.
– Рекреациялық түрі. Бұған атқа міну, велосипедпен жүру немесе жаяу жүру жатады.
– Аграрлық түрі. Аты айтып тұрғандай, ауыл шаруашылығының өмірін зерттеу, талдау жұмыстарын жүргізу.
Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің кіші ғылыми қызметкері Ғани Назарбек Қазақстандағы экотуризмнің дамуында түйткілдер бар екенін айтты.
«Қазір адамдардың басым бөлігі серуенге шығады да, тамақ және қоқыс қалдықтарын тастап кете береді. Экотуризмнің мағынасын қарапайым халық табиғатқа шығу деп түсінеді. Алайда, бұл – түсінік қате. Экотуризм дегеніміз – табиғатты қорғаудан әсер алу», – дейді маман.
Мамандардың айтуы бойынша, шетелдік туристер табиғатты тамашалауға көбірек келеді екен. Сонымен қатар, Қызыл Кітапқа енген өсімдіктер мен жануарлар қатты қызықтырады.
«Сондықтан, ондай жерлерге дәмхана немесе қандай да бір мекемелерді салмау қажет. Керісінше, табиғатты сақтап, шетелдік экотуристерді шақырту керек. Шетелдік туристердің назарын аудартатын ең ерекше мекен – Ақсу-Жабағылы қорығы. Туристер қоқиқаздарды тамашалауға көбірек келеді. Бірақ, өкінішке орай, оларға бағыт беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізетіндер аз», - дейді Ғани Назарбек.
Экотуризмді дамытуға мамандардың тапшылығы да қол байлау. Қазір кезде экотуризммен көбіне әуесқой адамдар айналысып жүрген көрінеді.
«Бұл – өте қауіпті. Біздің елімізде «экотуризм» ұғымы болғанымен, өзі жоқ. Себебі, мамандар айналыспайды. Экотуризм даму үшін бұл іспен табиғатты зерттейтін мамандар айналысу қажет. Ботаник, географ, археолог сынды мамандықтарды тереңірек оқыту қажет», – дейді маман.
Экология, Геология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша, Қазақстандағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы ауданы шамамен 0,26 млн шаршы шақырымды құрайды. Бұл экотуризм дамыған басқа мемлекеттерге қарағанда он есе көп. Демек, бұл саланың әуелеті де он есе артық деген сөз.
Экотуризмді дамытудағы әлемдік көшбасшы мемлекет – АҚШ. Туристер саны 200 млн адамға жетеді.Ал Австралияда 60 млнға жетеді екен. Мұндай нәтижелерге шетелдік мемлекеттер көбіне заңмен қорғалатын ұлттық саябақтар мен табиғи аймақтардағы туризмді басқару жүйесі арқылы қол жеткізеді.
Бүгінде экотуризм әлемдік туризм индустриясында маңызды рөл атқарады. Дүниежүзілік туристік ұйым сарапшыларының болжамы бойынша, туристік даму әлі де жаңа қырынан ашылады. Бұл артта қалған өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық өсуді қамтамасыз етпек. Демек, экотуризм елдің туризм саласына ғана емес, экономикасына да айтарлықтай серпін береді.
Экотуризмнің негізгі мақсаты – халықтың көпшілігіне, әсіресе жастарға экология саласында тереңдетілген білім беру. Сол үшін де, қазіргі таңда жоғары оқу орындарында болашақ туризм мамандарына пән ретінде оқытылады. Экологияға аса мән беру, жастардың экология туралы сауатын арттыру ауыл шаруашылығын дамытуға, жұмыссыздықты азайтуға көмектеседі.
Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, туристік саласы дамыған мемлекеттер тізімі бойынша Қазақстан 81-орында екен. Әрине, Қазақстанда бұл сала көнеден бері ұйымдастырылып келе жатқанымен, енді ғана даму үстінде.