29 Мамыр 19:30
...

ЕЭО – 10 жыл: «Пәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ...»

Ұйым
Фото: Коллаж NEGE

Бүгін Еуразиялық экономикалық одақтың құрылғанына 10 жыл толды. Ұйымның іргесі 2014 жылғы 29 мамырда құрылған болатын. Бұл ұйымға қазір бес ел – Ресей, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Армения мүше.

Бұл ұйым құрылған кезде сол кездегі билік «дамудың даңғыл жолына түсеміз, 180 миллионнан асатын нарық ашылады» деп көп үміт етті, халықты да сендірді. Он жыл ішінде бұл үміт ақталды ма? Еуразиялық экономикалық одақтың бүгінгі мен ертеңі қандай болмақ?

Бұл туралы NEGE тілшісі қазақстандық сарапшылардан пікірін сұрап білді.

Оразалы СӘБДЕН, экономист:

Үкімет басында жүргендер осалдық жасады

Экономист
Фото: ғаламтордан

– Стратегиялық тұрғыдан қарасақ, бізге мұндай одақ керек. Өйткені, әлем елдері интеграцияға түсіп жатыр. Бірде-бір мемлекет өз бетімен, дербес дами алмайды. Ол үшін бірігу, интеграцияға түсу қажет. Стратегиялық жағынан дұрыс.

Тактикалық тұрғыдан Еуразиялық экономикалық одақтың пайдасы нашар болып тұр. Себебі, біздің министрлердің, үкімет басында жүргендер Еуразиялық экономикалық одақ құрылып, келісімшартқа қол қойғанда осалдық, бостық жасады. Мемлекеттің, елдің, жердің тағдырын терең ойламады. Мәселен, ұлттық мүддені берік қорғауы тиіс. Сондықтан бұл одақта басымдықты Ресейге беріп қойды. 

Ашығын айту керек, Еуразиялық экономикалық одақтан Ресей көп пайда көреді. Мұны айту үшін экономист болудың қажеті жоқ. Тек кіріс-шығыс туралы деректерді қарасаңыз жетеді. Пайданың бәрін Ресей алады, ал біз ұтылып жатырмыз.

Меніңше, парламенттік тыңдау өткізіп, Еуразиялық экономикалық одақтың мәселесін жіті қарау қажет. Шарттары, пайыздық қатынасы дұрыс емес екені ашық айтылуы тиіс. Осылайша, бәрін реттеу керек. Талап қою ләзім. Жаңа серпіліс берілсе, Еуразиялық экономикалық одақтың Қазақстанға да пайдасы болады.

Әрине, он жылдың ішінде ауыз толтырып айтатындай тиімділігі болмады. Одақ ретінде өмір сүріп жатыр. Бірақ Қазақстан үшін пайдасын қайта қарау керек.

Айдар ӘЛІБАЕВ, экономист:

Біз әлі кедендік төлемдердің 82 пайызын төлеп жатырмыз

Экономист
Фото: ғаламтордан

– Он жылда алдымызға қойылған мақсаттар орындалды деп айта алмаймын. Меніңше, Еуразиялық экономикалық одақ – экономикадан гөрі саяси одақ.

Тек қана экономикалық қырына тоқталатын болсақ, біз Ресейден өте көп тауар сатып алып жатырмыз. Оның ішінде шикізат та, электр қуаты да, азық-түлік те және басқа да түрлі заттар бар. Ал Ресейге біз не сатып жатырмыз? Сататын түгіміз де жоқ. Өйткені, біз ештеңе де өндірмейміз.Ал алкоголь, азық-түлік өнімдері, жеміс-жидек секілді өндірген тауарларымыз жоқтың қасы. Тіпті, соның өзіне шекарасынан әрі кіргізбеу үшін Ресей тарифтік кедергі қояды.

Ал Еуразиялық экономикалық одақтың ішінде Ресей басымдыққа ие. Бұл ел өзгелерді басып тастайды, қулыққа басады, ойын ережесін жиі бұзады. Еуразиялық экономикалық комиссиялардың, басқа да құрылымдардың жұмыс тобының отырыстарында көрпені ұдайы өзіне тартады. Сондықтан мұны терезесі тең елдердің одағы деп айтуға келмейді.

Бір ғана мысал келтіре кетейін. Кеден одағында, сосын Еуразиялық экономикалық одақта «кедендік төлемдердің 82 пайызы Ресейге тиесілі» деген бір норма бар. Біз небәрі 6 пайызын ғана місе тұтамыз. Бүгінде Ресейдің барлық шекарасы жабық. Әсіресе, Батыс елдерімен. Түрік шекарасы арқылы да тауар өтпейді. Қалғаны – Қазақстан мен Қытай ғана. Сосын Монғолия бар. Ресейге тауардың дені Қазақстан арқылы өтіп жатыр. Біз әлі кедендік төлемдердің 82 пайызын төлеп жатырмыз. Неге? Бұл – барып тұрған әділетсіздік.

Айта берсек, әңгіме көп. Өте, өте көп бағыттар бойынша Қазақстан көрер көзге ұтылып жатыр. Ресейлік шенеуніктер өз ережесін, өз нормаларын, регламенттерін, мүдделерін тықпалап өткізеді. Біздің шенеуніктер бұл қысымға қарсы тұруға қауқарсыз. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ бізге мүлде тиімді емес.