13 Қараша 08:57

Ипотека: Нотариусқа 47 226 теңгені қалай төлемеуге болады?

Фото:

Жуырда танысым пәтер сатып алды. Сатушымен келісім-шартты нотариалды конторада рәсімдеу мен растау үшін 47 226 теңге төледі.

Негізі нотаруистар осы қызметі үшін 17 айлық есептік көрсеткішке тең сома алады. Аз ба, көп пе? Меніңше, аз емес. Бірақ егер сіз ипотекаға үй сатып алып жатсаңыз, мемлекет тарапынан осыған қатысты жеңілдіктер бар екенін біле жүруіңіз керек деп жазады ИпотекаБлог.

Арзан рәсімдеуге қалай қол жеткіземіз?

Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің (Салық кодексі) 611-бабының бірінші тармағына сәйкес, егер мәміле ипотекалық несие бойынша алынған қаражат есебінен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатында жасалса, қалалық жерлерде нотариаттық операцияларды жасау үшін нотариус 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде мемлекеттік баж сомасын қабылдайды.

Сонымен қатар, «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 30-1-бабының бірінші тармағында нотариус ипотекалық несие бойынша алынған қаражат есебінен жылжымайтын мүлік алу мақсатында мәміле рәсімдеген кезде, техникалық және құқықтық сипаттағы қызметтері үшін 2 (екі) АЕК мөлшерінде төлем қабылдайды.

Қорыта келгенде, ипотека арқылы үй сатып алып, оның келісім-шартын растау кезінде нотаруис сізден 4 айлық есептік көрсеткішке тең соманы алуы тиіс. Биыл ол – 11 112 теңге.

Егер сіз ипотека бойынша үй алып жатсаңыз, банк сізге беретін кепілхатында сіздің ипотекалық несие есебінен үй сатып алып жатқаныңызды жазып көрсетуі тиіс. Осы хаттың негізінде нотариустың тек 4 АЕК көлемінде төлем алуын талап етуге болады. Оның жартысы баж ретінде мемлекеттік бюджетке төленеді, ал жартысын нотариус өз қызметі үшін алуы тиіс. Әйтпесе, сіз де нотариусқа 47 226 теңге төлеуге мәжбүр боласыз.

Өз құқығыңызды біле жүрген абзал

Қазақстандық ипотека тарихында клиенттің нотариус алдында өз құқығын сәтті қорғай білген оқиғасы тіркелген. Нәтижесінде азамат нотариусқа артық төлеген 32 825 теңгені сот арқылы қайтарып алды.

«Үйлі болыңыз және оған артық ақша шығындамаңыз», – деп қорытады автор.

Тегтер: