5 Наурыз 18:00

«Дүмпуді 17-18 секунд бұрын білді...» – Қырғызстан сейсмологтары несімен мықты?

Сейсмика
Фото: ғаламтордан

Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Сейсмология институтының мәліметінше, кешегі шамамен 6,1 балдық жер сілкінісінің ошағы Чолпон-Ата қаласынан солтүстік-батысқа қарай 35 шақырымда, Алматыдан оңтүстікке қарай 40 шақырымда, Бішкектен солтүстікке қарай 190 шақырымда болған. Яғни, Чолпон-Ата қаласында 4 балл, Бішкек, Құмтөр кенішінде және Қаракөлде 3,5 балл сезілді.

Алайда, жер сілкінісінен бірнеше секунд бұрын Қырғызстан азаматтарының телефонына магнитудасы 5,4 болатын жер сілкінісі туралы хабарлама келген. Қырғызстанның Сейсмология институтының директоры Қанатбек ӘБДІРАХМАТОВТЫҢ айтуынша, Шоң-Кемин алқабындағы жер сілкінісінің ошағында 6 балл болған және бұл өте күшті емес. Сейсмолог атап өткендей, Бішкекте жер асты дүмпулері ең көбі 3,5 баллға жеткен.

                               «Тянь-Шань тауы сейсмикалық бағытқа қарай күшейіп барады»

Сейсмолог
Қ.Әбдірахматов. Фото: vesti.kg

«Негізі, бұл – қатардағы және қалыпты жағдай. Жыл ішінде осындай 5-7 жер сілкінісі болады. Бүгінгі оқиғаның ерекшелігі бұл 1911 жылғы Кемин жер сілкінісінің ошағында болды. Ол кезде 11 балл болған еді», – деді ол.

Ал екі елдің шекарасында тіркелген жер сілкінісі жөнінде NEGE тілшісіне пікір білдірген Орталық Азия жерді қолданбалы зерттеу институтының директоры Болот МОЛДОБЕКОВТІҢ айтуынша, 18 станцияға орнатылған алдын ала ескертетін тестік жүйенің арқасында жер дүмпуін 17-18 секунд бұрын біліп, эпицентрі мен жер толқынының қалай ойысқан уақыты көрсетілген.

«Яғни, толқын Бішкек қаласына келгенше жер сілкінісін білдік. Бұл ақпаратты Төтенше жағдайлар министрлігі де дер кезінде алды. Эпицентрде шамамен 4,5-5 балл магнитуда болды. Кешегі жер сілкінісі 100 жылдан астам уақыт бұрын Шоң-Кеминдегі ошақпен сәйкес келеді.

Екіншіден, қаңтарда тіркелген жер дүмпуінің эпицентрі Қытайда 6-7 балл болып сезілді. Бұл дегеніміз – Тянь-Шань тауы сейсмикалық бағытқа қарай күшейіп барады деген сөз», – дейді қырғыз маманы.

Сондай-ақ, ол Алматы халқының көшеге шығып, жақын маңдағы елдімекендерге қашып жатқаны туралы да пікірін білдірді.

«Бішкекте ондай шу болған жоқ. Далада топ-топ боп жиналмады, жан-жаққа кетпеді. Себебі, жерглікті ТЖМ «Жер сілкінісі тіркелді, бірақ қорқынышты ештеңе жоқ» деп мәлімдеді. Мемлекеттік құрылымдар жер сілкінісі болатыны туралы сигналды уақытында алып, ақпараттандырды.

Кеше облыстық, аудандық құрылым мамандар тобы Чолпан-Ата қаласына барып, ғимараттарға зерттеу жасады. Әзірге зардап шеккен үйлер, ғимараттар туралы мәлімет жоқ», – деді Орталық Азия жерді қолданбалы зерттеу институтының директоры Болот Молдобеков.

                                «Наурыз айының соңына дейін жер сілкінісі болуы мүмкін»

Сейсмолог
Б.Молдобеков. Фото: ғаламтордан

Оның пікірінше, әлі де афтершоктар болуы мүмкін. «Себебі, мұның алдындағы Қытай мен Қырғызстан шекарасындағы жер сілкінісінен кейін афтершоктар әлі жүріп жатыр».

Ал Қазақстандағы әріптестерімен байланысы туралы сұрағанымызда: «Жақын арада сейсмикалық оқиғаны тезірек анықтау үшін желіні біріктіру жөнінде меморандумға қол қоюымыз керек болатын. Әзірге қол қойылған жоқ. Бірінші кезекте алдын ала ескертетін жүйені кеңейтіп, біріктіріп, бірыңғай кешенді жүйе етуіміз керек. Себебі, біз бір аумақта тұрамыз. Бәріне белгілі, Тянь-Шань тауы өсіп, динамикасы артып келеді. Ал тау өссе, жер сілкінісі де болады.

Тау неге өседі дегенге келсек, оңтүстіктен Памир тауы үнемі жылжып жатса, ал солтүстігінде Тянь-Шань тауының ығысуына мүмкіндік жоқ. Қазақ жері қатты болған соң, Тянь-Шань үнемі қысылып тұрады. Яғни, таудың жылжуына байланысты наурыз айының соңына дейін жер сілкінісі болуы мүмкін. Егер де жойқын жер дүмпуі туралы ақпарат түссе, тұрғындарды эвакуация жасау бойынша арнайы алгоритм бар», – деп жауап берді.

«Қытайлықтар байлық іздеп жер астын қазып жатыр, соның салдарынан жер сілкінісі көбейіп кетті» деген пікірге не дейді? «Мұндай ақпарат естігем жоқ. Бірақ жер қазса да, олай әсер етпес еді», – дейді маман.

Сейсмология институтының бұрынғы директоры, сейсмолог Таңатқан АБАҚАНОВТАН да пікір сұрадық.

                                        «Басшылықта біліксіз адамдар отыр»

Сейсмолог
Т.Абақанов. Фото: ғаламтордан

«Біз талай айттық. Жоғарыда отырған адамдарда тыңдайтын құлақ жоқ. Сейсмология институтының басшылығында сейсмология мен үтікті ажырата алмайтын біліксіз адамдар отыр. Қазір Қазақстанның сейсмологиясын осындай маман басқарады. Бұдан кейін не айтуға болады? Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановқа да айттым. Мәселе осыдан басталады. Күллі халықтың қауіпсіздігі – қандай кадр басқарып отыр және қалай жұмыс істеуде дегенге қатысты. Бұл ғылым емес, саясат. Бірақ 80-дегі адамның пікірін кім елейді?», – деді белгілі сейсмолог.

Бұдан кейін Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының басшысы Дәулет СӘРСЕНБАЕВҚА хабарласып едік, Орталық сейсмологиялық обсерватория басшысы Жансая БАҒДАТҚЫЗЫНА сілтеді.

                                          «Алдын ала толқын келе жатқанын айта алмаймыз»

Обсерваторич
Ж.Досымбекова. Фото: mobilaser.kz

«Жер сілкінісін әлемде ешкім алдын ала болжаған емес. Алдағы уақытта жер сілкінісі болмайды деп 100 пайыз сенімді түрде айта алмаймын. Жер-жерде тіркелген дүмпудің әсері бізге де сезіледі. Біз жер сілкінісін тіркеп, мониторинг жасап, өкілетті органдарға хабарлаймыз. Соңғы тіркелген екі жер сілкінісінің күші бірдей. Екеуінде де – 5 балл.

Қазақстан бойынша 70 станция бар. Мониторинг орталығы тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Сейсмостанциялар жазады, дабыл ойнайды, операторлар өңдеу жасап ТЖД-не жеткіземіз. Екіншіден, мұны ТЖМ-дегі алдын ала хабарлау дабылымен шатастыруға болмайды. Толқын келіп, станциялар тіркеген кезде дабыл ойнайды. Бұл барлық жер дүмпуін емес, Алматыға жақын 100 шақырым жердегі магнитудасы 5-тен жоғары жер сілкінісін ғана тіркейді. Ал біздің құралдар алыс-жақындағы әлсіз, күшті жер сілкінісінің бәрін қабылдап, өңдейді. Бірақ алдын ала толқын келе жатқанын айта алмаймыз.

23 қаңтардағы Қытай мен Қырғызстан шекарасындағы жер сілкінісінен бері біздің орталықта магнитудасы 5 баллдан жоғары 109 афтершок тіркелді. Оның 20 шақтысы 2-3 балл болып сезілді. Бүгінде көрші Қырғызстан мен Қазақстан интеграциялық әріптестік негізінде бір-бірінің станциясынан мәліметтер алады. Бізде де алдын ала ескерту жасайтын қондырғы пилоттық режимде Алматы қаласының маңындағы 27 станцияға қойылды», – дейді Жансая Бағдатқызы.

Оның пікірінше, ең алдымен халықтың сауаттылығын арттыру керек. «Жапонияда көбінесе ғимараттарға ғана зақым келеді. Адам шығыны аз. Себебі, тұрғындары сейсмикалық жаттығуларға қатысып, әбден машықтанып алған. Бізге де ТЖМ өткізіп жатқан сейсмикалық жаттығуына немқұрайлы қарамау керек. Алматы қаласы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандықтан оқу орындарында, білім мекемелерінде арнайы сабақтар өткізіп, дайындау қажет. Әсірекөріпкелдерге сеніп, «мына күні болады екен» деген пікірді таратуға тыйым салмаса, халықтың ғалымдарға деген сенімі азаяды. Біздегі ғалымдар қарап отырған жоқ, Қытайға, Жапонияға барып тәжірибе алмасып, біліктілігін арттырып жүр», – деді сейсмолог.

Екі ел мамандарының пікірінен ұққанымыз – сейсмологиялық зерттеу саласында да, халықты ақпараттандыру бойынша да Қырғызстан көш ілгері тәрізді. Себебі, кеше елімізде әлеуметтік желіде жалған хабарламалар желдей ессе, Қырғызстанның интернет сайттары жер дүмпуі тіркелгені туралы ақпаратпен шектелді.