5 Мамыр 16:37

Дос Көшім: «Бесінші колонна» бет-пердесін ашып, ояна бастады

Фото:

Әлеуметті әлеуметтік желі алаңдата бастады. Соңғы кездері сепаратистік пиғылдағы қазақстандықтар ашық бас көтеріп жатыр.

Максим Яковченко деген біреу: «Орал, Петропавл, Павлодар және басқа да жерлерді Ресейге беру керек. Өйткені, бәрі құрып жатыр. Жат жерліктер билікте. Жат жерліктер бәрін бүлдіріп жүр. Көшіп-қонуға бой үйреткен маймылдар айналаны ластап жатыр», – деген жазба қалдырған.

Мұның қоғамда ашу-ыза тудыруы түсінікті жайт. Бұл ілкі оқиға емес. Соңғы кездері осы тақілеттес жайттар жиі кездесетін болды. Саясаткер Дос Көшім осындай келеңсіз жайттың астарына үңіліп, таразылап берді.

Фото: ТАСС

– Қазір қазақстандықтардың арасында әлеуметтік желіде «Орал, Солтүстік Қазақстан – Ресейдің жері» деген сөздерді ашық жазуы жиілеп кетті. Тіпті, тұрмыстық кикілжің кезінде бір жезқазғандық әйел Ресейдің жерінде тұрып жатқанын айтқан. Бұған Ресейдің Украинаға басып кіруінің қаншалықты ықпалы бар?

– Менің ойымша, мұндай пікір олардың ойында бұрыннан бар. Тілінің ұшында жүрді. Ресей мен Украина арасындағы жағдай тек қанат бітіріп отыр. Шовинистік пиғылдағы, кеңес дәуірін аңсайтын көп азаматтардың ойында жүр. Оны талай жерде естідік. Көрдік. Өз басым оған таң қалмаймын.

Бұған қарсы тұратындай не амал бар?

– Мемлекет мұны тоқтатудың жолын іздеуі тиіс. Нақты заң қабылдауы керек. Ұлтаралық дүрдараздық қоздыратын бапқа жатқызу керек пе, жоқ әлде Қазақстан азаматтығынан айырып, қуып шығу керек пе? Алдымен осының ара-жігін ажыратып алу қажет. Қысқасы, әлемдік тәжірибе бар. Ешбір ел өз азаматтарына мұндай сөзді айтқызып, қарап отырмайды.

Қарапайым азаматтық деңгейде жауап беріліп жатыр. Кейбір жігіттер барып, кешірім сұратып жатады. Бұл ­– ыңғайсыз әрі өте қауіпті мәселе.  Заңсыз жазаға тарту ретінде көрінеді. Өркениетті елдерде мұндай жағдайға жол берілмейді.

Осы мәселе бойынша мемлекет өз сөзін айтуы тиіс. Осы мәселеге қатысты мемлекеттің де нақты ұстанымы болуы керек. Бірақ оны көрмей отырмын.

«Бұл – Ресейдің ресми адамдарының сөзі емес, жай адамдардың, журналистердің, депутаттардың сандырағы», – деп құтылып жатыр. Ал «қазақстандық азаматтардың сепаратистік пиғылы үшін заңды түрде қандай жаза қолданылуы керек?» деген мәселеге жауап берілген жоқ.

– Сепаратистік пиғылын ашық білдірген адамдар кешірім сұраумен шектеліп отығанына не дер едіңіз?

– Жергілікті азаматтар қыспаққа алып, кешірім сұратып жатқанын айттым. Мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс нәрсені азаматтардың қолына беріп қою жақсылыққа апармайды. Бұл Ресейдің де қытығына тиеді. Қазақстандағы шовинистердің де шамына тиеді. Ашу-ыза туғызғаннан басқа ештеңеге жарамайды.

Билік «мұндай азаматтардың Қазақстанда тұруына бола ма, жоқ па?» деген сұраққа жауап берген жоқ.

Мұның бір ғана жолы ­– заң аясында жазаға тарту. Мәселе соттап жіберуде де емес. Азия елдеріндегі ең ауыр жаза – сол елден, сол қаладан қуып шығу. «Сен бізбен тұрғың келмесе, басқа жаққа бар. Сенің аяқ-қолыңды сындырмаймыз. Бірақ сен бұл қоғамда өмір сүре алмайсың» дегендей.

– Ресей Қырымды алған күні ертеңіне кейбір БАҚ-тар «Бұдан кейін қазақ тілін оқимай-ақ қойсақ болады» деген тақырыппен  көлдей мақала басты. Жалпы, сепаратистік көңіл-күйдің күшеюіне ақпараттық саламыздың Ресейдің көлеңкесінде қалып қоюы да түрткі болып отырған жоқ па?

– Мұның көп әсері жоқ деп ойлаймын. Көп адамдар осыған сілтегісі келеді. 1996 жылы Нұрболат Масанов этно-тілдік мониторинг жасап, ауқымды ғылыми зерттеу жүргізген. Сол жерде орыстілді қазақстандықтардың 86 пайызы Қазақстанды «отаным» деп танымайды екен.  Бұл мәселе сол күйі сақталып қалды.

Бұған да мемлекеттің кінәсі бар. Осы уақытқа дейін «бір тіл, бір мемлекет, бір бағыт» деген ұғымдарды ұстанған жоқпыз. Айқайшылдардан үркіп, аралас сыныптарды ашып беріп те жатыр. Біз әлі күнге дейін кеңестік менталитетпен қалдық. «Ұлттар достығының лабораториясы», «толеранттылық» деген сөздерді айтудан жалықпай келеміз.

«Бұл ­– қазақ мемлекеті, қазақ жері, қазақтың тілі» деген мәселелерді мемлекет алға шығарған жоқ. Бұл ­– соның көрінісі ғана. Жаңа нәрсе көріп тұрғаным жоқ.

Теріс пиғылды азаматтармен қоштасу керек. «Сау бол» деуден тартынбау қажет. «Бұл ­– сіздердің таңдауларыңыз. Бірақ бұл таңдаумен қазақ жерінде тұруға болмайды», – деп заң жүзінде ашық айтылуы керек.

– Осындай мәселелерге көз жұма қарау түбі бір үлкен жанжалға әкеп соғуы мүмкін бе?

– Бәрі осыдан басталады. Украина мен Ресей арасындағы соғыс та,  Германияның көрші елдерден жер даулауы осындай «ұсақ-түйек» нәрселерден басталған. Алдымен айқайшылдар, сепаратистік бағыттағы адамдар бой көрсетеді. Халық «мұның аузын жаптық» деп, терең бойламай қоя салады.

Бұл – агрессияның, не жаулық пиғылдың басы. «Бесінші колонна» бет-пердесін ашып, оянып жатыр. Бұл табиғи түрде ме, жоспарлы түрде ме, ол жағы көмескі. «Артымызда Ресей тұр» деп күшіне сенгеннен кейін осылай әрекет етіп жатыр.

Әңгімеңізге рахмет!

Тегтер: