28 Ақпан 13:02
...

Дінге келген жастардың іштей радикалдануына не себеп?

экстремизм
Фото: ғаламтордан

Елімізде дін саласындағы саясат қай деңгейде? Діннің мемлекет құраушы фактор ретінде маңызы қандай? Әлеуметтік тұтастық пен ішкі тұрақтылықтың кепілі бола ала ма? Дін – қоғамды біріктіретін идеология ма?

Кез келген мемлекет діни саясатты да қатар алып жүреді. Дін – әрбір азаматтың ішкі сенімі. Оған қол сұғуға ешкімнің қақысы жоқ. Алайда, зайырлы мемлекет қалыптастыруда өзіндік қағидаттар мен заңнама аясынан шығу – заңға қайшы. Мәселен, діни саясаттың басты бағыты – ұлтаралық келісімді сақтау, экстремизм мен терроризм қаупіне қарсы күресу, зайырлылық қағидаттарды негізге алу.

Десек те, бүгінде дінді желеу етіп, ұлттық дәстүр құндылықтарынан бас тарту ерекше сипат алғаны жасырын емес. Әсіресе, оң мен солды айыра білмейтін жастар түрлі жат ағымның жетегіне еріп, адасып та жүр. Бұл олардың бойына әбден сіңісіп кетпей тұрғанда алдын алып, тура жолға салу – қоғамның міндеті. «Дін – мемлекеттен» бөлек десек те, мемлекет пен діни саясаттың тоғысатын жері де осы. Екеуі де ел бірлігі мен тұтастығын сақтай отырып, діни алауыздықты тудырмауға үндейді.

Адамзат пайда болғалы адамгершілік құндылық пен сенім де қатар жүрді. Әр адам қай дінді ұстанып, қай дінге сенетінін өзі шешеді. Әу баста жерге, күнге, аспанға табынған адамзат қоғам ілгері дамыған сайын, өркениетке қадам басты. Сенім мен иманның жүректе екенін білгенде ғана жер бетінде адами құндылықты бәрінен биік қойып, жоғары бағалайтын заман туды.

радикал
ғаламтордан

Елімізде діни саясатты жүргізетін заңнамалық құжат бар. Онда бәрі егжей-тегжейлі жазылған да. Атап айтқанда, адамның ар-ождан бостандығы, діни сенімі, құқығы жайында Ата заңнан бөлек, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда, сондай-ақ «Экстремизмге қарсы іс-қимыл» туралы заңдық құжатта да кеңірек тәптіштелген. Одан бөлек елдегі діни тұтастық пен бірлікті нығайту бағытында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Дін істері комитетінің атқаратын шаруасы шаш-етектен.

 Қазақстанда қызмет етіп келетін кейбір діни бірлестіктерді арнайы тексеруден өткізіп, жұмысын қадағалау да маңызды. Себебі, дінді желеу етіп, деструктивті мақсатқа пайдаланып жататын жағдаяттар да жоқ емес. Бүгінде елімізді ғана емес, бүкіл әлем терроризм мен экстремизмге қарсы күресті күшейткен. Неге десек, бұл тұтас мемлекеттің, ұлттың қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін өзекті мәселе. Қайсыбір мемлекетті алсаңыз да, бұдан ешкім қорғалмаған.

Әртүрлі сыртқы және ішкі жаудың бірлесіп әрекет етуінен туындайтын мұндай қайғылы оқиғалардың дені азаматтық қоғам мен өркениеттің дамуын тежейді. Сондықтан қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бір үстелдің басында жиналып, конфессияаралық диалог жүргізудің оң нәтиже беретінін елімізде талай мәрте өткізілген діндер өкілдерінің басқосуы дәлел болды. Кез келген зайырлылықты мансұқ ететін қоғам ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін әрдайым ақпараттық-түсіндіру жұмыстары арқылы біліп, ақ-қарасын ажырата алады. Дегенмен, адамгершілік құндылық пен патриоттық рухты көтеруге байланысты ағартушылық, танымдық жұмысты тоқтатуға болмайтынына көз жеткізіп келеміз.

дін
ғаламтордан

Дін саласы бойынша жүргізіліп отырған саясатқа қалай жүзеге асуда? Жат ағымдардың терең тамыр жаюына қарсы қандай амал-әрекет жасалып келеді? Соңғы кезде миссионерлік діни әдебиеттердің жиі тәркіленуіне не себеп? Біз осы сауалдарды дінтанушы Мұхиддин Исаұлына қойдық. Оның пікірінше, кез келген мемлекеттің дінге қатысты саясаты болады. «Ар-ождан бостандығы заңдылығына орай демократиялық бағытта жүргізіліп отырған саясатқа оң баға бере аламын. Алайда, көрші мемлекеттерге қарасақ, оларда заңның қатаңдатылған тұстары бар. Бәлкім, біздегі дінге қатысты заңнамалық құжаттарды қайта қарап, тәртіп пен талапты күшейту керек шығар. Өйткені, таяуда ғана діни тұрғыда пікір білдіретін психолог жастар арасында уағыз айтқыштардың ерекше көбейгенін тілге тиек етті.

Кез келген ғылым, мәселен физика, астрономия, медицина саласы туралы әңгіме қозғалса, оған ешкім пәлендей жауап қатпайды. Ал діни мәселеге келгенде бәрі білгіш, бәрі шешен. Екінші бір топ – дінге қарсы шығады. Атап айтқанда, тәңіршілдер, атеистер бүгінгі таңда Ислам дініне әбден дұшпан болып алған. Ендігі бір жастар өздерін радикал санайды. Былай қарағанда, сырты – ханафи, ал зерттей келе іші – салафи. Осы тұрғыдан келгенде жастардың арасында уағыз айтқыштар жетерлік. Меніңше, мұның бәрі осы қалпында тұра бермейді.

Тәртіп күшейетін кез туады. Соңғы кезде еліміздің діни мәселеге қатысты біраз дүниені қолға алып, реттеуге көшкені белгілі. Мұның арты қысымға айнала ма десек, осы кезге дейін Қазақстан даласын емін-еркін аралап, миссионерлік бағытын жүргізген ағымдар көп болды. Оның өзінде де қысым бола қойған жоқ. Ата-баба жолынан безіп, әртүрлі діни ұстанымға бет тұрған жастарды тәртіпке келтіретін жұмыс аздап болса да жүзеге асып жатқандай көрінеді. Бұл – дұрыс. Бірақ түптің-түбінде тәртіптің орнайтыны анық. Кейінгі уақытта мемлекеттік саясаттың тамырын ұстап қарағанда жүйелі түрде соға бастағанын байқағандаймыз», – дейді Мұхиддин Исаұлы.

дінтанушы
ғаламтордан

Сондай-ақ, дінанушы елдегі жат ағымдардың әрекетіне қатысты: «Жат ағымдар кімдер? Бізде радикал ағымына жатқызып жүрген – салафизм (такфиризм) бар. Қазір Ұлыбританиядағы штаб-пәтері жабылып қалды. Сауд Арабиясында да діни кітаптарын таратуға тыйым салып, басында тұрған шейхтардың қамауға алынып жатқаны туралы оқыдым. Әлемдік алпауыт елдер ұстанған саясаты бойынша салафизмді алып тастады. Біздің елде де бұл ағым тым қатты көтеріле қоймайды. Қолдан жасалған жасанды нәрселер болуы мүмкін.

Былайша айтқанда, бұл радикалды ағымдар қайраңда қалған балық секілді. Демек, қарқыны басылды. Ислам әлемінде ғасырлар бойы келе жатқан сүннеттік бағытқа қарсы екі теріс ағым бар. Біреуі – харажиттер (салафиттер), екіншісі шиғалық пікірдегі адамдар. Соңғысына қатысты келгендердің әрекетіне тосқауыл қойылып, дер кезінде елден аластатылды. Бірақ өздерін сырттай ханафи мәзһабын ұстанатындарға жатқызады. Яғни, «қой терісін жамылған қасқыр» секілді. «Жау жоқ деме, жар астында» демекші, бұлар дінді теріс көрсетіп жүр.

 Кейбір жастардың ұстанатын бағытын зерттей келе салафит екеніне көз жеткізесіз. «Бұл қаншалықты қауіпті?» десеңіз, бұл ашық салафизммен салыстырғанда әлдеқайда қауіпті. Ашық салафиттер елден оқшауланып жүреді, ал жасырын түрде әрекет ететіндер халықтың ішіне еніп кетеді. Соның салдарынан елдегі дінге келген жастардың іштей радикалдануы кездеседі. Алайда, мемлекет мұны түсінді. Өйткені, алманың ішіне құрт кірсе, күндердің күнінде жарып шықпай ма? Сол сияқты еліміз де оларға қарсы реакция көрсетер еді. Ал егер осы жүріспен кете берсе, ата-баба ізінен адасып, қазақылықты мойындамайды. Қазақтың тарихын, салт-дәстүрін жоққа шығарады. Түбі мемлекетке қауіп төндірмей қоймайды. Осы тұрғыда ұлттық дәстүрлі идеология ауадай қажет. Мемлекет тәртіп орнату үшін миссионерлік діни әдебиеттерге қатты мән беруде. Одан бөлек интернет желісінде діни үгіт-насихат жүргізіп жатқан топтардың жұмысын шектеуге ден қойылды. Бұдан кейін де тәртіп қатаңдатыла береді ден сенемін. Өйткені, діни мәселе мемлекеттің саясатының астарында жатыр. Демек, дұрыс ұлттық идеология жүргізбесек, көп нәрседен кешеуілдеп қалуымыз мүмкін», – деп жауап берді.