27 Мамыр 19:04

«ДИМАШ ағамның УӘДЕСІН күтіп жүрмін» – Еліміздің ең жас композиторы халықаралық деңгейге көтерілгісі келеді

Фото:

Қазақстанның ең жас  композиторы Нұрали Бейсеқожа он жеті жаста. Скрипка мен фортепианоның тілін қатар меңгерген жас өнерпаз төрт жасында танымал композицияларды еркін ойнай бастаса, бес жасында авторлық туындысын жарыққа шығарды.

NEGE  тілшісі болашағынан көп үміт күттіретін Нұрали БЕЙСЕҚОЖАМЕН тілдесіп көрді.

Естуімше, бес жасыңнан бастап авторлық туынды жаза бастаған екенсің. Алғашқы әуенің қалай туындады және кімге арналды?

– Менің ағаларым да музыкант. Үйде бір бөлмеде солардың аспаптары тізіліп тұратын. Бірақ күйсандыққа ешкім қол тигізе бермейтін. Бір күні бұл қандай аспап екен деп айналсоқтай бастадым. Сөйтіп, уақыт өте келе тілін меңгеріп алдым. Алғашында теледидардан естіген музыкаларды түсірдім, кейін көп ұзамай анама арнаған алғашқы туындым жарық көрді.  Шешем көзіне жас алып, ақ батасын берді. Содан бастап күйсандық менің айнымас серігіме айналды.

– Сенің отбасыңдағы алты баланың үшеуі музыкант екен. Бұл өнер сендерге кімнен дарыған?

– Өз басым анам жағынан да, әкем жағынан да музыкаға жақын адам болғанын естімедім. Бәлкім, табиғат берген талант болар. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, артқысы солай жүреді» дейді ғой. Менің өнерге деген құштарлығым ағаларым арқылы оянған тәрізді.

– Нұрғиса Тілендиев атамыз «әуен жазарда күмбірлеп құлағыма күй» келеді деген екен. Ал өзің қайдан шабыт аласың?

– «Жақсымен бірге өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей» деген ғой. Мен шабытты жаны жайсаң жақсылармен әңгімелескенде аламын. Табиғатты тамашалау да тамаша туынды тудыруға негіз болады.

Содан кейін күнделікті жаңалықтарды оқып, еліміз бен алыс-жақын шетелдегі жағдайлардан хабардар болып отырамын. Соның бәрі ой сүзгісінен өткен соң, музыка тілімен сөйлетемін.  

Біз аумалы-төкпелі заманда өмір сүріп жатқандықтан, халыққа оңай тиіп жатқан жоқ. Сондықтан қолымнан келгенше әдемі әуендер жазып, жабырқаған көңілдерді қуантуға тырысамын.

– Пандемия кезінде халықты қолдау мақсатында «Үміт сәулесі» және «Шипа» атты әуен жазсаң, Украина мен Ресей арасындағы мәселеге байланысты «Соғыссыз әлем» атты туынды тарту еттің.  Тағы қандай жанға батар жағдайды музыка тілімен жеткізгің келеді?

– Қаңтар оқиғасы көкірегімді қарс айырды. Күңірендім, жүрегіммен жыладым. Бірақ ол кезде мен Түркияда жүрген едім. Қолымнан келер лаж болмаса да қиналған жандарға қанатымен су себетін қарлығаш болсам деп тіледім. Жақынынан, жалғызынан айырылып, жылаған жандарға жұбаныш болсын деген ниетте «Ақ пен қара» атты туынды жаздым. Фортепианоның клавиштері сияқты ақ пен қара қатар алмасқан өмірде түн артынан күн туады деген оймен жас тамған жанарларды әуенмен жұбатқым келді.

– Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектеп-интернатының шәкірті екенсің. Білім ордасын бітірген соң қайда қанат қағу жоспарың бар?

– Санк-Петербургтегі музыкалық оқу ордаларының бірі грант беретінін айтқан. Іштей қазақтың қара домалағын қалай қабылдай қояр деген алаңдаушылық болды. Сондықтан ол ұсыныстан бас тарттым. Оқу бітіруіме әлі бір жыл уақыт бар. Сондықтан білімімді қайда ұштайтынымды әлі ойластырамын.

– Поп музыкаға қалай қарайсың?

– Әрине, қатарластарымның рэп, рок және поп музыкалар тыңдайтыны рас.

Бірақ шынымды айтсам, мен ондай әндерге аса қызықпаймын. Бірақ мүлде тыңдамаймын деп те айта алмаймын. Мәселен, Майкл Джексон мен Билли Айлиштің орындауларын қосып қоятыным бар.

Шопеннің шығармалары да көңіл тебірентеді. Ал Димаш Құдайберген ағамның әндерін жиі тыңдаймын.

– Димашпен бірлесе біраз талант коллаборация жасап көрді. Сенде ондай ой жоқ па?

– Алматыда соңғы рет концерт берген кезінде фанаттарымен кездесу болды ғой. Сол кезде Димаш ағама арнаған «Әлемнің жарық жұлдызы» атты туындымды орындадым. Алғысын айтқан ол алдағы концертіне мені қатыстыратынын айтты. Менің күйсандықта сүйемелдеуіммен Димаш ағаммен бірлесе орындап шықсам деген ниетте бір ән жазып бастағаным бар. Сол қуанышты күнді, Димаш ағамның уәдесін асыға күтіп жүрмін.

Димаш Құдайберген. Фото: ғаламтордан

– Қазіргі таңда цифрлық музыка белең алып отырғаны белгілі. Қалай ойлайсың, диджейлер тудырған туындылардың өміршеңдігі бар деуге келе ме?

– Жалпы айтатыным, әр адамның тыңдайтын әні оның психологиясына тікелей әсер етеді. Мысалы, өз басым рок музыка тыңдасам ішкі жан дүнием астаң-кестең болғандай әсерде боламын. Яғни, қабылдай алмаймын деген сөз. Кейбір жандар тыңдап отырған өзге тілдегі әннің мағынасын білмеуі де мүмкін.

Сорақысы сол, қазір бейәдеп сөздер қосылған туындылар трендке айналды. Ал оның ертеңгі күні тыңдаушының лексиконына айналмасына кім кепілдік береді. Сапалы әуен сананы стресске салмай, керісінше жанға шипа есебінде әсер етуі қажет.

Сондықтан замандастарыма айтарым, рухани тұрғыдан жұтылмайын десеңіз, тыңдайтын әндеріңіздің мән-мағынасына жіті мән беріңіз. Сайрағанның бәрі бұлбұл емес.

– Сен жазған туындыларды терапия есебінде науқастарға тыңдататын дәрігерлердің барын естіп едік...

– Пандемия кезінде жекеме АҚШ-та тұратын бір дәрігерден хабарлама түсті. Оқысам, жазған туындыларымды жіберуімді өтініпті. Себебін сұрап едім, коронавирус дертінен нашар жатқан науқасқа амалы қалмаған соң өзі жиі тыңдайтын менің бір туындымды қосып қойғанын, көп ұзамай әлгі адамның дертінен айығып, қатарға қосылғанын алға тартты.  Дәл осындай хаттар Корея, Жапония сынды музыкатерпаияны қолданысқа енгізген елдердегі тыңдармандарымнан жиі келеді. Соған қарағанда музыканың жанға шипа болары рас па деймін.

Денис Тен. Фото: ғаламтордан

– «Аққан жұлдыз» атты композицияңның Денис Тенге арналғаны рас па?

– Иә, Алматы қаласында Денис Тенді еске алуға арналған шаралардың біріне шақырту алған едім. Сонда өмірден ерте өткен спортшыға арнаған туындымды орындадым. Анасы маңдайымнан сүйіп, батасын беріп, алғысын айтты.

– Ал Генадий Головкин «GGG» атты туынды барынан хабардар болар?

– Бірнеше күйдің авторы Ғаламат ағам жазды. Ал мен арасына күйсандықтың үнін қостым. Сөйтіп, еліміздің атын асқақтатқан спорт шеберіне қолдау білдірдік. Күйді өзіне тыңдатқызсын деп ағасының жеке электронды поштасына жібердік. Бәлкім, тыңдаған да болар. Біздің мақсат – еліміздің туын көкте самғатқан батырларға тілекші болу ғой.

– Ағаң Ғаламат екеуің Германияда концерт беріп, шетелдегі қандастарды қуантқан едіңдер. Енді қай елдің сахнасында өнер көрсетпек ойларың бар?

– Бұйырса, алдағы күзде Астана мен Алматы қаласында  үлкен концерт берсек деп отырмыз. Егер мүмкіндік болса ары қарай өзге қалаларды аралап, турнеге ұластыру ойда бар. Бұдан соң АҚШ-тың түрлі штаттарына барып, концерт бергіміз келеді. Себебі, өнерімізді желі арқылы тамашалап жүрген жер-жердегі тыңдармандарымыз арнайы барып, концерт беруімізді сұрап жатады.

– Ол жоспарды жүзеге асырудың жолы оңай емес болар?

– Қазір шама шарқымыз жеткенше шақырған жерлерден қалмай, өнерімізді ортаға салып жүрміз. Бірақ, ел аралап Қазақстанымыздың атын асқақтата түссек деген арманым бар.

Тегтер: