18 Ақпан 19:23
...

Дәулет Мұқаев: Елімізде 3,5 млн адам тегін онкологиялық скринингтен өте алмаған 

Онкологиялық аурудың алдын алу
Фото: Парламент мәжілісі

 Денсаулық сақтау саласында шешімін таппаған мәселе шаш етектен. Халық қалаулылары кейбір назардан тыс қалған түйткілдерді «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізуге тырысты.

Ертең Мәжілістің жалпы отырысында қаралатын заң жобасына енгізілген ұсыныстар жөнінде Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, жұмыс тобының жетекшісі Дәулет Мұқаевтан сұрадық. 

– «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданғаны белгілі. Яғни, артық заңнамалық регламенттеуді болғызбауға және денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге бағытталған құқықтық нормаларды көздейтін жобаның басты артықшылығы не?

    – Заң жобасы 2024 жылғы 25 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасында Денсаулық сақтау министрлігінің жекелеген құзыреттерін оңтайландыру мақсатымен оларды заңнамалық регламенттеуді, сондай-ақ оларды кейіннен заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерде регламенттеуді алып тастау ұсынылады. Атап айтқанда, уәкілетті органның мынадай құзыреттері алып тасталады:
- денсаулық сақтау саласындағы нұсқаулықтарды, алгоритмдерді және регламенттерді әзірлеу және бекіту;
- денсаулық сақтау саласында мониторингті жүзеге асыру;
- денсаулық сақтау саласындағы көрсеткiштердi қалыптастыру әдiстемесiн әзiрлеу және бекiту және басқалар.

    – ​Елімізде шамамен 950 мыңдай есту қабілеті нашар адам өмір сүреді екен. Оның ішінде 150 мыңға жуық азаматтың мүлде саңырау болуы мүмкін. Тіпті, олардың мүгедектік алуы да қиын. Қарапайым құлақ есту аппаратына ие болудың өз мұңға айналғанда жаңа заң қандай көмек бере алады?

    – Депутаттар заң жобасымен жұмыс істеу барысында заң жобасының нормаларын біршама пысықтады. Осылайша, мүгедектіктің профилактикасы және есту функциялары бұзылған адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатымен әкімдіктердің жергілікті бюджет есебінен есту қабілеті бұзылған және мүгедектігі жоқ адамдарға медициналық көрсетілімдер бойынша қамтамасыз ету, есту-протездік көмек көрсетуі жөніндегі нормалар ұсынылады. Яғни, құлақ есту аппаратын жергілікті әкімдік өз қаражаты есебінен алады. Мұның өзі мұқтаж жандарға көмек болады деп сенемін.

    – Қазір денсаулық сақтау мекемелері скринингтік зерттеулер өткізіп жатады. Бұл әсіресе, соңғы жылдары өршіп кеткен онкологиялық дертті анықтауға септігін тигізеді. Алайда, өзіңіз айтқандай халықтың басым бөлігі, яғни 3,5 млн адам МӘМС жүйесіне ақша төлемегендіктен тегін скринингтен өте алмайды. Бұл мәселені көтеруге сайлаушыларыңыздың пікірі себеп болды ма?

   – Біз бұл мәселені әбден зерттеуге тырыстық. Одан бөлек белгілі бір орында жұмыс істемейтіндер МӘМС-ке өздігінен ақша төлемейді. Шамамен 3,5 млн адам. Алайда, олар мемлекет тарапынан ұсынылатын тегін скринингтен де қағылады. Халықтың нысаналы топтарын скринингтік зерттеулермен толық қамтуды қамтамасыз ету үшін заң жобасында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін қызметтер тізбесіне онкологиялық ауруларды ерте анықтауға скринингтік зерттеулерді енгізу ұсынылады. Яғни, заң мақұлданса, сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар скринингтік зерттеулермен қамтылатын болады.

   – Жалпы, денсаулық сақтау саласындағы қордаланған түйткілдер қаржы бөлініп, талап күшейсе де, азаяр емес. Неге деп ойлайсыз? 

  – Заң жобасында Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағындағы Ғылыми-зерттеу институттарына резидентураны даярлау бағдарламалары бойынша, ал бейінді бағыттар бойынша докторантураны даярлау бағдарламалары бойынша медициналық ЖОО-мен бірлесіп оқытуды дербес іске асыру құқығын беру ұсынылады.

   –  Осы заң жобасындағы қандай өзгерістер құмар ойындар мен олардың жарнамасына шектеу қояды? Осы жөнінде қысқаша тоқталып кетсеңіз?

 – Заң жобасымен жұмыс шеңберінде букмекерлік кеңселерді немесе тотализаторларды жарнамалауға тыйым салу бөлігінде бірқатар түзету енгізілді. Атап айтатын болсақ, спорттық іс-шараларды өткізу кезінде спорт ғимараттарының ішінде орналасқан жарнаманы қоспағанда, ғимараттар мен құрылыстарда. Сонымен қатар букмекерлік кеңселер мен БАҚ-тың интернет-ресурстарындағы айрықша спорттық бағыттағы жарнаманы қоспағанда, онлайн-платформаларда және басқа да БАҚ-та, ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларына.
Екіншіден, депутаттар бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталған немесе шартты түрде сотталған адамдардың құмар ойындарға қатысуына тыйым салу жөнінде түзету енгізді.
  Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Екінші оқылымнан кейін Сенатқа өтеді. Содан кейін Президент қол қойса, денсаулық сақтау саласында біраз оң өзгеріс орнайтынына сенемін.