29 Қараша 17:19

Дархан Сатыбалды: Облыстың республикалық бюджетке тәуелділігін азайтуды мақсат тұтып отырмыз

Фото:

ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды брифинг өткізіп, журналистердің сауалдарын жауап берді. 

Өзге облыстармен салыстырғанда Түркістан өңірінің халқының табысы төмен. Брифинг барысында NEGE тілшісі осы мәселеге қатысты Дархан САТЫБАЛДЫҒА сұрақ қойды. 

Облыс әкімінің айтуынша, өңірде табыстың төмен болуының бірнеше себебі бар.

«Иә, бұл сұрақ маған үнемі қойылады. Жалпы ішкі өнім бойынша Түркістан облысы былтырғы жылдың қорытындысында 12-орында. Ал жан басына шаққандағы табысы 20-орында. Әрине, бізде халық санына байланысты барлық табысты, көрсетілген қызметті есептейтін болсақ ішкі өнім әжептәуір көрсеткіш көрсетеді. Ал оны халық санына бөлген кезде табысы төмен болып кетеді. Оның бірнеше себептері бар. Бірінші кезекте, өздеріңіз де білесіздер Оңтүстік Қазақстан облысы болған. Сол кезде негізгі өндірістің барлығын Шымкент қаласына шоғырландырған еді. Қазіргі таңда облыс бөлініп, орталығы Түркістан қаласы болғаннан кейін де халықтың 80%-ы ауылдық жерде тұрып жатыр. Қазіргі таңда біз облыс орталығының қалыптасуына ат салысып, көптеген нысандардың құрылысы аяқталып, мемлекеттік органдарды көшірдік. Ендігі кезекте өндіріске бет бұруымыз керек», – деді Дархан Сатыбалды. 

Өңірде өндірісті дамытуға басымдық беріледі. 

«Біз талдау жасадық. Өңірдегі экономикалық жағынан белсенді азаматтардың 23-25%-ы ауыл шаруашылығы саласында қызмет етеді екен. Ал дамыған елдерді алып қарайтын болсақ, бұл салада ең көп дегені 2-3%-дың арасында. Батыс Еуропа, АҚШ-ты алып қарайтын болсақ, ол жерде технология дамыған. Сол себепті экономика секторында ауыл шаруашылығынан түсетін табыс ең төменгі болып есептеледі. Екіншіден, біздегі халықтың 30%-ға жуығы саудамен айналысады. Ол саланың да табысы төмен. Біз жаңадан құрылған облыспыз. Мысалы, Арыс және Кентау қалалары да ауылдық жер болып есептеледі. Сондықтан 90 пайызы ауылдық жерде тұрады деп айтуға болады. Қазір бір ғана үлкен өндірісіміз де бар. Ол «Қазатомөнеркәсіпке» қарайтын кәсіпорындар. Ол жерде біздің тұрғындардың 1%-ы ғана жұмыс істейді, және оның бізге айлық көрсеткіш, табыс жағынан беріп отырған әсері жоқ. Біз Қазақстанның даму Банкіне бірнеше жоба бойынша ұсыныстар айтып, несие алуды және өндірісті жолға қоюды жоспарлап отырмыз. Мен баяндамамда атап өткендей, келесі 5 жылда өзіндік кірісті 100 миллиардқа арттыру, өндірісті дамытуға басымдық беру жоспарда», – деді облыс әкімі. 

Түркістан облысы дотациялық  аймақтар қатарынан қашан шығады? Кіріс көздерін ұлғайту бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? Тілшіміз қойған екінші сауалған Дархан Сатыбалды төмендегідей жауап қайтарды. 

«Біздің Түркістан облысын аграрлық аймақ деп айтуға болады. Себебі, халықтың басым бөлігі ауылды жерлерде тұрады. Ауыл шаруашылығында жұмыс істегеннен кейін табыстары төмен. Ендігі біздің басты мақсатымыз өндірістік бағытты дамыту. Олай етпесек, кіріс те, табыс та аз болады. Екі жолды қарастырып отырмыз. Ол – өндіріс орындарын ашу, екіншіден салық базасын көтеру. Ол үшін Салық департаментімен бірлесіп жұмыс істеп отырмыз. Әрбір аудан, әрбір елдімекенде нысандарды қайтадан бағалау жасап, сол жерден түсетін салықтан жергілікті бюджетті арттыру қарастырылып жатыр. Осылайша облыстың республикалық бюджетке тәуелділігін азайтуды мақсат тұтып отырмыз», – деді Дархан Сатыбалды. 

Тегтер: