22 Тамыз 19:00
...

Qostanai Investment Forum 2025: Жасанды интеллектен цифрлық трансформацияға дейін

ЖИ
Фото: Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

21-22 тамыз күндері Қостанай қаласында Qostanai Investment Forum 2025 өтті. Бұл шара өңірде цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу және жоғары технологиялық жобаларға инвестиция тарту мәселелеріне арналған ең ірі алаңға айналды. Форумға мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, бизнес өкілдері мен IT-индустрия қатысушылары жиналды.

Форум қарсаңында өңірдің цифрлық әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жобалар іске қосылды. Соның ішінде ұялы байланыс базалық станцияларының екінші кезеңі басталды. Бұған дейін, өткен жылдың желтоқсанында жүзеге асқан алғашқы кезеңнің нәтижесінде облыстың 15 ауылында тұрақты мобильді байланыс орнатылған еді. Жаңа бастама шеңберінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен Beeline Қазақстан компаниясы басшыларының бірі Рауан Қабдрахимов телекоммуникация желісін дамыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Облыс әкімінің айтуынша, бұл жоба мемлекет пен бизнестің серіктестігі нәтижесінде жүзеге асып отырған қадам, әрі ол аймақ тұрғындарын бірыңғай цифрлық кеңістікпен толыққанды байланыстыруға бағытталған.

21 тамызда Qostanai Hub базасында стартап қауымдастыққа арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Дәстүрлі Pizza Pitch форматында жас кәсіпкерлер өз идеяларын сарапшылар мен инвесторлардың назарына ұсынды. Бұдан бөлек, Forbes журналының «30 under 30» тізіміне енген табысты жастармен кездесу өтті. Кездесуге EasyTap платформасының негізін қалаушы Мағзұм Төлеш, спорттық бағдарламалау федерациясының бас хатшысы Адина Магавина және IGPS Tech компаниясының негізін қалаушылардың бірі Мирас Байжігіт қатысты. Бұл шара өңірлік технопарктың IT-жобаларды дамытудағы және инновациялық бастамаларды қолдаудағы маңызын тағы бір мәрте көрсетті.

Форумның басты бағдарламасы 22 тамызда KIA Qazaqstan зауытында өтті. Мұнда аймақ кәсіпорындары әзірлеген цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектке негізделген жобалар ұсынылған технологиялық көрме ұйымдастырылды.

ЖИ
Фото: Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пленарлық сессияны сарапшы Рахым Ошақбаев ашып берді. Талқылау барысында цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытудың негізгі мәселелері қарастырылды. Құмар Ақсақалов өз сөзінде Қостанай облысында ЖИ-дің бірнеше бағытта қолданылып жатқанын атап өтті. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізілуде. Әкімнің айтуынша, аграрлық салада «ақылды ферма» тұжырымдамасы енгізіліп жатыр, ал коммуналдық шаруашылықта жылу желілерін құбырішілік диагностика әдісі арқылы бақылау қолға алынған.

Жиында шетелдік және отандық сарапшылар сөз сөйледі. Қазақстандағы ЕО елшісі Алешко Симкич 2025 жылғы 1 тамызда күшіне енген Еуроодақтың жасанды интеллект туралы жаңа заңына тоқталып, бет-бейне тану, болжамды талдау және генеративті технологияларды реттеу нормаларын түсіндірді.

Ал Цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун Astana Hub пен оның бөлімшесі Qostanai Hub-тың аймақтағы рөліне тоқталды. Ол Startup Garage бағдарламасы аясында Қостанай облысы өтінім саны бойынша республикада үшінші орынға шыққанын хабарлады. Ал «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров «жасыл» энергетика, цифрлық технология және өнеркәсіп саласындағы инвестиция тарту жолдарын ұсынды.

ЖИ
Фото: Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин ұлттық бейнемониторинг жүйесі, AI-Mektep білім платформасы, орман өртіне қарсы дрондар мен басқа да AI жобаларын таныстырды. Өз кезегінде KIA Qazaqstan зауытының бас директоры Ким Дэ Ки өндірісте 70-ке жуық робот енгізілетінін мәлімдеді. METOS компаниясының өкілі Sergiu Smocinschi ауыл шаруашылығында цифрлық деректердің рөлін түсіндірсе, IT-компаниялар қауымдастығының президенті Ирина Сулименко «цифрлық ветеринар» жүйесінің тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, Мағзұм Толеш EasyTap онлайн-сервисін таныстырып, оның бөлшек сауда мен HoReCa секторындағы уақытша қызметкерлерді табуға көмектесетінін атап өтті.

Qostanai Investment Forum 2025 өңірдің цифрлық трансформация бағдарламасының маңызды белесі болды. Форум Қостанай облысының тек цифрлық технологияларды енгізіп қана қоймай, стартаптар мен инвесторлар үшін қолайлы экожүйе қалыптастырып жатқанын көрсетті. Бұл бастамалар аймақтың инновациялар саласында көшбасшы болуға ұмтылысының айқын дәлелі болды.