14 Қыркүйек 16:05
...

Дархан Мыңбай, Мәжіліс депутаты: Алтынбектің қазасына қатысты ақиқат айтылуы керек

Фото:

Жуырда Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі туған ауылындағы мектепке берілді. «Саяси қастандыққа қатысты қылмыстық іс қайта қаралуы мүмкін» деген сөз де айтылып қалып жүр. Бұл нені білдіреді? Бұрынғы биліктің тұсында жасалған қанқұйлы қылмыстардың қайта қаралуына «Жаңа Қазақстанды» жасаушылар пәрмен бере ме?

NEGE тілшісі А.Сәрсенбайұлының қайраткерлік тұлғасы және оған жасалған саяси қастандық турасында Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбаймен тілдесті.

А.Сәрсенбайұлы мен Д.Мыңбай. Фото: Д.Мыңбайдың желідегі парақшасынан алынды

 – Қазақтың ардақты азаматы, сіздің замандас-досыңыз Алтынбек Сәрсенбайұлы 60 жасқа толар еді. Саяси тұлғаның аты аталғанда ел есіне оған жасалған саяси қастандық та қатар түседі. Одан бері он алты жылдан асса да, жазылмаған жара сияқты сыздап тұратыны содан ба екен...

– Бұл – жеңіл-желпі айтыла салатын емес, үлкен  жауапкершілікті қажет ететін мәселе. Уақыт өткенде шындықтың бәрі ашылады. Оқиғалар тарихта қайта қаралады. Халықтың жадынан өшіруге келмейді ондайды. «Аққа құдай жақ» деген рас. Дін жағынан, адамгершілік тұрғысынан алсақ та, бұл ақиқат айтылуы керек деп ойлаймын.

– Өзіңіз де айтыпсыз, «Алтекеңді жоқтау – есе жіберген ұлтымыздың парасатты ұлын, есті перзентін жоқтаумен бірдей» деп...

– Иә, сол жерлеуден келгенде анам айтып еді, «уақыты келгенде ештеңе тасада қалмайды, бәрі ашылады» деп. Екеумізді талай тамақтандырған жан еді. Ол кісі де өмірден өтіп кетті.

Алтекеңнің 60 жасқа толар жылында оған мектептің аты беріледі деп кім ойлаған, мысалы? Бұл тарих – бір адамның тағдыры. Және ол – жай адам емес. Тек оның атын әртүрлі топтар, жат біреулер өз пайдасына қарай бұрып, пайдаланып кетпеуі керек. Не үшін біз оны сағынамыз? Не үшін халық оны жақсы көреді? Өйткені ол халықтың жоғын жоқтады.

Сол кезеңде қағаз жетіспей, көп газеттер жабылып қалып жатты. Өзі Баспасөз министрі болып тұрған кезінде тәуелсіз ақпарат құралдарын сақтап қалуға тырысты. Ол оңай болған жоқ. Тәуелсіз елдің іргетасын бекітуге атсалысып, Қазақстанның есесін еш жерде жібермеуге тырысты.

А.Сәрсенбайұлы. Фото: ratel.kz

– «Ел азаматтарының бақытты һәм бақуатты өмір сүруі үшін күрестік... Бәріне де уақыт пен халық төреші» деген еді қайраткер. Бұл сөзін келер ұрпаққа аманат деп есептеуге бола ма?

– Меніңше, оның жазған-сызғандарын қайтадан қарап, мұқият зерттеген жөн. Демократиялық, ұлттық құндылықтар – бір-біріне жақын ұғымдар. Соның барлығын халықтың игілігіне айналдырғысы келді ғой.

Алтынбектен айырылу оның ата-анасы мен бала-шағасына, жақындарына қандай ауыр болса, ұлт үшін де сондай ауыр болды. Елі сүйер бір перзентті жоғалтып, ұлт есесін жіберіп алғандай болдық. Оның қоғамдық-саяи орны бәрібір көрініп тұрады, сол үшін де оның аты айтыла береді. Оған ешкім тыйым сала алмайды. Өйткені ол мемлекетке, халқына сатқындық жасаған жоқ. Ата-анасы мен достарын да ұятқа қалдырған жоқ.

– Сол үшін де саяси қастандықтың құрбаны болды емес пе?

– Иә, дұрыс айтасыз. Оның батылдығы сол – қай жерде де өз пікірін, принципін қорғай білді. Сөйте тұра, өзінің жеке бас пайдасын емес, ұлт пайдасын жоғары қоятын. Бәрі өзінің түп негізі, тәрбиесі, адамдық болмысынан болды деп ойлаймын.

Мәскеуде жүргенде әр ұлттың өз мықтылары келеді ғой, солармен талай айтысып-тартысып жүретін. Сол кездегі қалыптасқан ішкі қағидаттарын кейін мемлекеттік қызметке кіріскен кезде де сақтап қала білді. Лауазымына, жоғарыда отырған орнына тәуелді болса, ол ақиқатты айтпас та еді.

Алтекеңнің атын халық ұмытқан жоқ, тіпті жастардың өзі оны үлгі тұтады. Өйткені ол: «Қандай іс жасасақ та, балаларымыздың болашағын ойлауымыз керек, солар үшін жасауымыз керек», – дейтін. Бұл – қазақтың «ертең ұрпағым ұялмайтындай ғұмыр кешейін» дегені сияқты ой. Сол дәстүрлі саясатты басты ұстаным етіп алды.

– Алтекеңнің адамгершілік қасиеті туралы да айтатындар көп. Бұл туралы не айтасыз?

– Менің одан үйренген бір жақсы қасиет болды. Ол өзінің танысы болсын-болмасын, тіпті қарамағындағы қызметкері болсын денсаулық мәселесіне келгенде, бәріне көмектесуге дайын тұратын. Бірде-бір рет ауырып, жағдай айтқан адамға көмектесуден бас тартқан емес.

Кейін ойлап қарасам, ақша, дүниеден бұрын адамға керегі денсаулық қой. Осы адамгершілік қасиетін мен де өзіме үлгі етіп алдым.

– Қазірде саясаткердің көзін көргендер, замандастары мен шәкірттері лауазымды қызметтерде отыр. Соның ішінде сіз де барсыз. Қайраткер ұстанған қағиданы қызметте қолданып жүрсіздер ме?

– Тіпті онымен бір кезеңде жүрген адамдар да сол қызметті жасады деп айта алмаймын. Олардың принциптері басқа. Ал оның шәкірттері қолынан келгенше жасап жатыр. Өзінің білімі, әлі жеткен жерге дейін. Оның қашан жүзеге асатыны белгісіз. Дегенмен, Алтынбектің сайлаудың ашықтығы, БАҚ өкілдерінің еркіндігі туралы айтқан ойлары болашақта жүзеге асады деп ойлаймын. Соған сенемін.

– Ал өзіңізді саяси аренада принциптеріміз бір деп айта аласыз ба?

– Олай айта алмаймын. Бірге оқып, бір нанды бөліп жегенімізбен, өмірдің екі тармағымен жүрдік қой. Мемлекеттің мүддесін әркім өз саласы, өз әрекеті бойынша қорғады. Бір принципте болмасақ та, ортақ тұстарымыз көп.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Әсем Құлманова, Астана.

Тегтер: